Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАҢА ЗАМАН ПЬЕСАСЫН САХНАЛАҒЫМ КЕЛЕДІ

ЖАҢА ЗАМАН ПЬЕСАСЫН САХНАЛАҒЫМ КЕЛЕДІ

Қызылордада жастар театры бар! Ол осыдан екі жыл бұрын шымылдығын Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» спектаклімен ашқан-ды. Сонан бергі қысқа мерзімде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгірді.
Осы Қызылорда жастар театры жақында көрермендеріне тағы бір жаңа туындыны ұсынбақ. Қойылым жас режиссер Әділхан Асановтың жетекшілігімен дайындалуда. Жаңа форматтағы қойылымды сахналау – жас режиссердің де, жас театрдың да өнер әлеміне өзіндік бір жаңалығын енгізуге деген талпынысы. Жастар театрының режиссері Әділхан Асановпен тың бағыттағы туынды жайында әңгімелескен едік...
– Әңгіменің әлқиссасында алдымен өзің жайлы айта кетсең. Бүкіл синтездік өнердің басын біріктірген театрға қалай келдіңіз?
– Мен 1992 жылы Қазалы ауданының Жалаңтөс Баһадүр ауылында дүниеге келдім. Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өнертану факультетін театртану мамандығы бойынша тәмәмдадым. Бала кезден музыканың, сурет өнерінің не екенін үйреніп, ол жайында көп ақпарат алып өскен едім. Сондықтан менің жаныма режиссура мамандығы да жақын екендігін сездім. Шыны керек, мен мектеп қабырғасынан бастап режиссураға жақын болған екенмін.
– Өнерге жол нұсқаған ұстаздарың жайлы не айтасың?
– Ардақты ұстаздарымның қатарында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев ағамызды ерекше айтқым келеді. Ол алдымен адамдыққа, содан соң өнеріме нәр берген қабілеттердің ашылуына себепкер болған бірегей ұстаздарымның бірі. Ал белгілі театртанушы Меруерт Жақсылықова менің тікелей ұстазым. Ол кісі бізге жалпы өнер деген түсініктің не екендігін санамызға сіңірді. Академия қабырғасында жүргенімде Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан, Ықылас Шалғынбай секілді драматург ұстаздарым театр өнерінің қыр-сырын түсінуіме зор септігін тигізді.
– Жастар театрына келуіңе кімнің ықпалы тиді?
– Жас өнер ұжымын бекер таңдаған жоқпын. Негізгі мақсатым – шымылдығы жаңа түрілген театрмен өнер жолында бірге өсу. Оған қоса, талай өнер майталмандарының ізі қалған Сыр топырағы – туған жерімде еңбек етсем деген мұратым бар.
– Қазіргі ізденістерің қай бағытта?
– Өзім сценарий жазамын. Басты тақырыбым – адами құндылықтар. Бүгінгі күнге дейін «Ызғар», «Арлекиннің көз жасы» секілді туындыларым жарық көрді. Дегенмен, өнерде тұтқан мұратым – өңірде жаңашыл бағыттағы қойылымдарды сахналау. Бұл тұрғыда Алматы, Астана секілді прогресшіл ірі қалаларда Қызылорданың өнер ұжымдарының аты атала бермейді.
Студент кезімде үзінділер қоятынбыз. Оларды сахналауда кішігірім декорация мен мизансценалар құру арқылы өзімнің ойларымды жүзеге асырып, эксперимент жасағанмын. Режиссура ілімі жайында көп нәрсені көңіліме тоқыдым. Жалпы, режиссердің идеясын жеткізетін актерлар болғандықтан, олардың жүрегінен орын тауып, нәтижелі жұмысты талап ету маңызды. Менің ойымша, жаңа ашылған театр үшін жаңа бағыт керек. Маған бұл өнер ұжымында жұмыс жасауға ұсыныс түскені де сол себептен деп ойлаймын. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген сияқты, менің өнердегі жолымның көзін ашқанына алғысым шексіз.
–Театрдағы алғашқы режиссерлік қойылымың –«Бекет» спектаклі туралы не айтасың?
– Қойылымда кеңестік сананың дерт-дербезі мен ұлттық рухани дағдарыстың кейіп-кеспірі абсурдтық астарлы иірімдермен өрнектеледі. Айтпақшы, пьесаның «Бекет» аталуы да тектен-тек емес…
Пьесада ауылдан қалаға шыққан екеудің барлық бақыт пен қызықтың мекені саналатын әлдебір шаһарға кетпек болып аялдамада автобус күткен аңтарылысты сәті әңгіме болады. Олар қанша күткенмен автобус келмейді және ауылға қайтар жолды да таба алмай, аялдамадан ұзап кетуге шамалары келмейді. Аздан соң жол ортада тағы екі кейіпкер қосылады. Олар да әлдебір мекенді іздеушілер. Қаланы іздеп кеткендердің хабар-ошарсыз жоғалатыны екеуара диалогта белгілі болады. Пьесаның қысқаша мазмұны осылай.
– Қойылымды сахналауда қиыншылық кездесті ме?
– Кез келген жұмыс қиыншылықсыз болмайды. Оларды жеңе білу – үлкен өнер. Оны жұмыс процесінің бір бөлігі десек қателеспейміз.
– Болашақта қай жанрда көбірек еңбектенгің келеді ?
– Мен көбіне психологиялық бағытта еңбек еткенді ұнатамын. Әрине, бұл дегеніңіз осы бағытты ұстап қалу емес. Сәті түссе, айтар ойы терең дүниелерді жарыққа шығарудан бас тартпаймын. Жалпы, жаңа заманның пьесаларын сахналау жоспарымда бар. Ал қазіргі дайындап жатқан қойылымымыздан көп нәрсе күтемін.
– Ерекше қойылым болатын сияқты ғой...
– Расымен де, қойылымның негізгі идеясы «Адам өзін қалай дағдарысқа ұшыратады, оның жаны қалай адасады? Өзін қалай табады? Қайтсе бақытты бола алады?» деген толып жатқан мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Автор шығармаға араласпай, оны өз еркімен, кейіпкерлердің диалогтасу барысындағы боямасыз ақтарылыстарымен өзінің айтқысы келгенді меңзеп тұр. Жақын күндері көрерменіне жол тартатын пьессадан бұдан өзге де толып жатқан өзекті ойды табуға болады. Оны оқырмандар еншісіне қалдырдық.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Б.СӘТЖАН,
Қызылорда қаласы
17 мамыр 2018 ж. 743 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области