Ресей Токио Олимпиадасынан шеттетілуі мүмкін
Kyzylorda-news.kz. Ресей Токио Олимпиадасынан шеттетілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Telegraph басылымына сілтеме жасап.
«Антидопинг билігі Ресей келтірген дәлелдердің талапқа сай емес екенін мәлімдеді. Ресейдің спорт басшылары дүйсенбі күні Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігімен кездеседі», деп жазады басылым.
Жақында бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігі Мәскеу зертханасының жұмысынан күмәнді құжаттар табылғанын мәлімдеген еді.
«Кездесуде «Русада» допингке қарсы күрес агенттігінің дәлелдері де талапқа сай еместігі айтылады деп болжанып отыр. Токиодағы ВАДА атқару комитетінің отырысында «Русада» шарттарды орындамағанын хабарламақ», деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, алдағы екі айда Ресей спорт органдарының ереже бұзғанына жаңа дәлелдер пайда болады.
«ВАДА өкілдерінің айтуынша, бұл Ресей спортшыларының Токио олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне кері әсер етеді», деп жазады автор.
«Ресей Федерациясының жеңіл атлеттері 2016 жылдан бастап жарыстарға қатыса алмайды және жұма күні басталатын жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына да қатыса алмайды», деп жазады басылым.
Автордың хабарлауынша, Ресей допингке қарсы зерттеу нәтижелерін ВАДАға ұсынбас бұрын спортшыларының жүйелі түрде допинг қолданатынын жасырып, манипуляция жасаған.