Мұхамеджан-Қарамолда атылды ма?
Қазақтың «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» – деген мақалы бекер айтылмаған. Оны қазақтың Қалтайы (Қалиолла) Мұхамеджановтың бабаларының өмір жолы арқылы дәлелдеуге болады. Қалтайдың төртінші атасы Қыз бен жігіт айтысының жұмбақ аралас келетін көне түрінің негізін қалаған Күдеріқожа Көшекұлы (1820-1858 жж.). Оның Үлбике Жанкелдіқызымен жұмбақ аралас келетін айтысы халықтың дүниетанымын бейнелеген туындысы ретінде, академик В.Радловтың әйгілі кітабы бойынша неміс тіліне Гамбургте аударылған.
Қалтайдың әкесі Мұхамеджан Нүрекеұлы (Күдеріден Нарбота, одан Нүреке) жастайынан өте алғыр зерек құйма құлақ болып өскен. Алдымен, Нүреке әкесінен сауат ашып, сегіз жасында Сыр бойында Тапал ахун деген атпен белгілі Нұрмұхаммедтің жолдамасымен, Бұхараның әйгілі Мир-Араб Көкілташ медресесіне түсіп, оны тамамдап, сопылық дәрежесімен Сыр бойына оралады. Мұхамеджанның Қарамолда атануы үлкен ұлы Әбибулла ағаның пікірінше Құранды, пайғамбарымыздың хадистерін жатқа айтатын, құран аяттарының кітаптың қай бетінде нешінші қатарында екенін де есіне сақтайтын Қари молда дегеннен болуы керек. Ал, С.Шаухамановтың ойынша «Қара» сөзінің ескі түрікше беретін «Ұлы» деген мағынасына байланысты. Біздің ойымызша, бұл екі пікірдің екеуі де жансақ емес. Керісінше Мұхамеджан атамыздың бейнесін әрлеп, өрнектеп ұлықтай түсетіндей.
Мир-Араб Көкілташ медресесін бітіргеннен кейін, Мұхамеджан-Қарамолда Кіші жүз, Жетіру, Барлыбай Табындардың балаларын оқытып, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеп, үлкен құрметке ие болады. Бұл жерден қоныс аударуына 1916 жылы қазақ жастарынан патша әскер қатарына жігіт алуға байланысты ел ішіндегі дүрбелеңнің басталуынан, екінші жағынан ортаншы ағасы Мақсұттың дүниеден озуы себеп болған. Мақсұттың мүрдесі әкесі Нүреке жатқан Жалағаш ауданының «Арқаш» деген қорымына қойылады. Мақсұт ағасының қайтыс болуы үш жүзге аты шыққан әйгілі оқымысты, ғұлама ғалым ұстазы Нұрмұхаммедтің (Тапал ахун) дүниеден озуына сәйкес келеді. Мұхамеджанның жанын күйзелткен екі қазаның арасы үш ақ күн. Дәл сол кезде оның қаламынан «Бірі жаным, бірі иманым» деген зар мен мұңға толы өзін де өзгелерді де шүкірлік етуге шақырған жоқтау жыры туады. Бұл өлеңді өмірден озып кеткен Кенехан Қанағатовпен әкем Құдайбергеннің еріксіз төгілген көз жастары сақалдарын жуып, егіле айтып отыратындарын естідім де. Бірақ Қарамолданың ақталмаған кезі болғандықтан, олар оның мәтінін де, ырғағын да өздерімен мәңгі жайға алып кетті. Өкінішті-ақ!
