Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «КӘСІПКЕРЛІК БАСТАМАҒА ӨРІС КЕҢ»

«КӘСІПКЕРЛІК БАСТАМАҒА ӨРІС КЕҢ»

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысы әкімдігі мен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер кеңесінің бірлескен отырысында 2018 жыл өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады.
Осы орайда, Қазалы ауданында да кәсіпкерлік саласының даму деңгейін жоғарылату мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлер мен жаңадан кәсіп бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен арнайы бағдарламалар туралы Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жарқын Боранқұловпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Жарқын Ержігітұлы, қазіргі уақытта аудан бойынша тіркелген жалпы кәсіпкер саны қанша?
– 2018 жылдың 5 айы бойынша жалпы 4335 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Оның 488-і жас кәсіпкер. Жыл санап кәсіпкерлер саны артуда. Яғни, қазалылықтар кәсіпкерлікті «қазына кілтіне» айналдыра білуде.
– Кәсіпкерлікті қолдау барысында дүниеге келген «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы туралы толығырақ айтсаңыз...
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы – Қазақстан Республикасында шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге және дамытуға бағытталған, мемлекеттік гранттар мен қарыз беру, несие бойынша пайыздарды төлеуді азайту, несиелерге кепілдік беру және кәсіпкерлерді оқыту.
Айта кету керек, бағдарлама негізгі төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің жаңа бизнес-бастамаларын қолдау; екінші бағыт – экономиканың басым секторларында және өңдеу өнеркәсібі салаларында қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлерді индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін салалық қолдау; үшінші бағыт – кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету; төртінші бағыт – кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылай емес шаралары. Үкіметтің қаулысымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасына өзгерістер енгізілді.
– Өзгерістердің кәсіпкерлер үшін пайдасы қандай болмақ?
– Бұл өзгерістер мемлекеттің қолдауына қол жеткізе алатын кәсіпкерлер санын арттыратын болады. Негізінен бизнестің санаты, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар мен қолдау құралдарының шарты бойынша өзгерістер енгізілген. Осылайша, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында және өңірлердегі бизнесті дамытуға бюджет қаржысының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Бағдарламадан ірі кәсіпкерлік субъектілері алынып тасталды. Жаңа редакция бойынша, бағдарламада сомасы 180 млн теңгеден аспайтын несиелерді «Даму» қорында 5 жұмыс күні ішінде қарастырса, 180 млн теңгеден астам кредиттер 21 жұмыс күні ішінде бағдарламаның Өңірлік үйлестірушісімен жүзеге асырылатын болады. Кепілдендіру құралы бойынша қолданылып келген дәл осындай әдіс шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде өте тиімді екенін көрсетті. Кепілдікті тоқтату шарттарына қойылатын талаптар да жеңілдеді. Ол бойынша енді несие 100% мақсатты түрде жұмсалмаған жағдайда ғана кепілдік беру тоқтайды. Сондай-ақ, бір кәсіпкердің қолына тиетін несие субсидиясының сомасына да өзгеріс енді. Ол 4,5 млрд теңгеден 2,5 млрд теңгеге дейін азайды. Дегенмен, несие мөлшерлемесін субсидиялау мерзімі бұрын үш жыл болса, қазір ұзартусыз бес жылға өзгерді. Берілетін кепілдеменің мерзіміне шек қойылмайтын болғандықтан, енді кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспайды.
Сонымен қатар, бағдарлама бойынша субсидияланатын немесе кепілдік берілетін несиенің тұрақты бекітілген максималды мөлшерлемесінің орнына өзгермелі мөлшерлеме енгізілді. Субсидия Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5 пайызға ұлғайтылған номиналды сыйақы мөлшерлерлемесі бар несиелерге беріледі. Оның 30-50 пайызын үкімет саласына қарай субсидиялайды, айырмасын кәсіпкер өзі төлейді. Кепілдік шарт бойынша өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі бұрынғы кесте бойынша, яғни ҚР ҰБ базалық ставкасы +5% деп есептеледі. Бюджетке төленетін салық көлемінің артуымен байланыстырылатын тиімділік критерийі де алынып тасталды. Енді Бірыңғай бағдарламаға қатысу шартына сәйкес, кірісті арттыру мен жаңа жұмыс орнын ашу талаптарына сай келсе болғаны.
– Бағдарламаның бұрынғы редакциясында жоғарыда аталған талаптармен қатар, оң шешім алғаннан соң екі жыл өткесін салық түсімін 10 пайызға арттыру талап етілетін. Бұл – көп кәсіпкер үшін кедергі еді...
– Иә, қазір айналым қаражатын толықтыруға бағытталған несиелерге тиімділік критерийі талап етілмейді. Қонақ үй немесе қонақ үй кешендерін сатып алу бағытында жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптар да ыңғайлы бола түсті. Бұл қызмет түрі жобаларды субсидиялауды және несиеге кепілдік беруді мақұлдау кезінде бағдарламаның шектеу қойылатын критерийлері тізімінен алынып тасталды.
– Аталған бағдарлама аясында ауданда атқарылған істер бар ма?
– Бүгінгі күнге 3 жоба екінші деңгейлі банк арқылы несие қаражаттарын алып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланса, бір жобаға кепілдік берілді. Орайы келгенде айта кетейін, аудан кәсіпкерлерін мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырамын. Бағдарламаға енген өзгерістердің кәсіпкер үшін тиімді тұстары өте көп.
Сондай-ақ, Қазалы ауданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсының басты бетінде орналасқан «Бизнес» қосымшасында «Кәсіпкерлерге арналған бірыңғай мемлекеттік бизнес-порталға» тікелей сілтеме жасалған. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған кәсіпкерлерге арналған бірыңғай порталда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың 140-тан астам бағдарламалары мен құралдары бар. Қазіргі таңда өз кәсібін ашуды жоспарлаған азаматтар да, тәжірибелі кәсіпкерлер де мемлекеттік қолаудың барлық түрлері мен құралдары жайлы анықтамалық ақпараттан бастап салалық статистикаға дейінгі толық нұсқаулықты, қандай да бір бағдарламаға қалай қатысу керектігі туралы мәліметтерді бір жерден біле алады.
– Шағын қалалар мен ауылдық жерлерде шағын несиелерді кепілдендіру жұмыстары қалай жүреді?
– 2016 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. «ҚазАгроКепіл» АҚ бағдарламаның екінші бағыты бойынша, атап айтқанда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер бизнесін ашу, сондай-ақ қолданыстағы бизнесті кеңейтуге бағытталған шағын қалалар мен ауылдық жерлерде шағын несиелерді кепілдендіру бөлігі бойынша жұмыс жасайды.
Көптеген шаруалар несие алу кезінде кепіл қою жетіспеушілігі мәселелеріне тап болатыны белгілі. Нарықта ауыл мүлкінің төлем өтімділігі төмен болуы шаруаларға қажетті қаражатты алуға мүмкіндік бермейді. Мемлекет, шаруалардың мәселелерін түсіне отырып, оларға қол ұшын созды және дәл бүгін оларда бюджет қаражаты есебінен кепілдік алу мүмкіндігі бар. Толық ақпаратты аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне келіп алуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан:
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

12 шілде 2018 ж. 1 035 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области