«QAZAQSTAN» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ КӨКТЕМГІ МАУСЫМЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин Ұлттық арнаның көктемгі телевизиялық маусымымен таныстырып, 2017 жылдың негізгі жетістіктерін атап өтті.
Қазақтың төл өнерін дәріптейтін «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық жобасы мен 8 мемлекетте тікелей трансляция арқылы көрсетілген «SilkWayStar» мегажобасы көрермендер арасында жоғары бағаланып, өткен маусымның басты жаңалығы болды.
Сондай-ақ, 2017 жылы «Парасат майданы», «1 студия», «Басты тақырып», «Мәселе», «Елден хабар» және т.б қоғамдық-саяси және ақпараттық-сараптамалық жобалардың саны артып, көрерменге жол тартты.
Сонымен қатар, Ұлттық арна мемлекеттік маңызы жоғары түсірілімдер мен тікелей трансляцияларды жүзеге асырды. Атап айтсақ, 2017 жылғы Қысқы Универсиада, Әскери шеру, халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуы мен жабылу салтанаты, ҚР Президентінің қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған еліміздің 26 нысанын қамтыған телекөпір.
«Өткен жылы контентті жаңарту барысында әлеуметтік жобалардың саны артып, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың форматы өзгерді. Ең бастысы, өзіміздің ішкі телеөнімнің үлесі 80%-ға өсті. Біз әрі қарай да контентті жаңарту жұмыстарын жалғастырып, сапалы туындылардың санын арттыруға атсалысамыз», - деді Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Ұлттық телеарнада жаңа телевизиялық маусым дәстүр бойынша наурыз айының басынан басталмақ. «Qazaqstan» телеарнасынан бірнеше жаңа жобалар мен телехикаялар көрерменге жол тартады. Бұрыннан келе жатқан танымал жобалардың жүргізушілері ауысып, жаңа форматта шыға бастайды. Енді «Түнгі студияны» актер әрі сықақшы Қайрат Әділгерей жүргізсе, «Сенбілік шоудың» тізгінін Тұрсынбек Қабатов ұстайды. Сондай-ақ, жаңа маусым аясында ақпан айында эфирге шыққан «Бақытты әйел» ток-шоуы қыз-келіншектер арасында үлкен сұранысқа ие болып келеді.
Алдағы уақытта еліміздің тарихынан сыр шертетін «Алаш ақиқаты» бағдарламасы, «Бала көңілі» атты балалар тәрбиесін қозғайтын гуманитарлық-ағартушылық жоба, «Жүрсіннің жүйріктері» атты ақындар айтысы шығатын болады. «Жүрсіннің жүйріктері» бағдарламасының қазылар алқасы қатарында белгілі өнер қайраткерлері – қазақ киносының майталманы, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші әрі композитор, ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, профессор, ғылым докторы Намазалы Омашев пен ҚР Халық ақыны Асия Беркенова бар. Ал, жобаның басты қонағы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын және журналист Жүрсін Ерман.
Сонымен қатар, Ұлттық арна жас аудиторияны арттыру мақсатында, қызықты әрі ерекше «Q-pop Idols» атты жобаның тұсауын кеспек. Бұл жобаның жетекшісі – белгілі музыкант, продюсер Ерболат Беделхан.
Жаңа маусым аясында сондай-ақ, бірқатар жаңа отандық телехикаялар ұсынылатын болады. 26 наурызда Алаш зиялыларының жиырмасыншы ғасырдың басында Тәуелсіздік жолындағы тағдырын баяндайтын «Тар заман» телехикаясы эфирге шығады. Одан бөлек, көрермендер «Туған жер», «Сүйе білсең-2», «Жараланған жүректер», «Іңкәр жүрек-3» және т.б телехикаяларды тамашалайтын болады.
Өздеріңізге белгілі, биыл Қазақ телевизиясы 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы айтулы мереке қарсаңында «Qazaqstan» телеарнасы бірнеше іс шараларды өткізіп келеді.
«Ұлттық арнада әр жылдары көптеген танымал тұлғалар, зиялы қауым өкілдері еңбек етіп, Қазақ телевизиясының дамуына зор үлестерін қосты. Олардың атқарған еңбегін ұмытпау – біздің парызымыз. Ақпанның басынан бастап, әр жексенбі сайын Ұлттық арнаның «Алтын қорында» сақталған, кезінде көрерменнің көңілінен орын алған бұрынғы бағдарламаларды эфирге шығаруды ұйғардық. Сондай-ақ, «Таңшолпан», «Дара жол», «Келбет» және басқа да бағдарламаларда отандық телевизия ардагерлерінің қатысуымен арнайы шығарылымдар жарық көреді. Мұнымен қоса, көрермендерге тосынсый ретінде бұрынғы тележурналистер мен дикторлар жүргізуші ретінде эфирге шығатын болады», - деді Басқарма төрағасы Е.Қарин.