АТАНДЫМ ОН АЛТЫМДА ҚАРАТОРҒАЙ...
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес ұлт боламыз десек, «жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз» дейді. Сондай-ақ, әлем бізді мәдени жетістіктерімізбен де тануы қажеттігін атап өтеді. Осы орайда біз дауысы грамофонға бірінші болып басылған қазақ қызы туралы сыр шерткенді жөн көрдік.
Сыр өңірінде өнерімен талайды тәнті еткен небір дүлдүлдер өткен. Солардың бірі – Шолпан Жанболатқызы Омарова. Ол – жастайынан ақындығымен, әншілігімен аты шыққан өнер иесі. Ш.Омарова 1911 жылы Ташкентте өткен Түркістан өлкесінің ақындары мен әншілерінің жиынында өнерімен дараланды. Сол жолы өзінің орындауындағы «Қараторғай», «Айгөк», «Ахау, Семей» секілді әндерді грамофон күйтабағына жаздырды. Бұл қазақ ән-күй өнері тарихында грамофонға басылған тұңғыш дауыс болатын. Ол туралы жазушы Айтбай Хангелдин 1970 жылы «Қараторғай» атты повесть жазды.
Шолпан (Қараторғай) Жанболатқызы шамамен 1880 жылдары қазіргі Шиелі ауданына қарасты Телікөл ауылында өмірге келген. Дерек көздеріне сүйенсек, 1923 жылы Шымкентте қайтыс болған. Әңгіме арқауына айналған «Қараторғай» А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әнінде» жарық көрген.
Ш.Омарованың әншілік өміріндегі айрықша құнды, халық қазынасын сақтаудағы аса бағалы әні – «Қараторғай». Бұл әнді өнерсүйгіш қауым «Сырдың Қараторғайы» деп те атайды. Бұлайша ерекшелеудің өзіндік себебі болса керек. Ақан серінің «Қараторғайы» да қазақтың жалпақ даласына кең жайылған. Үкілі Ыбырайдың да «Қараторғай» атты әні болған. Солармен шатастырмас үшін ел бұл әнді «Сырдың Қараторғайы» деп әрі айрықшалаған, әрі мақтанышпен дәрежелеген.
Ш.Омарова әншілігімен қоса айтыс ақыны ретінде де ерекшеленген. Дәлел ретінде атақты Тайжан ақынмен айтысынан үзінді келтіре кетейік.
ТАЙЖАН:
– Ақмешіт, айналайын қамыс қалам,
Күнім жоқ сірә сенен алыстаған.
Жатсам да Ұлытауда, бір ұлыңмын,
Сыртыңнан намысыңды намыстаған.
Туған жер тұзы тартып, ардақты елдің,
Аралап талай елді шарлап келдім.
Осында Қараторғай дегенді естіп,
Әдейі көру үшін арнап келдім.
ШОЛПАН:
– Қызымын Жанболаттың, Шолпан – атым,
Найманмын, Қарабала арғы затым.
Жел сөздің бес-алты ауыз арқасында,
Халқымның арқаладым мархабатын.
Атандым он алтымда «Қараторғай»,
Бұл атты шешем қойған, өзге қоймай.
Торғайдай еркін ұшсын, ескерусіз,
Дегені болса керек, көзден қорғай.
Тайжан ақынның өзі «Сыр бұлбұлы» атап, «Қараторғай» осында дегенді естіп келдім» деген жолдарына Шолпан өзінің кім екенін, қай рудан шыққанын қалайша Қараторғай атанғанын жеткізіп, жауап қайтарған. Шолпанның бұл сөздеріне разы болған Тайжан:
– Сыр елі, құтты болсын жұлдыздарың,
Шолпан боп туып көкте тұр қыздарың.
Қара қас, қалың кірпік от боп ойнап,
Кәмшаттың елестетіп құндыздарын, – деп жырлап сала берген екен.
Алматыдағы «Жалын» баспасынан 2005 жылы жарық көрген Бексұлтан Нұржекеұлы құрастырған «Жүз тұңғыш» кітабының І томында: «Бірер сөздің бөлектеу айтылып жүргендігі болмаса, әннің өлеңі айтулы өзгерістерге күні бүгінге дейін ұшырай қоймаған деуге болады. А.Затаевич «Қараторғайдың» тоғыз түрлі нұсқасын жазып алыпты, оның ішінде Ақан мен Ыбырайдың «Қараторғайына» ұқсайтыны бар ма, жоқ па – білмеймін, өйткені, нотадан хабарым жоқ.
Алайда, А.Затаевич Ақмола мен Семей жақтың «Қараторғайында» өз алдына жеке ән дерлік дербестік бар екенін де ескертеді. Ол жағының қыры мен сырын ашуға қазір қолдары тимей жатқанмен, түбінде бір нота оқитын зерттеуші айта жатар деп сенем» деп жазылған. Бұл іске маман болмағаннан кейін менің де тісім бата бермейді. Бірақ, «Сырдың Қараторғайы» Шолпанның әні екені кәміл. Бұл туралы көптеген деректер келтірілген. Шолпанның:
– Нартайжан, машық едің Сыр жайына,
Өнерді жастай жайдың қыр, сайына.
Әсем ән, сазды үніңді сағындық қой,
Тыңдайық, қосшы біраз сырнайыңа, – деп Нартайға да айтқан өлеңі бар. Мұның өзін біреу білсе, біреу білмейді.
Шиелі ауданы орталығынан ашылған, мәдениет қайраткері Құрманбек Бекпейіс басқаратын «Нартай» өнер мектебінде осы өңірдің әншілік өнері бойынша дәріс алып, орындаушылық шеберлігін жетілдіріп жатқан жастар бар. Олардың арасында Шолпанның әнін орындайтындар да кездеседі. Назарларыңызға ел білсін деген ықыласпен А.Затаевичтің нұсқасы бойынша «Сырдың Қараторғайы» әнінің мәтінін ұсынамыз.
Құс болсаң, жібектен бау тағар едім,
Күмістен тұғырыңды жабар едім.
Мойныңа сары алтыннан жыға тағып,
Қолға алып сылап-сыйпап бағар едім.
Қайырмасы:
Салайын мен әніме Қараторғай,
Қараторғай, халә, иллә,
ле-лей, халә, лиллә лел-ләй-ай!
Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл,
Албырап екі бетің жанар гүл-гүл.
Бейіштің гүлжазира сарайында,
Сайраған тоты құстай сен бір бұлбұл.
А.БЕК,
Қызылорда қаласы