ЕРКЕБҰЛАН МЕН ДІЛНАЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЙЫСТА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ
Петропавл қаласында республикалық ХІІІ Ұлттық жастар дельфийлік ойындары өтті. Өнердің барлық түрін қамтыған (бейнелеу, орындау, қолданбалы, ауызша, әлеуметтік, экологиялық) сайыс бүгінде жас таланттардың ертеңіне жолашар шара саналады.
«Өнерім – рухани қазынам» атты осы сайыстан ыммен ән айту номинациясы бойынша Қызылордадағы №6 есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернатының 9 сынып оқушысы Еркебұлан Қуандық алтын медальмен оралды.
Ал «Халықтық орындау» номинациясы бойынша кіші топтар арасынан қызылордалық Ділназ Ташмұхамет озық шықты.
Енді Еркебұлан мен Ділназ келер жылы ТМД елдері арасында өтетін халықаралық Дельфийлік ойындарда ел намысын қорғайды.
Жыл сайын 10-25 жас аралығындағы дарынды балалар мен жастардың басын қосатын шығармашылық жарыс 20 шақты өнер түрінен тұрады.
Дельфийлік ойында жалпыкомандалық бірінші орын Солтүстік Қазақстан облысы командасына бұйырса, екінші орынға Астана командасы көтерілді. Ақмола жастары үшінші орын тұғырынан көрінді.