Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Дәстүрлі әнші-жыршылардың насихаты әлсіз – Күнсұлу Түрікпен

Дәстүрлі әнші-жыршылардың насихаты әлсіз – Күнсұлу Түрікпен

30 наурыз күні Қызылордада жас дәстүрлі әнші-жыршылардың республикалық фестивалі өтеді. Игі шараның басында бағзыдан жеткен төл өнерді ұрпаққа насихаттау жолында тер төгіп жүрген жыршы-термешілер Күнсұлу Түрікпен мен Марат Сүгірбай жүр. Дайындық кезінде Күнсұлумен сұхбат құрудың сәті түсті.


– Күнсұлу, фестивальді өткізу идеясы неден туды?
– Игі бастама Тұңғыш Президенттің ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары негізінде әрі «Жастар жылы» аясында қолға алынып отыр. Мақсат – дәстүрлі ән, жыр, термені тыңдарманға жаңаша форматта ұсыну. Бұл фестиваль бұрынғыларға қарағанда өзгешелеу болады деп отырмыз. Осы уақытқа дейін ұлттық өнерді насихаттау мақсатында белгілі бір әкімдік, мекеме немесе жекелей демеушілердің қолдауымен біршама бастама жүзеге асырылып келді. Жастар жылында ерікті жастар болып, ешкімнен бір тиын сұрамай, өз бетімізше тіршілік жасағымыз келді. Ақылы түрде ұйымдастырылғанымен, дәстүрлі ән, жыр, термені сүйіп тыңдайтын аудитория үшін билет бағасы қалтаға салмақ түсірмейді. Оның сыртында, халық фонограмма қолданатын эстрада әншілерінің де шығармашылық кештеріне билеті қымбат болса да барып жүр. Фестивальда өсиет пен өнегеге толы текті сөздің төресі ұлықталады. Төл өнердің тұғырын өзіміз биіктетпесек, бізге оны ешкім сырттан келіп көтеріп бермейді. Концерттен түскен қаржы бірқатар жерлесімізге «Жастар жылы» аясында Алматы мен Атырауда өтетін фестивальдарға қатысуға мүмкіндік береді.
– Шараның басында жүрген, «бәрекелді» деп қолдау білдірген кімдер?
– Алмас Алматовтың «Еріңді ер деп мойындамасаң, басқа ел ел деп мойындамайды» деген сөзі бар. Осы орайда дәстүрлі өнердің біз сияқты өкілдерінің ең әуелгі қамқоршысы – Алла, екінші – халық. Халық өзі тудырған өнердің отын ешуақытта өшірмейді. Игі шараны қолға алғанымызды естіп, біршама азаматтың шамасы жеткенше көмек беріп, жанашырлық танытқанына қуанып қалдық. Әсіресе, Жағыпар Қарабала бастаған «Oyzylorda» телеарнасының ұжымын ерекше атап өткім келеді. «Қанеки, тілім, сөйлеші», «Сыр сүлейін сұрасаң», «Жыр керуені» секілді тележобалар ол кісінің қазақ өнерінің жанашыры екенін көрсетеді. Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының директоры Мұхит Әбдікәрімов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы филиалының директоры Бауыржан Елеусінов, Текей Қарпықұлы атындағы колледж директоры Мейрамбек Исаев, жеке кәсіпкер Досхан Жүнісов секілді ағалардың бетімізден қақпай, бастамамызға қолдау білдіргені көңілге жылылық ұялатты.
– Фестивальға кімдер қатысады?
– Идея авторлары әрі фестивальдің негізгі ұйымдастырушылары – Марат Сүгірбай екеуміз. Фестивальға Алматыдан Мақпал Тоқтағанова, Астанадан Алпысбек Оңайбайұлы, Павлодардан Салтанат Қизатова, Қызылорда қаласынан Марат Сүгірбай, Еркебұлан Шыңжанов, Бейсембек Төлеубай, Әділхан Қуаңбаев, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәли Бекпейісов, Қуаныш Алғазиев, Жарасхан Төлебай, Зүлфия Баймырзаева, Амандық Жаппарбердиев, сонымен қатар, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі ән-терме бөлімінде оқитын талантты жас өнерпаздар қатысады.
– «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында дала фольклорын топтастыру, аудиторияға оны цифрлық форматта ұсыну туралы ой айтылған. Дәстүрлі өнерді өрістетудің бұдан басқа қандай амалдары бар?
