Ақындар "Рухани жаңғыру" орталығында қонақта болды
Kyzylorda-news.kz. Халықаралық "Парасатты поэзия" фестивалінің қонақтары облыстық "Рухани жаңғыру" орталығында болып, бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Орталық мамандары дайындаған ақпараттық бейнероликті тамашалап, алдағы атқарылатын жобалар жайлы әңгімелесті.
Сыр өңірінде дәстүрге айналған поэзия кеші биыл өзгеше мазмұнда өтуде. Фестивалға Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан елдерінен келген ақындармен қатар еліміздің әр аймағынан және өз облысымыздан, барлығы 27 ақын қатысуда. Төрт күн бойы ақындар үш топқа бөлініп, Арал, Қазалы, Қармақшыда, Жаңақорған мен Шиеліде, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында өнер көрсетеді. Олар өлең оқып қана қоймайды, елмен тікелей жүздесіп, пікірлеседі. Сондай-ақ, Қорқыт ата кешені, Байқоңыр қаласы, Сығанақ, Сауран секілді киелі жерлерді аралауға мүмкіндік алады.
Фестиваль Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ф.Оңғарсынованың - 80, дарынды ақын, сыншы-аудармашы Ж.Әбдірәштің 70 жылдығына және тағдырлы ақын Әділ Ботпановтың шығармашылығына арналады. Кездесу шараларында қатысушылардан бөлек осы ақындардың да өлеңдері оқылады.