Қызылордада халықаралық мүгедектер күні атап өтілді
Халықаралық мүгедектер күніне арналған салтанатты шарада Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мүмкіндігі шектеулі жандарды құттықтап, автокөліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
"Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық – ең маңызды ұлттық мәселелердің бірі болып табылады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен қабылданған мүгедектердің құқықтарын қорғау Конвенциясына қол қойды. Олардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2013 жылы арнайы Жол картасы бекітілді. Жол картасына әр екі жыл сайын толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, оны жүзеге асыруға бюджеттен 23 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. «Жол картасына» сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бастысы, Сіздердің өмір сүруге деген құштарлықтарыңыз, жұмыс жасауға деген ынталарыңыз, жетістікке жетем деген жігерлеріңіз болса, алынбайтын қамал жоқ!» - деді аймақ басшысы.
Іс-шарада мүмкіндігі шектеулі белсенді азаматтар – спортшылар, әншілер мен бишілер, еріктілер мен кәсіпкерлер марапатталды. Денсаулығына қарамастан, олар өз отбасыларын қамтамасыз етіп, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, бір-біріне және басқа да адамдарға көмек, қолдау көрсетеді. Мысалы, Сағатбек Сүйеуовтың жетекшілігімен "Жылы жүрек" еріктілер тобы кішкентай қызылордалық қыздың операциясына ақша жинауға көмектесті. Қалалық қарттар үйіне жаңа жылдық кеш және мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ, ол "Ерекше билер" жобасы аясында хореографиялық топ құрған.
Амангелді Суханберлиев – ақын, жазушы, Қазақстанның құрметті журналисті, сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының үздігі, денсаулық сақтау саласының жоғары санатты ұйымдастырушысы. Күлпаш Күншығарова-әнші, бірнеше қалалық және облыстық байқаулардың жүлдегері, биылғы жылы өзінің шығармашылық кешін өткізді.
Шарада жаттықтырушылар мен жоба демеушілерінің еңбектері ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, "Халық банкі" АҚ Қызылорда филиалы мен "Уақып" және "Дос" қайырымдылық қорлары іс-шараға қатысушыларға арнайы жабдықталған "Инватакси" автокөлігі мен кресло-арбаларды сыйлады.
Шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда аймақта 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Олармен 10 ұйым жұмыс істейді. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 173 жобаны іске асыруға 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап 18 жастан асқан туа біткен мүгедектігі бар жандардың қамқоршыларына мемлекеттік жәрдемақы және арнайы әлеуметтік төлемдер уақытында төленеді. Ал 1 мамырдан бастап 1-топтағы мүгедектігі бар адамдардың көмекшілерінің жұмыс күні ұзақтығы 4 сағатқа дейін ұзартылды және олардың еңбекақысы 30 мыңға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, өңірде "Инватакси" қызметі жұмыс істейді. Оның ішінде 14 автомобиль және арбаға арналған арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған 112 жолаушы автобустары бар. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдарға қосымша техникалық құрылғылардың 55 түрі ұсынылады және олардың тізімі жыл сайын толықтырылып отырады.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында тұрақты түрде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Онда 626 адам, оның ішінде 330-ы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Биылғы жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орындарын ашуға мемлекеттік субсидия беріліп, "Ұшқын "Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорны" ЖШС 22 адамды жұмыспен қамтып, 5 млн.теңге субсидия алды. Келесі жылы нашар көретіндерге арналған жұмыс орындарын құруға 19 млн.теңгеден астам қаржы субсидия бөлу қарастырылған. Жалпы өңірде мүмкіндігі шектеулі адамдардың толыққанды өмір сүруі мен бос уақытын тиімді пайдалану үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда.