Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МӘМС: ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ТИІМДІЛІГІ

МӘМС: ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ ТИІМДІЛІГІ

Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының 80-қадамында айтылғандай, еліміздегі денсаулық сақтау саласының қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі негізінде іске асырылуда.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» туралы заң 2015 жылдың 16 қарашасында қабылданды. Осы заң аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ (әрі қарай қор) құрылды. 2017 жылдың маусым айында аталған қордың филиалдары еліміздің әрбір аймағында ресми түрде ашылды. Ал шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер және азаматтық құқықтық шарт арқылы жұмыс атқаратындардан аударымдар мен жарналар тұрақты түрде аударылып келеді. Осы орайда жүйеге енгізілген өзгерістер мен қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Бақыт Торғайбайұлы, өткен жылдың шілде айынан батап жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер және азаматтық құқықтық шарт арқылы жұмыс жасаушылар тұрақты түрде жарна төлеуге кірісті. Бірқатар өзгерістер енгізілгенінен хабардармыз. Нақты қандай өзгерістер орын алуда?
– «МӘМС» заңына сәйкес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдар 5 түрлі форматпен жүргізіледі. Олар: әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға мемлекеттің жарнасы; жұмыс берушінің әрбір жұмысшыға аударатын аударымдары; жұмыскерлер жарналары; жеке кәсіпкерлер жарналары (2 ЕТЖКдан) және Белсенді емес тұрғындар (1 ЕТЖКдан).
2017 жылдың шілде мен желтоқсан айларында жұмыс берушілер жұмыскерлеріне айлық табысының 1% көлемінде өз пайдасынан төледі, ал жеке кәсіпкерлер сол жылғы ең төменгі айлық жалақының 2 еселеген мөлшерінің 5%-і көлемінде және азаматтық құқықтық келісім-шарт негізінде жұмыс атқаратындарға айлық табысының 5%-і көлемінде жарна мен аударымдар аударып отырды. Әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға мемлекет жарнаны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен екі жылды қоса алғандағы орта айлық жалақының 4% көлемінде 14 санат бойынша ай сайын аударып отырады. Аударылған аударымдар мен жарналар Ұлттық банкте сақталады және Қордың ресми сайтында ашық көрсетілім табады.
МӘМС жүйесінің заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне себепкер болған еліміздегі әлеуметтік мәртебесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелерде өзектендірілмеген белсенді емес халықтардың санағына байланысты болып келді. Соған сәйкес тек МӘМС жүйесіндегі көрсетілетін медициналық қызметтердің енгізілуі екі жылға кейінге шегерілді, яғни 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады және аударымдар мен жарналарды төлеу тәртібі мен мөлшерлерінде де өзгерістер болды. Атап айтқанда, 2018-2020 жылдарға белгіленген МӘМС жарналары мен аударымдарының мөлшері жұмыс берушілер (оның ішінде ЖК мен ШҚ иелері өз жұмыскерлері үшін жұмыс беруші ретінде) 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап – 2%, жеке тұлғалар 2018-2019 жылдар төлемейді де, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖК (өзі үшін) екі еселенген ең төменгі жалақыдан – 5%, АҚК негізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылы айлық табысынан – 1%, 2021 жылдан бастап – 2%, өзге санаттар ең төменгі жалақыдан – 5%. Мемлекет 2020 жылы жеңілдігі бар санаттар үшін мемлекеттік статистика органы тарапынан өткен 2 жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4% көлемінде жарна аударады («МӘМС» заңының 26-бабы 2;3 тармақтары бойынша), жұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлердің табысынан алынатын жарнаны ұстап қорға аударып отырады (2020ж – 1%, 2021ж – 2%).
Айта кету керек, қазіргі кезде арнайы Денсаулық сақтау заңына және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңдарына өзгерістер мен толықтырулар жасау жағдайлары қаралуда. Сол себептен МӘМС жүйесінің толық жұмыс жасауына кедергі келтірген белсенді емес тұрғындар жыл соңына дейін нақтыланса, онда жүйе 2019 жылдың 1 қаңтарынан енгізіліп кетуі мүмкін. Осы уақытта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті және Медициналық сақтандырудың медициналық пакеттерін нақты бекіту жұмыстары жүргізілуде.
– Қордың қазіргі жағдайы туралы айтып өтсеңіз.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мақсаты – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің қаржы операторы, ал жақын болашақта медсақтандыру пакеті бойынша стратегиялық сатып алушы ретінде же­ке­меншік секторды қызмет көрсетуге көбірек тарту, сол арқылы медицина нарығында бәсекелестікті күшейту. Өйт­кені, бәсеке бар жерде сапа болады. Осы мақсатта өткен жылдың қыркүйек айында Қор аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуге ниетті денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Дереққорға енгізілген медициналық мекемелер 2018 жылға халыққа «Тегін ме­дициналық көмектің кепілдендірілген көлемі» бойынша көмек көрсететіндер. Еліміз бойынша мемлекеттік тапсырыс­ты орындауға ниетті, әрі әлеуеті жетеді де­ген 1600-ден астам денсаулық сақтау субъектісі дерекқорға енді. Оның 49 проценті – жекеменшік клиникалар. Бұл жекеменшік ұйымдардың қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсететін негізгі дәйек.
