ЕР-ТҰРМАН ДАУЫН ЕКІ АУЫЗ СӨЗБЕН ШЕШКЕН БИ
Ертеректе Сыр бойында Қаналы болыс болып тұрған кезде ер-тұрман құнын өндіріп алу жөнінде билер кеңесі өтіпті. Оны шешуге осы өңірдегі белгілі билерден Досбол датқаның баласы Әуез, Жаппас руынан Аппаз, Керейіттен Келдібай, Тынымбай, ал Табыннан Алданазар бас қосады. Бұл жолы даудың шешімін айту Алданазардың еншісіне тиеді. Сонда Бұқарбай батырдың бел баласы Алданазар би:
Қос айылың болмаса, атқа ерің тұра алмас,
Қос таралғың болмаса, атқа адам отыра алмас.
Қос тізгінің болмаса, атты адам бұра алмас,
Тізгін - ердің құны, шідер - аттың құны,
Қанжыға бау - тон сақтайды, тон - жан сақтайды, – деп бітпей жүрген дауды лезде шешіпті.
Алданазар бидің қара қылды қақ жарар турашылдығына тәнті болған Аппаз: "Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін өзіңнен, сені тапқан Шынар апамнан айналайын!"- деп оған ризашылықпен ақ батасын берген екен дейді. Сөйтіп, ер-тұрман үшін адам құны өндіріліп, алынады.
Бұқарбай батырдың баласы Алданазар бидің осы өткір шешіміне бір-де-бір би қарсы дау айта аламай, барлығы да Қаналы болыстың ауылынан сыйластықпен, бітімгершілікпен тарасқанға ұқсайды. Көнекөздерден жеткен әңгімелеріне қарағанда табын Алданазар би Жаппастардың бұдан да күрделі (жер, жесір дауы мен кісі өлімі) жиі араласып, тура би атанған көрінеді. Бұл әңгімені айтқан радиожурналистиканың ардагері Ахат Жанаев ағамыз Алданазардың бел баласы – Ахметбайдың өз аузынан естідім деп айтқан еді.