ҚҰТБАЙДЫҢ ҚАРА ДОМБЫРАСЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани сананы жаңғырту» бағдарламасында қазақстандық қоғамның болашаққа қарай қалай қадам басуы туралы ойлары көрсетілген. Бүгінгі таңда республикамыздың барлық өңірлерінде рухани жаңғыруды негізге алып, ұлттық құндылықтарымызды жаңашылдықпен насихаттауға бағытталған істер қолға алынды. Рухани жаңғыру аясындағы игі шаралар Сыр өңірінде де қолға алынып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталуда.
Сондай шаралар легі Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткізіп келеді. Құтбай Дүрбайұлы – Сыр өнерпаздарының бірі. Ақын, күйші Құтбай Дүрбайұлының домбырасы құнды жәдігер ретінде аудандық музейде сақталуда. Музейдің қор сақтаушысы Рахима Әбсаттарованың мәліметінше, Құтбайдың домбырасын 2015 жылы Қалтай Арқабаев әкеліп тапсырған. Ол аспапты аудандық мәдениет үйінің шатырынан тауып алған көрінеді. Домбыраның сыртында «1960 жылы өткен Республикалық халық ақындары слетінің 1-орын иегері Құтбай Дүрбайұлы» деген жазу бар. Бүгінде қолданған домбырасы тарихи жәдігер саналып, артында қалған ұрпағына өлеңдері мен күйлері үлкен мұра болып қалды.
Ақын Құтбай Дүрбайұлы 1906 жылы Жаңақоған ауданы Өзгент ауылында, шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан тағдыр тауқіметін көп көрген ақын ата-анадан ерте айрылып, ерте ақыл тоқтатқан бала 12 жасында хат танып, қолына домбыра алыпты. Өзінің өмірі туралы шайыр:
Дүрқожа әкем аты, Құтбай атым,
Әнге бай сөйлер сөзге тілім батыр,
Өзгент – өскен жерім, Жаңақорған.
Әлішер Үсейіннен арғы затым, – депті.
Иә, Құтбай әнші әрі ақын, шертпе күйдің шебері болды. Өмірінің соңғы жылдарында туған жерімен қатар Өзбекстанның да бірнеше қалаларында болып, өзінің күйші-сазгерлік, жыраулық өнерін танытып, көптің көңілінен мәңгі ұмытылмастай орын алды.
Ол 1933-1939 жылдары Ташкент музыкалық-драма театрының (қазіргі Науаи атындағы опера және балет театры) әртісі болып, 1947-1950 жылдары Өзбекстанның Жоғары Шыршық ауданындағы Қазақ халық театрының музыкалық бөлімін басқарып, Ташкент педучилищесінде ұстаздық етіп, шәкірттеріне скрипка, гармон, домбыра, дутар сыныптары бойынша дәріс береді.
Ақын «Қалқа» (сөзі С.Сейфуллиндікі), «Сұлу» (сөзі Мақтамқұлынікі) сияқты әндер мен толғау-термелер шығарған. Оның жинағында Нартай Бекежановтан бастап Сыр бойы ақындары Бұдабайдың, Базар жыраудың, Кете Жүсіптің, Кенжеқожаның, Шораяқ Омардың, Майлықожаның, Тұрмағанбет ақынның термелері мен жыр-толғаулары бар. Қазақ ауыз әдебиетінің асыл қазыналары мен халық ақындарының шығармаларын насихаттаған жыраудың жинағында 250-ге жуық жыр мен күй болған.
Күйші Ташкент облыстық филармониясында қызметте жүргенінде «Ақ қанат» ән-би ансамблін ұйымдастырады. Бұл туралы ақынның жары Бүбінаса Мырзаева:
«Оның жаны өнерге құмар еді. Өзі бас болып, колхоздағы талантты жастардың басын қосып «Ақ қанат» ансамблін ұйымдастырды. Ол өнерін пұлдамайтын. Бар мақсаты – талантты жастарды тәрбиелеу, колхоз тұрғындарының мәдениетін көтеру болатын... Құдекең домбыра, скрипка, гармон, қобыз сынды аспаптарды шебер тартатын. Табиғат оған тыңдағанда баурап ала қоятын күшті, тамаша дауыс сыйлаған-ды. Сондықтан да оның даусына, ақындық өнеріне құмарта, қызыға қарайтын, жалықпай тыңдайтын, тыңдаушылары көп болды. Ол тек қазақ әндері емес, туыстас өзбек, қырғыз әндерін де нақышына келтіре орындайтын еді. Өз қолынан музыкалық аспап та жасай алатын...», – деп еске алған.
Аудандық музейдегі көненің көзі болған Құтбайдың қасиетті қара домбырасы туралы дерек тапшы. Алдағы уақытта тарихшы-этнрграфтар бұл домбыраның түп тамырын зерделеп, оның нақ қайдан келгенін анықтайды деген сенімдеміз.
А.АЛДАНАЗАР,
Жаңақоған ауданы
Жаңақоған ауданы