ӨНЕРДЕ ЖОҚ ШЕКАРА
Соңғы жылдары Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары шет мемлекеттерде де өнер көрсетіп, Сыр руханиятының өрісін танытып келеді. Өнер ұжымы үстіміздегі жылдың 2-11 наурыз күндері аралығында Ресей Федерациясының Орынбор қаласындағы қандастарымызға арнап «Наурыз–танец весны» атты мерекелік концерт қойып қайтты.
Гастрольдік сапар аясында Сыр өнерпаздары бұдан бөлек бірнеше аудандарды да аралады. Атап айтар болсақ, Соль-Илецк, Димитровский, Новоорск, Ясный, Светлый, Адамовка, Беляевкада өнер көрсетіп, елдің қошеметіне бөленді. Орындаушылар «Томирис» би ансамблі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Гүлфира Әлиханова, Гаухар Бисекенова, Ринат Үсенов, Бекзат Молдабергенов және жырау Марат Сүгірбай өнеріне қол соқты.
– Орынбор қаласындағы қазақтар жылда өнер ұжымын құшақ жая қарсы алады. Наурыз мерекесі қарсаңындағы бұл шара дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Біз де бағдарламамызды түрлендіріп, жаңа дүние көрсетуге тырысамыз. Осы сапарда біздің «Томирис» би ансамблі қазақтың ұлттық биі мен өзге ұлт өкілдерінің биін нақышына келтіре орындады, – дейді облыстық филармония директорының орынбасары Әзиза Іздіқұлова.
Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтың, бірлік пен татулықтың одан әрі нығая түсуіне атсалысқан өнер ұжымы орынборлық ағайындарға Сыр елінің ғана емес, қазақ халқының ыстық ықыласын да жеткізді.
Бұған дейін «Томирис» би ансамблі Түркияда, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында өткен Наурыз мерекесінде өнер көрсеткен еді. Түркияда өткен түркітілдес елдердің Наурыз мерекесіне арналған өнер фестивалінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы дипломымен марапатталды.