Түпкі мақсат – медициналық қызметтің сапасы
Бахыт Исмаханбетов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры:
Түпкі мақсат – медициналық қызметтің
сапасы мен қолжетімділігін арттыру
-Бахыт Торғайбайұлы, сұхбатымызды міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізудің 2020 жылға дейін шегерілуінен бастасақ. Мұндай қадамға баруға қандай факторлар әсер етті?
-Өздеріңізге белгілі, 2015 жылы қараша айында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға қол қойылып. Заңға сәйкес, жалдамалы жұмыскерлері бар жұмыс берушілер жарнаны төлеуді бастауы керек, ал жүйе осы 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап азаматтарға медициналық пакеттің аясында көмек көрсетуге тиіс-тұғын. Алайда бүгінгідей әлемді, біздің елімізді шарпыған дағдарысқа байланысты жұмыс берушілердің, азаматтардың, жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлердің, жалпы азаматтардың көбінің жарнаны төлей алмау қаупі туындады. Сондықтан Елбасы бастаған, елдегі бизнес қауымдастық, Үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар тағы басқа құрылымдар осы түйткілдердің барлығын талқылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатындағы азаматтар ертең міндетті әлеуметтік медициналық пакетінің сыртында қалып қоймай ма? Олар бүкіл еліміз бойынша 2 миллион 800 мыңнан астам адам екен. Бұл дегеніңіз – үлкен армия. «Осындай қауіпті факторлар тұрғанда әртүрлі түсінбестік, қиын жағдайларға тап келмейміз бе?» деген сауалдарға жауап ізделінді. Келіссөздердің нәтижесінде екі жылға, яғни 2020 жылдың 1-қаңтарына шегеру туралы шешім қабылданды. Ол туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, осы жақында шықты. Ендігі мәселе, осы аралықта не істейміз? Алдымен 2 миллион 800 мыңнан астам өзін-өзі қамтыған азаматтарды өзектендіру жұмыстарын жүргізу. Бұл ретте тиісті тірліктер тындырымды атқарылуда. Облыс бойынша 80 мыңнан астам аталмыш санаттағы азаматтар бар. Оның 50 мыңға жуығы бүгінгі таңда өзектендірілді. Қалған 30 мыңы үшін қызу жұмыс жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін жұмысты еңсеру көзделген. Жұмыс берушілердің жағдайы есепке алынып, олардың заңда көзделген аударымдарының пайызы бұрын жоғары болса, қазір төмендетілді. Жеке кәсіпкерлер осы жылдың басынан бастап жарна төлеуден босатылды. Өйткені олар егер жалдамалы жұмыскерлері болса, соларға ғана төлейді. Содан кейін азаматтық құқықтық негізде қызмет көрсететін азаматтардың пайызы да азайды. Өзіміздің денсаулық сақтау саласын алатын болсақ, цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Жүйе бойынша барлық көмек негізгі екі пакетке бөлінеді. Ерікті сақтандыруды қосқанда, үшеу. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – бірінші пакет. Екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Екі пакетке өте нақты, дәл қызмет түрлерінің барлығын екі түрлі тізім жасап, өзектендіріп, соны екіге бөлу жұмыстары аяқталды. Енді ол 2020 жылдан бастап іске қосылатын болады. Онда мемлекеттің өз азаматтарына деген кепілдік берілген көлемі таза көрсетілген. Олар: жедел жәрдем, санитарлық авиация, профилактикалық егулер, әлеуметтік мәні бар аурулардың барлық көмегі, шұғыл түрде стационарға жатып емделу, амбулаторлық деңгейде тегін дәрілік заттарды өзектендірілген тізімдердің аясында азаматтар алатын болады. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне келер болсақ, мұнда адамның өмір сүру сапасын жақсартатын, қымбат тұратын, көбіне жоспарлы, жоғары технологиялық болып келетін емдерді қабылдайды. Ол дәл тексерілу тәсілдері, компьютерлік, магнит-резонанстық томография, құны аса қымбат тұратын зертханалық тексерулер, тізбекті реакция дейміз, түрлері көп. Солар біздің қордың есебінен тегін болады. Жоғары технологиялық деңгейдегі ем қабылдау. Бұларға бауырды, жүректі, т.б. ауыстырып салу, экстракорпоралды ұрықтандыру, нейрохирургиялық, травмотологиялық, артопедиялық оталар сияқты өте қымбат тұратын жоспарлы ем түрлері біздің пакетте тұратын болады. Содан кейін полиативті, мейірбикелік күтім, тегін берілетін дәрілік заттардың өзінің көлемі бар, бұлардың барлығы екі пакетке бөлініп қойылды. Өзінің ақпараттық жүйелері интернетке салынды. Ертең азамат қандай да бір ем түріне жүгінуге келген кезде оның қолында жеке куәлігі, ЖСН нөмірі болса, сол арқылы азаматтардың сақтандырылғанын автоматты түрде білетін боламыз. Жиынтық төлем деген тәжірибеге енгізіліп жатыр. Еш жерде тіркелмеген белсенді емес халыққа ендігі жылдан бастап «Біріңғай жиынтық төлем» енгізгелі жатыр, онын соммалары қала тұрғынына 1 АЕК және аудан, ауыл тұрғындарына осы көрсеткіштің жартысы бойынша төленім жүргізіледі. Оның ішінде зейнетақы төленімдері, әлеуметтік аударымдар мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жарнасы есептелінеді. Олай болса, азаматтар бір оқпен қанша қоянды атып алады, сосын сақтандырылған болып есептеледі. Басы ауырып, балтыры сыздаған кезде сақтандыру пакетінің есебінен барлық көмек түрін алады. Бұл – мемлекетіміз ұсынып отырған өте үлкен игілік.
