Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЗАМАНА БҰЛБҰЛЫ

ЗАМАНА БҰЛБҰЛЫ


Сыр өңірінде алғашқы ұжымдасып концерт қою жұмысы халқымыздың ұлы перзенті, ақын әрі композитор Нартай Бекежановтан бастау алады. Ел арасына ақын, әнші, жыраулығымен танылған Нартайдың талантын халқына танытқан 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының бірінші слеті болды. Осы жылы 14 маусымда музыкалық театр үйінде болған үлкен концертте Нартай өзінің «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындады. Бұрын атақ-даңқы Қазақстанның оңтүстік өлкелеріне көбірек тараған ақын-әншінің есімі осы слеттен кейін кең байтақ республикаға танымал бола бастады.
Нартай творчествосына үлкен шабыт берген 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі еді. Бұл өнер байқауында Нартай таланты жоғары бағаланып, талғампаз Мәскеу көрермендерінің ыстық ілтипаты мен жылы лебізіне ие болды. Астанадан осылайша қанат байлап елге оралған Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Кейін осы үйірме ансамбльге, соңында облыстық филармонияға айналды.
1938 жылы Қызылорда қаласында Шымкент облыстық драма театрының филиалы есебінде филармония ашылып, оның жанынан эстрадалық концерт бригадасын жасақтау Нартай Бекежановқа жүктеледі. Ол облыс көлеміндегі ақын, жыршы, әнші, бишілерді жинақтап, есепке алып, сыннан өткен таланттыларын өз бригадасына қабылдайды.
Қазақтың атақты композиторы Ахмет Жұбанов «Нартай» атты мақаласында былай дейді:
– Ансамбль күн санап өсіп, халық алдында беделі арта түсті. Бұл коллектив репертуар жағынан да бай болды. Қазақтың халық әндері, совет композиторларының шығармалары, біздің заманымызды үгіттейтін кішігірім драмалық пьесалар болды. Мұны «Нартай ансамблі» деп атап кетті халық.
– Ансамбль республикамыздың, көрші Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Қырғызстанның Ош, Джалалабад облыстарын, Қарақалпақстанды үнемі аралап, халыққа қызмет етті. Ансамбль құрамында түрлі жылдарда Әлібек Байкенов, Күндебай Алдоңғаров, Әбділда Жүргенбаев, Балқашбай Жүсіпов, Ақмырза Тұяқбаев, Фатима Төлегенова, Ауан Шораева, Гүлбаһрам Есаманова, Мырзабай Әділов, Нұғыман Молыбаев, Бану Сейтмұратова, Кәделі Тұяқбаева, Хадиша Баймұхамедова, Төлеген Қаражанов, Қалампыр Әділова, Сабыт Жүсіпов, Құрақ Досжанов, Әбужүсіп Баймұратов, Жалдыбай Елеукенов, Құлан Дауылбаев, Рахия Тұяқбаева, Тұрсынкүл Баяханова, Айзахан Бижанова(Жанпейісова), 1942-45 жылдары Шәмшәт Төлепова секілді талантты ақын, әнші, жырау, күйші, бишілер жұмыс жасаған.
– Нарекең ансамблінің қай мүшесін алсақ та, олар шоқтығы биік, өз алдарына бір төбе еді. – Күндебай Алдоңғаров ансамбльде «сайқымазақ» ролін ойнап, жүрген жерін қыран-топан күлкіге бөлеген. Сону Нартай ансамблінен бастап өмірінің соңына дейін облыстық филармонияда қызмет еткен Тұрсынкүл Баяханованың репертуары өте бай, халық әндері «Қарғаш», «Құралай», «Домбыра», «Ақайша», «Сырдың қараторғайы», «Қара гармонь» болатын. Ал, Нартай ансамблінде қызмет еткен Сырдың белгілі жырауы , ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәмшат Төлепова жайлы Айдар Достияров «Өздерің білер, Нартаймын» кітабында былай деп жазады:
– Жанның бәрі Кәмшатқа ауған. Бәріміз де «осы қыз айта берсе екен деп» іштей ынтығатын сияқтымыз. Бұл қыз да талатын емес. Айтқан сайын құлшына түседі. Өзінің құлаққа жағымды үнімен, сұлу тұлғасы, ажарлы түрімен, назды сыпайы күлкісімен, бар болмысымен жұртты еріксіз баурап алады.
Шәмшат Төлепова өмірінің соңына дейін облысымыздың өнерін дамытуға зор үлес қосып, шәкірттер тәрбиелеп, өзі де барлық облыстық, республикалық жыр конкурстары мен фестивальдеріне қатысып, лауреат атанып, мәдени іс-шараларға белсене араласып жүрді.

Жұмабек АҚҚҰЛОВ,
Қызылорда қаласы
03 қыркүйек 2018 ж. 1 223 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области