Мұхамеджан араб, парсы, шағатай, өзбек, түркімен, қырғыз, орыс тілдерін меңгерген діндар ғұлама ғалым, сондықтан, Нұрмұхаммед (Тапал ахун) өзінің үздік шәкірті ретінде Мұхамеджанға үлкен сенім артып, оны келешек ұрпақты Ислам қағидалары негізінде тәрбиелеуге бағыт беріп отырған. Демек, Мұхамеджан да оның ұстазы Тапал ахун да Кеңестік идеологияның түптеп келгенде, құрдымға кетіп, исламның әлемдік ілімге айналатынын сезген ауқымы кең ғұламалар. Дінге тікелей қарсы бағытталған бұл идеологияның тегеуріні қатты болғанмен, Мұхамеджан өзінің ұстаздық қызметін тоқтатпаған. Ол 1926-1929 жылдары Жаңақорғандағы Айқожа Ишанға салдырған «Ақтас» мешітінің бас имамы болады. Белгілі мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің әкесі Мұхамедия, ақындар А.Тоқмағанбетов, Қ.Баймағанбетов, Т.Дәуітбаев, жырау Р.Мәзходжаев сияқты тарихи тұлғалар «Ақтас» мешітінде Қарамолдадан дәріс алған. 90 жылдығын тойлағалы отырған қазақтың Қалтайы да осы жерде дүниеге келген. Бірақ, Қалтай аға өз қолымен жазған өмірбаянында туған жерін Тереңөзек ауданының Шіркейлі ауылы (бұрыңғы Қызылжалау ұжымшары) деп көрсетеді. Оның себебін кейінірек айтамыз.
Мұхамеджан атасы ақын Күдеріқожа Көшекұлының ақындық қасиетін түгелдей қабылдаған тұлға. Оны Сыр сүлейлерінің бірі Кете Жүсіп Ешниязұлы:
Мұхамеджан шың әулет,
Тақысыз таза ақ айдын.
Өлеңді жазған мін көріп,
Әруаққа кеткен сыйынып.
Әлінде білмей көбісі,
Жел сөзбен баһас ойлаған,
Алмасқа шапқан адамдай.
Қалар ед белден қиылып – деп жоғары бағалаған. Мұхамеджан Нүрекеұлының бізге жеткен өлеңдерін осы жолдардың авторы «Тақыссыз таза ақ айдын» деген тақырыппен республикалық әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық «Сырдария» альманағында жариялағанды (№2 (8) 2010 ж. 76-90б. Сондықтан, оған көп тоқталмай, Мұхамеджан Нүрекеұлының жазықсыз репрессияға қалай ұшырағанын, оның РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10, 58-11 баптарымен атылу жазасына кесілгендігін, бұл үкімнен кейінгі Қарамолда әкеміздің өміріне байланысты кейбір пайымдаулар мен болжамдардың болғандығына оқушы назарын аудару. Оның үстіне, «Өте құпия» деген грифпен репрессияға ұшырағандардың тергеу амалдары мен жауап құжаттары бұрынғы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) архивінен облыстық ішкі істер департаментіне беріліп, ол құжаттармен танысуға мүмкіндік туды.
Нәтижесінде, Мұхамеджан Нүрекеевтің №616 ісімен таныстым. Бұнда 1937 жылдың 25 тамызынан 22 қазанға дейінгі тергеу сұрақтары мен қолдан ұйымдастырылған жазаланушылардың жауаптары тігілген.
Сәл шегініс. Менің әкем Құдайберген Мұхамеджан атамыздан бірнеше жас кіші. Кеңес үкіметі орнап, оны кедейлердің мүддесін қорғайтын, оларға теңдік пен бақыт әкелетін қоғам ретінде насихатталып, соған сай коммунистік идеология қалыптастырылғаны тарихи шындық. Әкем діни сауатына қосымша қазіргі оқу-жазуды үйреніп, кезінде әртүрлі қызметтер атқарған. Ал, Қарамолда атамыз шыңдығында Кеңес үкіметіне, оның саясатына түбегейлі қарсы болған. Әкем:
– Түнделетіп Мұхамеджан ағама бағытыңызды қойыңыз деп үшінші рет барғанымда, осы үкіметің түбі құрдымға кетпесе, мұрнымды кесіп беремін, бұл мәселе бойынша екінші келме, – деп ұрсып қайтарғанды деп айтып отыратын. Осы уақытта Мұхамеджан ақынның «Заман-ай» деген саяси тақырыптағы өлеңі шығады.
Әкем оның мазмұнын түгел түсініп, жатқа білгенмен, бізге айтпай кетті. Себебі, ол кезде Мұхамеджан атамыз әлі ақталмаған болатын. Осы бір ұзақ толғаудың мәтінінен бізге жеткені төмендегі жолдар ғана.
