«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»: СУРЕТШІНІҢ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ
Қаладағы қылқалам иелерінің рухани мекеніне айналған көркемсурет галереясының қоры жылдан жылға байып келеді. Биылдың өзінде мәдени нысан 120 туындымен толықты. Келушілер саны да артыпты. Әсіресе, жастардың қызығушылығы ерекше. Бұл тұрғыда олардың сырлы өнерге деген құштарлығын арттыру мен оның қыр-сырын меңгертуге бағытталған түрлі шаралар қолға алынып келеді.
Аталмыш бағыт бойынша көркемсурет галереясында «Туған жерге тарту» тақырыбымен Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мәлік Қайдаров жастарға портреттік жанрда шеберлік сағатын өткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып ұйымдастырылған бұл шараға қызығушылық танытқан талантты жастар қатары қалың. Белгілі қылқалам шебері бекзат өнерге бейімі бар әрбір жасқа бағыт-бағдар беруге қашанда даяр екендігін жеткізді. Айта кетейік, сырлы бояуынан талай кереметті тудырған өнер иесі Алматыдағы Н. Гоголь атындағы суретшілер училищесін, одан кейін Мәскеудегі В. Суриков атындағы институтты үздік тәмамдаған. Республикалық, халықаралық деңгейдегі көрме-байқауларға бірнеше мәрте қатысып, өнері жоғары бағаға ие болған. Бүгінге дейін «Бегім ананың арманы», «Құс жолы», «Сағым», «Триумвират», «Дала әуендері» жеке көрмелерін ұйымдастырып, өнерсүйер көпшілік назарына ұсынған. Сондай-ақ, суретшілерге арнап жарық көрген әдістемелік құралдары да бар. Қылқалам шеберінің туындылары қазір Қазақстанмен қатар Ресей, Дания, Швейцария сынды шет мемлекеттер галереясында тұр.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА