"СЫРЛЫ ӘУЕН" АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ
Қармақшы ауданы Жосалы кентінде «Сырлы әуен» атты үрлемелі аспапта орындаушылардың облыстық конкурсы болып өтті. Шара аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтті. Облыстық конкурс ауданның өнер саласына ерекше еңбегі сіңген дарын иесі А.Мырзабековты еске алуға арналды.
Байқау Абдулла Ерділдаұлына арналған видеопрологпен ашылып, Абдуллақыздары Аружан, Айзат және Әдепов Сәдуақас Ерділдаұлының інісіне арнаған «Бауырға сағыныш» шығармасы орындалды. Аудан әкімінің орынбасары М.Самитов байқауға қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Конкурсқа Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарынан және Қызылорда мен Байқоңыр қаласынан 11 талапкер қатысып, бақ сынасты. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Қармақшы ауданының өнерпазы Ерасыл Кәрібаев жеңіп алды.
Қызылорда қаласынан келген Назереке Сарбұлақова І-орынға лайық деп танылды. Ал Қармақшы ауданы, Ақай ауылының өнерпазы Темірханов Мұхит келесі жүлделі орынмен марапатталса, ІІІ орынды Жалағаш ауданынан келген Байдулла Расул иеленді.
Сонымен қатар «Үздік жетекші» номинациясымен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы Ержанов Кенжебек және «Үздік концертмейстер» номинациясымен Ережепов Исатай марапатталды.
Байқауға қатысушы қалған өнерпаздар Алғыс хаттармен марапатталды.