Қыран бүркіт тау бөктерін бауырлап,
Тура ұшарға қанат-құйрық ауырлап.
Тегі жабы, тоқпақ жалды торы айғыр,
Арғымақты бара жатыр сауырлап.
Көргенсіздер көлбеңдеген Заман-ай!
Көп үйірде бар еді бір қысырақ,
Кетті оған жаман сәурік ұшырап.
Көргенсіздер көлбеңдеген Заман-ай!
Осы бір шағын үзіндіден: «Тегі жабы тоқпақ жалды», «Жаман сәурік», «Көргенсіздер көлбеңдеген» сияқты сөз тіркестерінен Мұхамеджан ақынның Кеңестік билікке деген бүкпесіз айтылған саяси қарсылығын байқауға болады. Мұхамеджан атамыздың тұтқындалуына себеп болған да осы өлең. Қарсақпайда тұратын Найманның Матай руынан шыққан Нұржан қажы ғұлама, емші, болыс болған кісі. Мұхамеджан атамыздан он жас үлкендігіне қарамастан, оған қол беріп пір тұтқан. Саяси көзқарастары да бір болған. 1937 жылы Нұржан қажы мен оның ұлы Ғайнаддин қамауға алынады. Тергеу мен тінту барысында түгел жыртып үлгірмеген Мұхамеджанның «Заман-ай» атты толғауынан жоғарыда аталған үзінді Ғайнаддиннің қалтасынан шығады. Әр түрлі әдістер мен қыспаққа алып, тергеу барысында бұл өлеңнің авторы Сыр бойындағы Мұхамеджан Нүрекеев екенін анықтайды. 1937 жылы 23 сәуірде Қарағанды облысы НКВД-ның Қарсақпай ауданының қызметкерлері Тереңөзек ауданының Қызыл жалау ұжымшарының Әсір қыстауында отырған Мұхамеджанды тұтқындайды. Сол кезде толтырылған анкетада көрсетілгендей, әлеуметтік жағдайы: шаруа, молда болған, мешіт ұстаған, 10 ірі қара малы болған. Отбасы: Әйелі Шарипа 38 жаста. Заруха 48 жаста (оны да әйелі деп көрсеткен шындығында ол қайтыс болған Мақсұт ағасының жесірі) ұлдары: Әбибулла 11 жаста, Қалтай 10 жаста, қызы Рысбике 7 жаста, ұлы Ибрагим 4 жаста, қызы Рыскүл 1 жаста екен. Сөйтіп, Шарипа мен Заруха аналарымыз-қос жесір шеттей бала-шағаларымен аңырап қала береді. Мұхамеджан атамыздың үлкен ұлы Әбиболла «Мен қалай ақын болдым» деген өлеңінде:
Әкеміз өлең сөздің тарланы еді,
Біздерді бір жеткізу арманы еді.
Жылыңда отыз жеті опат болып,
Артында үш жетімек қалған еді, – деп тебіренсе, «Өзіме әм өзгелерге» деген өлеңінде:
Жығылып он жасыңда бәйтерегін,
Өмірдің болдын талай қыспағыңда.
Жазықсыз жау атанып кетті-ау әкем,
Әсірдің аты шулы қыстағында.
Опат жыл отыз жеті қанды-қасап,
Себепкер заман ба әлде, Сталин ба?
Аттырып арыстарын қараң қазақ,
«Қуантты» қараулармен іштарында.
Халықпыз шаш ал десе бас алатын,
Сұрқия саясаттың ықпалында.
(Жан әкем жарықтықтың жайы болғай,
Жәннәти Жауаданның» ұшпағында) –деп күңіреніпті.
(Сырдария. Альманах. №4 (10) 2010 ж. 46,48,49 беттер).
1937 жылдың тамыз айының 18-де, яғни, төрт айдан кейін Мұхамеджан атамызды Биттеғұлов Нұржан қажы мен Қарсақпайдан НКВД-ның Қызылорда бөлімшесіне айдайды. Ал, Нұржан қажының баласы Ғайнаддиннің тағдыры белгісіз. Біздінше екі дос-Мұхамеджан мен Нұржан барлық кінәні өз мойындарына алып, оны құтқарған сыңайлы.
