Қызылордалық гимнастшылар үздік өнер көрсетті
Тәуелсіздік күні қарсаңында «Мұз айдыны» спорт кешенінде көркем гимнастикадан облыстық ашық чемпионат өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Жарысқа Алматы, Байқоңыр, Ақтау, Тараз, Шымкент қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарынан 2003-2013 жылдары туылған 430 гимнастшы қатысты. Олар жеке және топтық жаттығу бағдарламалары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Жарыстың ашылу салтанатында жетістіктеріне орай 16 Сыр гимнастшысына спорттық атақтар беру туралы куәліктер табысталды.
Жарыс нәтижесінде жерлестеріміз 15 жасар Айжан Қуандықова (2003 ж.т.) мен Дана Садықова (2004 ж.т.) жекелей сында І орынды жеңіп алды.
2010 және 2011 жылдары туылған гимнастшылар топтық сайыста үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Олар: Зере Әбдіқабыл, Кәусар Сейілбек, Айна Ақпанбет, Дарина Ізбасарова, Ақерке Елеусінова (2010 ж.т.), Айша Сұлтан, Айнара Ерболат, Аяла Нұрсұлтан, Айша Асылбек, Әмина Бағдатова (2011 ж.т.).
Жарыста жеңімпаз, жүлдегер атанған гимнастшылар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық көркем гимнастика федерациясы және жарыс демеушісі «ҚазГерМұнай» компаниясының диплом, медаль, естелік сыйлықтарымен марапатталды.