Қызылордалық спортшы 2 жылға ауыр атлетикадан шеттетілді
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы спортшылар мен бапкерлерді тыйым салынған препараттар қолдануына байланысты тергеу амалдарын жүргізді. Нәтижесінде 7 спортшы және 2 бапкер біршама уақытқа спорттан шеттетілді. Тыйым салынған препаратты қолданған спортшылар қатарына Аружан Қолбай (Алматы), Гүлдана Жүніс (Алматы), Асылжан Бектай (Қызылорда облысы), Алишер Сейтқазы (Алматы), Ерасыл Кеңесбаев (Алматы), Максим Ню (Шымкент) және Тимур Хасаров (Алматы обл) кірді. Аталған спортшылар екі жылға ауыр атлетикадан шеттетілді.
Республикалық спорт колледжінің бапкері Айбол Қолбаев пен арнайы спорт мектебінің бапкері Талғат Әбенді 4 жылға спорттан аластатты.
V жазғы спартакиада кезінде допингпен ұсталған Нұрмұхамбетованың ісі жеке тергелетін болады. Әзірге спортшы барлық жарыстардан, оқу жаттығу жиындарынан шетте қалуда.
Допингпен ұсталған қазақстандық спортшылар барлық атағы мен сыйақыларынан айырылады.