НКВД-нің Қарсақпай бөлімшесінің Мемлекеттік қауіпсіздік саласының сержанты Мусин 5 мамыр 1937 жылғы тергеуінде Кеңес үкіметін құлату жөніндегі контрреволюциялық жазбаша ойымды Биттеғұлов Нұржанға жібердім дегізіп Мұхамеджан атамызды мойындатады. Бұндағы «Жазбаша ойым» деп отырғаны жоғарыда келтірген «Заман-ай» толғауынан тергеушіге жеткен үзінді. Сөйтіп, Мұхамеджан мен Нұржан сынды қос ғұламаның тағдырын сержант шеніндегі топас жандайшап Мусин шешкен. Тергеу амалдарының бәрі де орыс тілінде жүргізіліп, әр бетке қол қойдыртып, бұларды жақсы білетін өз ағайындарын куәлікке тартып отырған. Кінәлау олардан қысыммен алынған жауапқа негізделіп, оның дұрыс-бұрыстығы қосымша мәліметтермен дәлелденбеген, аудармашының қызметі пайдаланылмаған. Кейбір архив құжаттарында кездесетін дәлелдерге қарағанда, жоғарыда кінәлі деп табылған тұлғалардың туыстарының ішінен тергеушілерге қызмет еткендер де болған. Уақыт қыспағына шыдамай, заманның келешегін бағдарлай алмаған, сөйтіп талай жазықсыз жандардың обалына қалған бейшара пенделер қанға боялған арлары мен алланың алдында жауап берерін қаперлерінен шығарса керек.
Заманымыздың ұлы суреткерлерінің бірі Әбіш Кекілбайұлының «Саңлақ» деген атпен шыққан («Атамұра» 2004 ж.) Қалтай Мұхамеджанов туралы естеліктер кітабының алғы сөз орнына жазған «Ерекше құбылыс, Ерен тұлға» атты мақаласынан мына жолдарды оқып көрейік:
– 60 жылдардағы әдеби жиындардың бірінде жер айдалып келген ақсақал ақын Қалағаңның әкесі Мұхамеджан пірадардың абақтыда бір түнеп үлгірмей жатып, өзгелерге орын босату үшін сотсыз, тергеусіз атылып кеткенін өз көзімен көргенін жылап тұрып естіртіп: «Қайдасың Қалтайжан?! Бұдан хабарың бар ма еді?!» – деп сұрағанда, әншейінде әзілкеш жазушы состия қарап: «Естіп тұрмын. Білемін аға» деп саңк ете қалып еді. Қалағаның саңк еткен дауысын 1962 жылы жазып бітірген «Менің дертім» драмасы айтқызған болатын. Жиырма бес жылдан кейін, 1988 жылы Қалтай Мұхамеджановтың «Менің дертім» драмасы «Біз періште емеспіз» деген атпен М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында сана цензурасы тосқауылын бұзып жарып зор табыспен қойылды.
Әбіш Кекілбайұлының «Айдалып келген ақсақал ақын» деп отырғаны Тоғызақов Қасым Сәрсенұлы (1910-1984 жж.) Білім жолын Қостанай педагогикалық техникумынан бастаған ол Ленинградтың А.Е.Герцен атындағы педагогикалық институтында оқып жүргенде, саяси көзқарасы үшін бірінші рет (16 ақпан 1933 жылдан 20 мамыр 1933 жылға дейін) тұтқындалып, ПП ОГПУ-дың шешімімен қылмысы дәлелденбегендіктен босатылады. Екінші рет Алматыда сол мотивпен тағы да тұтқындалып (04.12.1933-07.03.1934 жыл аралығында), алғашқыдай мерзімде төрт айда бостандыққа шығады. Көп ұзамай, 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының аудармашылар бөлімін басқарады. Қасым Тоғызақовтың аталған екі рет істі болып тұтқындалуының уақыты Мұхамеджан атамыздың түрмеде отырған уақытымен сәйкес келмейді. Қасым Тоғызақов үшінші рет РСФСР-дің қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11 баптарымен айыпталып, ұзақ мерзімдік жазамен сотталады. Түрмеде 1941 жылдан бастап 15 жыл отырып, 10.10.1956 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының Жоғарғы сотының Тергеу комитетінің шешімімен қылмыстық әрекетінің дәлелденбеуіне байланысты ақталады. Сонда жоғарыда Әбіш Кекілбайұлының Тоғызақов Қасым Сәрсенұлының Қалтай ағаға әкесі жайлы айтқаны оның үшінші рет сотталу уақытына сәйкес келетіндей. Демек, 1937 жылы Мұхамеджан Нүрекеұлының ату жазасына кесіліп, үкімнің орындалғаны жайлы қолымыздағы бар құжаттардың шындығы дүдамәл ойларға жетелейді. Оның үстіне, Мұхамеджан атамызға айыптау бабы Қ.Тоғызақовқа таңылған 58-10, 58-11 баптарымен сәйкес келеді.
