Қызылордалық Тынарбай Тілеген Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды (ВИДЕО)
Kyzylorda-news.kz. Алматы қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында жерлесіміз Тілеген Тынарбай қола жүлдені иеленді.
Ол 66 келі салмақ дәрежесінде барлығы 6 кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, тек біреуінде ғана есе жіберіп алды. Қола медаль үшін өткен кездесуде Грекия спортшысын таза жеңіспен ұтты.
Жалағаш ауданының тумасы, 17 жастағы жас спортшы Тынарбай Тілегеннің Əлем чемпионатына алғашқы рет қатысуы.
Ол биылғы жылдың шілде айында Тайпей қаласында жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанған болатын. Жас спортшы енді келесі жылдан бастап жастар арасында жарыстарда өнер көрсетеді. Мақсаты - тəжірибе жинақтап, ересектер сапына өту.
Сондай-ақ, жарысқа Тынарбай Тілегенмен қатар Сыр дзюдошысы Құндыз Жылқыбай да сынға түсіп, шеберлігін шыңдады.
Спортшыларды жарысқа дзюдодан жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Арман Молдаханов дайындады.