Облыс бойынша айтар болсақ, Қордың дерекқорына қазіргі таңда 83 медициналық мекеме тіркелді, оның 49-ы – жеке клиника, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Қазіргі уақытта облыс бойынша 36 млрд теңгеге 65 медициналық мекемемен келісімшарт жасалды. Оның 34-і, немесе 52%-і жеке­меншік клиникалар үлесінде. Биыл кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік клиникалар саны өткен жылмен салыстырғанда 30 %-ке артты.
Өткен жылы Қор тұңғыш рет медициналық қызметтерді жеткізушілермен, соның ішінде емханалармен жұмыс істеуді қолға алған болатын. Олармен бекітілетін келісімшарт сомасы тіркелген тұрғындар санына тәуелді. Жыл басынан бері елімізде кейбір емдеу мекемелерінің азаматтар атынан тіркеу жөнінде жалған өтініштер жазып, оларды өздеріне тіркегені туралы, сондай-ақ, тіркеуден ешбір негізсіз бас тарту фактілері туралы шағымдар түсті. Қазір Қор мамандары осындай шағымдар негізінде жан-жақты жұмыс істеуде. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың құжаттарын қабылдау тәртібін өзгертіп, процесті адам факторларының қатысуынсыз ықпал ету керек. Сондықтан қазір осыны ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу туралы ұсыныс дайындалып жатыр. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере отырып, тіркеу ережесіне де толықтырулар енгізу көзделуде. Әрине, жаңа қызметтерді іске қосуға біраз уақыт қажет. Сондықтан Қор осы бағытта жұмыс басталған кезде қосымша хабарлайтын болады. Оған дейін азаматтарды емханаға тіркеу тәртібі бұрынғыша: egov.kz порталы немесе емханалардың тіркеу бөлімі арқылы жүргізіле бермек. Бұдан басқа, қазақстандықтарға сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін әзірлеп, емханаға тіркеу процесін жетіл­діру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, бұл бағытта азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу мүмкіндігіне ие болмақ. Мысалы, қазір осыған ұқсас қызметтерді «электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады.
– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті (ТМККК) пен МӘМС жүйесінің медициналық пакеттері туралы жан-жақты түсіндіре отырсаңыз.
– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі Мемлекет басшысының биылғы Жолдаудағы тапсырмасы негізінде оңтайландырылып жатыр. Тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы әрбір адамға шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қоғамдық мәні бар ауруларды мемлекеттік бақылауға алуға негізделген. Ал, тегін меди­циналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемі пакетінің жаңа үлгісімен қатар енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті оның кем-кетігін толықтырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының іргетасын қалауға ықпал етпек. Яғни, шұғыл көмек пен мемлекет тарапынан реттеуді талап ететін саланың бәрі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті есебінен жүзеге асырылады. Ал, кепілдік берілген тегін көмекке кірмейтін қосымша қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.
Амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмекті әлеуметтік маңызы бар аурулар да, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шең­берінде динамикалық бақылауға алынатын науқастар да ала алады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейтін науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар қазіргі кезде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС жүйесінің медициналық пакеттері кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Тегін меди­ци­налық көмектің кепілдендірілген кө­ле­мі жаңа үлгісіндегі медициналық пакеті бойынша барша азаматтарға жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл жағдайларда ста­ционарды ал­мас­тыратын және стационарлық көмек пен паллиативті көмек кіреді. Ал, әлеуметтік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде консультативті-диагностикалық қызмет, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек және туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалту жатады.
МӘМС (сақтандырылғандарға арналған) жаңа үлгісіндегі медициналық пакетіне консультативтік-диагностикалық көмек, ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу, балаларды мамандандырылған деңгейде тексеру, бағасы қымбат зертханалық қызметтер кіреді.

Сұхбаттасқан А.БАТТАЛОВА


23 тамыз 2018 ж. 725 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области