Молдахмет – жырдың жорғасы
Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе ауылдық округінде ақын жыршы Молдахмет Дабылұлының 125 жылдығына орай облыстық жыршы-жыраулардың фестивалі өтті.
Жыр фестивалінде аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев сөз алып, жылы лебізін білдірді.
Жыршы-жыраулар фестиваліне белгілі жыраулар Бидас Үрістембеков, Арнұр Көшеней, Берік Саймағамбетов, Амандық Бүрлібаев, Айдос Рахметов, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпен, Ақсұңқар Бүркітбай және жас буын жыршылар қатысып, жырдан шашу шашты.
Ауыл молдасынан хат танып, 14 жасында «бала жырау», «жас шайыр» атанған Молдахмет жырау Даңмұрын ақынның шәкірті болған. "Көрұғлы" дастанының бірнеше саласын жатқа айтқан. Молдахмет Дабылұлы Сыр бойы ақындарының жыр, толғауларын домбыраға қосып жырлаған.