ЖЫРШЫ-ЖЫРАУЛАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылында белгілі жырау Жаппар Тұңғышбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Жыр жампозы – Жаппар жырау» атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі өтті. Оған Сыр бойындағы ұзандар өнегесін жалғастырып, өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген Бидас Рүстембеков бастаған 15-ке жуық жыршы-жыраулар қатысты. Айтулы кеште Сыр сүлейлерінің ғибартқа толы шығармалары орындалып, жыраулық өнерінің өміршең екендігін тағы бір мәрте дәлелдегенді.
– Киелі мекенде жапырағын жайып, жыр арнасында ізін қалдырған Жаппар Тұңғышбаев Тұрмағамбет ақынның қамқорлығы мен жай оғындай жарқылдаған алымдығын пір тұтып, ежелгі өнерге өзгеше өрнек қосқан жырау болатын. Өнегесі мол Рүстембек, шежіреші Үбісұлтандай ағаларынан үлгі алып, дәстүрлі өнерді жалғаған Жаппар жырау жыр сүйер жұрттың жадында сақталуы тиіс. Бүгінгі фестивальдің де мақсаты осы, - дейді К.Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінің директоры Серік Жақсығұлов.
Жүз шайыр шыққан Қармақшы топырағы қашанда киелі. Бұл мекенде Қорқыт бабадан бастау алған жыраулық дәстүрді Жиенбай жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Дүр Оңғар, Сәрсенбай жыраулар жалғаса, кейін олардың ізін Көшеней, Қуандық, Алмас Алматов, Бидас Рүстембековтер басып, ұлы өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттап келеді. Бұл ретте, киелі өнеді жалғаған кешегі Көшеней, Қуандық Бүрлібаев, Жаппар Тұңғышбаевтардың да орны ерекше болып қала бермек.