Қызылордалық жас баяншы Италиядағы халықаралық байқауда топ жарды
Kyzylorda-news.kz. Сырбойылық жас баяншы Абылайхан Абайұлы Италияда өткен халықаралық аккордеоншылар байқауында топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әйгілі композиторлардың бірнеше шығармасын орындаған Абылайхан 5 дәреже бойынша сынға түсті. Әсіресе, Құрманғазының күйі Кәрі құрлық тыңдармандарын тәнті еткен. Баяннан құйқылжыта саз төккен аралдық дарын иесі классика жанры бойынша үздік атанса, «Виртуоз юниор» номинациясында екінші орын алды. Түймелі аспаптың тиегін дөп басуды үйреткен ұстазы Әсия Боранғұлованың жетекшілігімен Абылайхан енді Францияда өтетін фестивальға шақырту алып отыр.
«Әрине, конкурс өте қиын болды, қобалжу да болды. Мұндай конкурсқа бірінші рет шығып отырмын. Әр елден қатысушыларды көріп, барымды салып, өз-өзімді барынша көрсетуге тырыстым. Құрманғазының Бозқаңғыр күйін орындадым. Баянға өңдеп түсірген Алексей Ефременко. Шетелге конкурсқа шыққанда қазақтың шығармаларын орындауға тырысамыз. Қазақ өнерін барынша көрсетуге тырысамыз», - дейді Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенті Абылайхан Абайұлы.