Аралда облыстық жас ақындар айтысы өтті
Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында жастар жылына орай белгілі айтыскер ақын, термеші, әуесқой композитор Ниятолла Раманқұловты еске алуға арналған «Ақиқат жырдың арнасы - Аралдың Ниятолласы» атты облыстық мектеп оқушылары арасындағы жас ақындар айтысы өтті.
Жыр додасының ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып, Ниятолла Раманқұловтың өмірі мен шығармашылық жолына тоқталды. Сонымен қатар, дәстүрлі өнерді дәріптеп, ойлы өлең шалымды шумақ құрап келген сөз зергерлеріне сәттілік тіледі.
Мұнан соң облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының қызметкері, жырау Берік Саймағамбетов сөз алып, жас айтыскерлерге ізгі лебізін білдірді.
Сөз жүйрігін даралайтын додаға Арал ауданымен қатар Шиелі, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарынан келген 12 жас ақын қатысып, сынға түсті.
Көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген жас ақындар Ниятолла Раманқұловтың шығармашылығын тақырыпқа арқау етіп, көпшілік көрерменді өнерлерімен тәнті етті.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені қазалылық ақын Бекзат Серіков жеңіп алды. Жүлделі I орынды Қызылорда қаласынан келген Нұржігіт Биқожа қанжығасына байласа, аралдық ақын Ерасыл Сейітжанұлы II орынды, жалағаштық ақындар Дидар Өмірзақ пен Динара Берікқызы III орынға ие болды.