ОЛЬГА РЫПАКОВА РЕСМИ ТҮРДЕ БЕЙЖІҢ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕСІНЕ ИЕ БОЛДЫ
Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова ресми түрде 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық спортшы Қытайда өткен төртжылдықтың басты додасында үш қарғып секіруден төртінші орын алған болатын. Алайда қола медальды жеңіп алған грекиялық Хрисопия Деветцидің допингпен ұсталуына байланысты қола медальға ие болған еді. Кейін белгілі болғандай, отандасымыз қоланы күміске алмастырды. Екінші орын алған ресейлік жеңіл атлет Татьяна Лебедеваның қанынан да допинг табылды.
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) екі спортшының да нәтижелерін жоққа шығарып, жүлделерінен айырды. Араға 10 жыл сала Ольга Олимпиаданың күміс жүлдесіне қол жеткізді.
Ресейлік спортшы Татьяна Лебедева допинг дауына байланысты Лозаннадағы Спор істері сотына (CAS) шағым да түсірді. Дегенмен спортшының арызы қанағаттандырылған жоқ.
Ольга Рыпакова үш Олимпиадада жүлде алған қазақстандық тұңғыш спортшы. 2012 жылы Лондонда чемпион атанса, 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған еді.