Қызылордада Тәуелсіздік күніне орай жас ақындар мүшайрасы өтті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қоры «Мақтанышым, айбарым, желбіре, көк байрағым!» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасын өткізді.
Байқауға 16-22 жас аралығындағы Қызылорда қаласы мен аудандарда, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында іріктеуден өткен, барлығы 16 талапкер қатысты.

Байқау қорытындысы бойынша М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Бексұлтан Санақұл Бас жүлдені жеңіп алды. Жаңақорған ауданындағы С.Сапарбеков атындағы №124 орта мектептің 11-сынып оқушысы Сержан Айтжан І орынды, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті Шернияз Жалғасбекұлы ІІ орынды, Жалағаш ауданындағы №114 орта мектептің 9-сынып оқушысы Мерей Бауыржанқызы ІІІ орынды иеленді.
Ынталандыру сыйлығына Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Аружан Ахат, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 2-курс студенті Сәния Жақыпова және Шиелі ауданындағы №150 қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ердәулет Қалиев ие болды.
Байқау жеңімпаздары басқарманың дипломы және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.