АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНЕ ШӘМШАТ ТӨЛЕПОВАНЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ
Ақындық пен жыраулық өнердің туын тіккен, жүз жырауы жыр көшін жалғаған қасиетті Қармақшы жері бүгінде өнердің өміршеңдігін рухани жаңғырта білген қасиетті өлке. Ел есінде қайраткерлігімен, сөз шешендігімен, өшпес ерлігімен тарихи тағылымға айналған тұлғаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында атқарылған игі істер аз емес.
Соның бір мысалы, Қармақшы аудандық мәдениет үйіне жырау Шәмшат Төлепова есімінің берілуі. Осыған орай өткен салтанатты шарада ақын С.Ыдырысов арнау арнаса, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, фольклор зерттеуші, профессор А.Алматов, Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» Н.Салықов жиылған қауымды құттықтап, өнер саңлағының өмір жолы мен тарихына тоқталды. Ежелгі ұзандар ізін жалғастырған өнер иесіне арналған шара «Жыраулық дәстүр жалғастығы және Шәмшат әлемі» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияға ұласты.
Конференцияда «Шәмшат–жыраулық-жыршылық өнер дәстүрінің шамшырағы» тақырыбында филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, «Шәмшат Төлепованың өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматов және «Сыр бойы жыршылық дәстүрінің жалғастығы және Шәмшат Төлепова шығармашылығы» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты Ерхан Карбозовтар баяндама жасап, айтулы шараның мәні мен мазмұнын арттырды.
Аудандағы тағы екі өнер ошағы жаңа атауға ие болғанын да айта кетейік. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 23 желтоқсандағы №842 қаулысымен Тұрмағамбет ауылдық клуб үйіне жырау Қуандық Бүрлібаевтың, Ақжар ауылдық клуб үйіне жырау Сәрсенбай Бөртебайұлының есімі берілген болатын.