Оқушылар арасында «Сүйікті қалам – Қызылорда» атты сайыс өтті
Kyzylorda-news.kz. Дүниежүзілік туризм күніне орай қала мектептері оқушыларының қатысуымен туристік фестиваль өтті. Шараны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бәсекеге қабілет бағыты бойынша ұйымдастырды.
Қазір облыстағы Қорқыт ата кешені, «Байқоңыр» ғарыш айлағы еліміздің ғана емес, шетел жиһанкездерінің басын қосатын, басқаларға ұялмай көрсететін нысан екені белгілі. Жаңақорғандағы шипажай да еліміздегі медициналық туризмнің дамуына үлес қосып келеді.
Мектеп оқушыларына арналған фестивальдің мақсаты – отандық туризмнің маңыздылығын түсіндіру. Бірнеше жылдан бері фестиваль студенттер арасында өтсе, осы жолы алғаш рет оқушылар арасында ұйымдастырылды. Бұл күні олар облыстық тарихи-өлкетану музейі, Тұңғыш Президент паркі, теміржол вокзалын аралап, тарихымен танысты. Сондай-ақ, сол жағалаудағы Жастар орталығында «Сүйікті қалам – Қызылорда» тақырыбында шығарма жазып, сурет салды.
Туризм – экономиканы дамытудың тетігі, табыс көзі екені белгілі. Алдағы уақытта да жастар арасында туризмнің маңыздылығын түсіндіру, дамыту мақсатында туристік нысандарда шаралар ұйымдастырылатын болады.