Рауан Есбергенов: «Онлайн несие беретін компаниялар халықтың құқығын өрескел бұзуда»
Онлайн несие беретін ұйымдардың жұмысы қаншалықты заңды? Олар халықтың қалтасын қалай қағуда? Жылдам несие берумен айналысатын компанияның құрығынан құтылар жол бар ма? Kyzylorda-news.kz-тің тілшісіне «Заң заңғары» құқықтық компаниясының заңгері Рауан Есбергенов осы және өзге сауалдар төңірегінде жауап берді.
– Соңғы кездері интернет ресурстардан онлайн кредит туралы жиі еститін болдық. Жарнамалары жарқ-жұрқ етеді. Тіпті, өнер жұлдыздары жарнамасына түсіп, насихаттауда. Айтыңызшы, онлайн кредит компанияларының жұмысы қаншалықты заңды? Олардың жұмысын кім бақылауда ұстайды?
– Онлайн кредит берумен айналысатын компаниялардың әрекетін заңды деу қиын.
5 шілде 2018 жылға дейін олардың заем беру әрекеттері заңсыз болып келді. Себебі, мұндай компаниялар іс жүзінде микрокредит беру қызметімен арнайы рұқсат алмай, заңсыз айналысқан. Осыған байланысты адамдар мен онлайн кредит беретін компаниялар арасында жасалған заем шарттарын сот арқылы жарамсыз деп тануға болатын еді.
Өкінішке қарай, Ұлттық банк осындай жылдам кредит беретін ұйымдардың әрекетін реттейміз деген желеумен Азаматтық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеген.
Нәтижесінде Азаматтық кодекстің 718-бабы өзгертіліп, қосымша 725-1 – бабымен толықтырылды. Сонымен онлайн кредит беретін компаниялардың әрекетін іс жүзінде заңдастырып берді.
Сөйтіп ҚР Ұлттық банкісінің бастамасымен 5 шілде 2018 жылы Азаматтық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізіліліп, онлайн кредит беретін компаниялардың әрекеттері заңды болып шыға келді.
Олардың жұмысын ешкім бақыламайды. Барлық күш осы компаниялардан кредит алатын адамдардың өзіне түсіп отыр. Үздіксіз өскен өсімпұлдарынан шаршап, жан-жаққа шапқылап ізденіп жүр.
Бүгінде бізге келген адамдардың құжаттарына қарағанда онлайн кредит беретін компаниялар өз білгендерін істеп отыр. Ал, жаңадан енгізілген 725-1-бабында көзделген шектеулер көбіне сақталып отырған жоқ.
– «Онлайн қарыздан» опық жегендердің құқығы қаншалықты қорғалып жатыр?
– Үкімет осындай компаниялардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру арқылы адамдардың құқығын бұзуға жол ашты деуге болады. Себебі, бұл салада адамдардың құқықтары көренеу және өрескел бұзылып жатыр.
Адамдар прокуратураға шағымданса, Ұлттық банкке жібереді. Ал, Ұлттық банк қазақ тілінде жазылған арыздарға орыс тілінде жауап беріп, шаршатып отыр.
Қазіргі барлық үміт сот билігінде.
Бүгінде сот билігіне де жүгіну оңай емес. Себебі, онлайн кредит беретін компаниялар заем шарттарында дауды төрелікте (арбитражда) шешу керектігін көрсетіп қойған.
Бүгінде тараптардың дауды өзара шешуді көздейтін институтын төрелік деп атайды. Бұл саладағы қатынастарды реттеу үшін 8 сәуір 2016 жылы «Төрелік туралы» заңда қабылданған.
Өкінішке қарай бұл институт кредит беретін ұйымдардың қол шоқпарына айналған. Кредитке қатысты дауларды қарауға байланысты төрешілерді әділ деуге мүлдем болмайды. Олар шімірікпестен онлайн кредит беретін компаниялардың дабылын қағып, солардың пайдасына ойланбастан шешім шығарып беріп отыр.
Осыдан соң барып жаңағы арбитраждың шешімінің заңдылығын даулап сотқа жүгініп тағы кетесің.
Шикі заңмен реттелетін Төрелік қызметі онсызда кредиттен қиналып жүрген елге сол кредит беретін ұйымдардың дүресіне айналып кетіп барады.
– Осы мәселе бойынша сіздерден көмек сұраған жандар болды ма?
– Иә, олар өте көп. Қазақстанның бүкіл аймағынан хабарласады.
– Құқықтық компания ретінде онлайн кредитке сіздердің көзқарастарыңыз?
– Біз мұндай компанияларды мүлде жақтырмаймыз. Қоғамға арақ, шылым қалай залал келтірсе, осы компанияларда сондай залал келтіреді деп есептейміз. Олардың әрекеті елімізге нәубет болып тұр. Адамдардың сауатсыздығы мен аңқаулығын пайдаланып отырған осы компаниялардың әрекетінен талай адам отбасынан ажырады, талай адам ауруханаларға түсіп жатыр.
– Жалпы, сіздерге көбінесе қандай мәселелер бойынша көмек сұрайды?
– Біздің компанияға адамдар көбіне адамдар банктен заңсыз комиссия өндіру, онлайн кредиттің өсімпұланан құтылу, үй аудару, құрылыстарды заңдастыру, жер учаскесінің құжаттарын жасау, заңды тұлғалар құру, тарату, балабақша ашу, копоративтік даулар бойынша жүгініп, көмек сұрайды.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет.
Динара Маханова