МӘСКЕУДЕН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ
Мәскеу қаласында самбодан өткен Әлем кубогында жерлесіміз Ғалымжан Абдрахманов 74 келі салмақта күміс жүлдені иеленді.
Айтулы жарыста Қазақстан құрама командасы жақсы өнер көрсетіп, төрт жүлдені еншіледі. Жерлесіміз Ғалымжан жарыс барысында төрт кездесу өткізді. Алғашқы кездесуде италяндық спортшыны 8:0 есебімен айқын басымдықпен ұтса, екінші сайыста Қырғызстан спортшысымен тең түсті. Жартылай сайыста моңғол палуанын таза жеңді. Ал ақтық сайыста ресейлік спортшыдан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды.
Ғ. Абдрахманов 1993 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ол қазақ күресімен қатар самбо және дзюдо спортымен де шұғылданады. Жетістіктерін айтатын болсақ, қазақ күресінен және самбодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері.
Қазақ күресінен 2014, 2017 жылдардағы екі дүркін Әлем чемпионы, бірнеше мәрте халықаралық жарыстардың жеңімпазы, самбодан 2017 жылғы Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, ҚР Елбасының жүлдесі үшін өткен Әлем кубогының жеңімпазы атанған.
Ғ.Абдрахманов облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алады. Бапкерлері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары Болат Кенеев пен Әділбек Серікбаевтың айтуынша, мамыр айында Моңғолияда, қарашада Румынияда болатын Азия, Әлем чемпионаттарына жолдама алу үшін үстіміздегі жылдың 2-5 сәуір аралығында Жезқазғанда өтетін Қазақстан чемпионатына Ғалымжанмен бірге облыс құрама командасы бақ сынасады.