-Жүйені іске қосуға дайындық жүріп жатыр екен. Бүгінгі таңда сақтандыру төлемдеріне қанша қаражат жиналды?
-Бүкіл республика бойынша 116 миллиард теңгеден асып кетті. Ал біздің Қызылорда облысы бойынша 3 миллиард теңгеден астам қаражат жиналды. Соның 93 пайызы – жұмыс берушілер, заңды тұлғалар. Қалған 7 пайызы – жеке тұлғалар. Жиылған қаражаттар Ұлттық банктің арнайы шотында сақтаулы тұр. Қордың ішінде құрылған резервтерге қолданылады. Ол ақша ешқайда кетпейді, басқа мақсатқа жұмсалуға заңды негізі жоқ. Тек ғана азаматтардың сақтандыру негізіндегі көрсетілген көмекке шығындарын өтеу үшін жұмсалады.
-Былтыр емханаларды тіркеу кезінде кемшіліктер орын алды ма? Кейбір емдеу мекемелерінің мамандары азаматтардың атынан жалған өтініш толтырған деседі. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.
- Тіркеу компаниясындағы бұзушылықтар деп айтуға келмес, кемшіліктер делік. Конституциялық құқығына қолсұғушылық мәселелері. Жеңіл қараудан келіп туындайды, ол бір дұшпандық әрекет емес ғой. Өтініштерін азаматтардың сыртынан толтырып жіберу секілді мәселелердің болғаны рас. Медицина мекемелері пациенттерді өзіне көбірек тіркеу үшін осындай қулықтарға барады. Екінші мәселе – өзінің аумағындағы емханаға тіркелгісі келмей, қаланың басқа бір түкпіріндегі емханаға тіркелуге құмар адамдар болады, көп болмаса да. Мұндай кезде мекеме ескертеді. Әрбір тұрғын ауыра қалған жағдайда емханасы 20 минутта жететін жерде болғаны жақсы. Қазір онша ешкім жаяу жүрмейді ғой, көлікпен жүреді. Меніңше, бұл реалды нәрсе. Шынайы. Соны біз барынша түсіндіреміз, егер оған келіспейтін болса, арнайы келісімшартқа отырады. Тек «Кезек күттірмейтін мәселелер туындағанда біз сізге 20 минуттың ішінде бара алмаймыз, сол есіңізде болсын. Егер осыған келссеңіз, сізді тіркейміз» деген келісіммен. Үшінші кемшілік – емханалардың қуаттылық мөлшері жетпей қалатын кездер болады. «Учаскеміз жоқ, дәрігеріміз жоқ, енді сізді тіркей алмаймыз» деп бас тартқан жағдайлар. Негізінде олай болмауы керек. Мемлекет өз халқының жағдайын жасауы тиіс. Осы үш кемшілікті арнайы атап өткім келеді.
-МӘМС-нің тұрғындарға ең тиімді тұсы қайсы?
-Ең тиімді тұсы – азғантай ғана жарна төлейсіз, басыңызға күн туа қалған жағдайда медициналық көрсетілімдер бойынша бүкіл пакеттің бәрін аласыз. Екіншіден, қалтаңыздан ақша шығарып, қорға төлегеннен кейін сіздің денсаулығыңызға деген жауапкершілігіңіз арта түседі. Психологиялық, ментальдық тұрғыдағы мотивация. Құлшыныс тудырудың ерекше бір құралы. Осыған орай медициналық мекемедегі қызметкерлердің қызмет сапасы да көтеріледі. Пациентті өзіне көбірек тарту үшін қызметкерлер арасында бәсекелестік туындап, барынша жоғары деңгейде жұмыс істеуге ұмытылады.
-Мемлекет қай санаттағы азаматтарға өз қаржысын төлейді?
-Қазір әлеуметтік аз құралған 14 санатқа мемлекет өзі төлейді. Олар – балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа толмаған балалар тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, бала туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты, балалары 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс алған адамдар, мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, тергеу изолияторында отырғандар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі жоғары білім беру, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар, оқып бітіргендер, оқуды бітіргеннен кейін күнтізбе бойынша 3 айға дейінгі азаматтар. Осылардың барлығын мемлекет мойнына алып отыр.
-Жұртшылыққа жарна төлеудің жолдарын айтсаңыз.
-Жарна төлеудің жолы оп-оңай. Азаматтарға арналған үкіметке барып, қандай санатқа жататыныңызды көрсетіп төлей аласыз. Оның жолдары көп.
-Жекеменшік клиникалармен бірлескен жобалардың аяқ алысы қалай? Қормен келісімшарт жасауға ниетті жеке емханалар көп пе?
-Осы жүйені енгізудегі мақсат – жекеменшік клиникаларды медицина нарығына көптеп тарту арқылы толыққанды бәсекелестік орта құру. Бәсекелестік жүрген жерде сапа өзінен-өзі болады. Түпкі мақсат – медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Сондықтан да жекеменшік емханалар да келешекте бәсекеге қабілетті бола түседі деген ойдамын. Қазірдің өзінде жүйелі жұмыс істеп жатыр.
-Ашық ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Айгүл Аханова