КӨП ТІЛ БІЛГЕННІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ
«Білімдінің алды жарық» дейді дана қазақ. Адам баласы үшін тілдің орны алабөтен бөлек. Тіл – достықтың, бейбітшіліктің, болашақтың кепілі. Бір сөзбен айтқанда, тіл білу – байлық. Бүгінгі таңда озық ойлы балалар көп тіл білгеннің болашағы зор екендігін терең түйсінеді.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кеше «Көп тіл білгеннің көкжиегі кең» атты зияткерлік ойын өтті. Шараның түпкі мақсаты – оқушылардың шет тіліне деген қызығушылығын арттырып, ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын молайту, ана тілінің мәртебесін биік ұстап, өзге тілді құрметтеуге тәрбиелеу.
Ойын-сайыс түрінде ұйымдастырылған шараға қаладағы №12 І.Қабылов атындағы орта мектептің 4 «а» сынып оқушылары белсене қатысты. Оқушылар «Білгірлер» мен «Алғырлар» тобына бөлініп үш тілде ұйымдастырылған: «Бәйге», «Тіл – өнер», «Кім тапқыр?», «Менің отбасым» атты сайыстың төрт кезеңінен мүдірмей өтті.
Сайыс соңында қатысушылар кітап көрмесін тамашалады.