– «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалада дала фольклоры мен музыкасының мыңжылдық тармағы негізінде жыр, терме, қисса, дастан, эпостарды ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен жаңаша форматта сақтау жөнінде айтылған. Осы идея негізінде біз жас орындаушылардың кәсіби деңгейін көтеру, шығармашылық мәдениетін дамытуға ынталымыз. Ұлттық өнерді өрістетудің жолдары жетерлік. Ең алдымен, ол – осы бағыттағы жастардың талабына қолдау білдіру. Өнер қолдау бар жерде ғана өрістейтіні белгілі. Елдің есінде жиі жаңғырып тұрмаса, бұл өнердің аудиториясын қалыптастырамын деу қателік. Қазір біз эстрада жұлдыздарының өмірі туралы жатқа айтатын жағдайға жеттік. Өйткені, олар туралы ақпарат өте көп. Ішіп-жегені, жүріп-тұрғанына дейін көз алдымызда, елдің аузында. Ұлттық өнердің насихаты да осындай деңгейге көтерілсе деген тілегіміз бар. Оны халыққа жеткізудің жолдары көп. Ол телевизиялық жоба, бағдарлама немесе шығармашылық кеш болуы мүмкін. Мұндайда көгілдір экран үлкен көмекші бола алады. Ұлттық арнадағы халықаралық «Мен – қазақпын» мегажобасы төрт ай бойы экраннан түскен жоқ. Осының арқасында халық қатысушыларды біраз танып-біліп қалды. Дәстүрлі өнерді дәріптеу шараларын әлеуметтік желілер арқылы да жандандыру ойда бар.
– Қазір кей мектептерде қоңыраудың орнына күй ойнайтын болды. Оқушыларға «Қобыланды батыр» жырын жаттату бастамасына тағы бір қуандық. Алайда, жастарға жыр-термеден гөрі бәрібір эстрада жақын. Неге?
– Өзіңіз де білесіз, «Тұлпар мініп, ту алған» жобасын көпшілік жылы қабылдады. Осының арқасында «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» дастандарына қызығушылық оянды. Оны жатқа айтушылар қатары көбейді. Жыр жаттаған оқушылар мен олардың мұғалімдері үшін тәуір жүлде тағайындалды. Дегенмен, мұндай шаралардың науқандық сипаттан әрі аса алмайтыны көңіл қынжылтады. Кезінде ата-әжелеріміз қаншама мың жолдық дастандарды тыңдау арқылы жадында сақтаған. Осы уақытқа дейінгі біршама дүние бізге құймақұлақтық әдіспен жетті. Бір ғана жобамен шектеліп қалуға болмайды. Қазіргі жастар терме, жыр-дастандарға емес, керісінше жеңіл-желпі әндерге әуес. Өйткені эстрада әншілерінің қасында дәстүрлі әнші-жыршылардың насихаты әлсіз. Біз жастарды қызықтыра алмай жүрміз. Қызықтырудың тетігін таппай жүрміз.
– Күнсұлу, шетелдіктер қазақтың дәстүрлі өнерін қалай қабылдайды? Өзіңіз аралаған елдердің ішінде қайсысының ықыласы жоғары болды?
– Дәстүрлі ән-жыр өнері Орта Азия елдерінің көбінде бар. Қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде домбырамен ән айтуына еуропалықтардың ықыласы ерекше. Оны бірнеше рет барғанда байқадым. Осы жерде Алмас Алматовтың әңгімесі есіме түсіп отыр. Ағамызды осында Еуропадан бір ғалым іздеп келсе керек. Жыр-терме тыңдап отырғанда ол: «Бізде де осындай өнер бар еді, бірақ жойылып кетті. Сіздерді тыңдау арқылы арғы тегіміздің тегін емес екенін сезінеміз», – деген екен көзіне жас алып. Біздің өнер әлемдік классика қатарында. Биыл қобыздың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енгізілді. Ал қазақтың жыр-дәстүрі Қорқыт мұрасына негізделген.
– Жыр-термені үлкендер жағы ұйып тыңдайды ғой. Фестивальдің өтетінінен халық қаншалықты хабардар? Қай күні, нешеде өтеді?
– «Біздің тыңдаушыларымыздың алды алпыстан асып кетті. Алдағы жиырмажылдықта мамандық ауыстырғанымыз дұрыс шығар» деп әзілдеп қоямын кейде. Бірақ ұлттық өнер қазақ ұлты барда ешқашан өшпейді. Қолда бар мүмкіндікті пайдалану өзімізге байланысты. Атқарылып жатқан жұмыстың легі, тіршіліктің тынысы тоқтамауы тиіс. Алдағы шара теңізге тиген тамшыдай ғана. Фестивальдің болатыны туралы ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де жарияланды. Афишалар да ілінді. Бұйырса, зал толы болып, халық ерекше ықыласпен қабылдайды деп сенеміз. Осы орайда өнерсүйер қауымды 30 наурыз күні сағат 18.00-де Нартай Бекежанов атындағы облыстық театрда өтетін жас дәстүрлі әнші-жыршылардың республикалық «Жырласа, жастар жырласын!» атты фестивалін тамашалауға шақырамыз.

26 наурыз 2019 ж. 1 052 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области