ГОЛОВКИН АЛҒЫС БІЛДІРДІ
Қазақстандық боксшы халықаралық бокс форумын ұйымдастырғандары үшін Ресей бокс федерациясы мен Сочи қаласына алғысын білдірді. Аталған форумда Геннадий Головкин басты тұлға болды, деп хабарлайды BNews.kz.
"Бірінші халықаралық бокс форумында басты тұлға болу мен үшін үлкен мәртебе! Мұндай үлкен іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Ресей бокс федерациясы мен Сочи қаласына үлкен рахмет!", - деп жазды Геннадий Головкин өзінің Instagram ресми парақшасында.
Айта кетейік, Орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) Сочиде (Ресей) халықаралық бокс форумының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Аталған форумда орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин "Бокс аңыздары" сыйлығының "Жыл боксшысы" аталымында жеңімпаз болды.
Сахнаға көтерілген қазақстандық боксшы Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейманның қолынан арнайы марапат алды.