ӨНЕРІН ӨМІРІМЕН ӨРНЕКТЕГЕН
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерге орай Қазалы ауданы Бозкөз ауылдық мәдениет үйінде аудандық әншілер байқауы өтті.
Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар халықаралық көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері, «Жігер» фестивалінің лауреаты, мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспанованың репертуарындағы бір әнді орындалса, екінші кезеңде қазақ композиторларының әндері шырқалды.
Үміткерлердің өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Олар талапкерлердің әнді орындау шеберлігіне, сахна мәдениетін игеру қабілетіне, киіну үлгісіне баса назар аударды.
Сынға түскендердің ішінен Бозкөл ауылының тұрғыны Әйгерім Иманғалиева дауыс ерекшелігімен, орындау шеберлігімен ерекшеленіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Қазалы қаласының намысын қорғаған Еркін Құдабаев жүлделі бірінші орынды иеленді. Екінші орын иегері болып Мәншүк Сәденова (Бірлік ауылы) мен Жұлдыз Нұрлыбаева (Әйтеке би кенті) танылды. Ал үшінші орынды Назгүл Бақытқызы (Лақалы ауылы), Ғабит Сүттібаев (Сарбұлақ ауылы) және Қожабақы ауылынан қатысқан «Қожабақы» триосы өзара бөлісті.
Сондай-ақ, Басықара ауылынан Айтолқын Іскендір, Түктібаев ауылынан Әмір Сариев және Жанқожа батыр ауылынан Қаршыға Қалымбетов «Көрермен көзайымы» номинациясымен және қатысқан бір топ өнерпаздар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.