1937 жылдың 21 қазан айындағы кіші лейтенант Цыганов қол қойған жеті парақтан тұратын орысша жазылған хаттамада Мұхамеджан әкеміз өзінің контрреволюциялық ұлттық топты Кеңес үкіметіне қарсы ұйымдастырғаны, сөйтіп, Кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасағаны, ұйымдастырушылық істерін мойындағаны туралы құжат негізінде, оның ісі сотқа жіберіледі. Сонымен, тергеу амалдары аяқталады. Ал, төрт күннен кейінгі 29.10.1937 жылғы айыптау қортындысында Мұхамеджан Нүрекеев контрреволюциялық ұлттық қозғалысты басқарған ишан Аппаков Аляуадиннің тапсырмасымен, Орта Азия республикаларында капиталистік құрылысқа негізделген тәуелсіз мұсылман мемлекетін құруға әрекет жасады деген қосымша айып тағылады. Сөйтіп, оның «қылмыстық» ісі Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД-нің соңғы шешімін шығаратын «Үштіктің» қарауына жіберіледі. Біздің қолымызда 1 қараша 1937 жылы қабылданған № 616/703 Қауіпсіздік комитетінің 8-ші бөлімінің лейтенанты Коренев қол қойған қаулының Мұхамеджан Нүрекеевті ең жоғарғы жазаатуға бұйырғаны, жеке заттарын кәмпескелеу туралы шешімі және оның мүлтіксіз орындалғаны туралы құжат бар.
Тағдырдың әр алуан талқысымен абақтыға отырғандардың бір-бірімен байланысы қазіргі ақпараттық дүниенің мүмкіндіктерінен кем болмағандығы белгілі. Мұхамеджанның өлім жазасына кесілгендегі соңғы күнін үлкен ұлы Әбиболла аға туған құдасы Еспенбетов Шаһаптың атуға кесілгендердің камерасында болған кожа Баһрамнан жеткен мына дерегін келтіреді: – Сол түнде Мұхамеджан екі бас намазын оқып, соңынан Қ.А.Яссауидің: «Қолым тұтып жолға салған әнтәлл-әһи» – деген бәйітін өлеңмен зарлатып айтады. Сорлы, неге жетісіп өлең айтып отырсың дегендерге: – «Сорлы мен емес сендерсіңдер. Тұмақ парыз, өлмек хақ. Алла өзі берген аманатын өзі алады. Бізге бұйырған шәһит өлімді кезінде пайғамбарымыз да Құдайдан сұрап ала алмаған. Бізге Алла сондай ажалды нәсіп етіп тұр. Мен намаз үстінде баршаңыздың аттарыңыздан Алладан кешірім сұрап, имандарыңызды үйірдім. Сондықтан, бастарыңызды көтеріңдер! Ах өлімді күліп қарсы алайық – депті. Алланың ақ жолына бекем берілген Мұхамеджан – Қара молданың ажал алдындағы қайтпас осы бір қайсарлығы дар алдына құранын оқумен барған Саддам Хусейнді еске түсіреді. Біз парақтаған бұрын құпия болып келген құжаттарда «Үштіктің» ату жазасына кесілген шешімі орындалғаны жазылған. Бірақ, жоғарыда атап өткен Қасым Тоғызақов ағамыздың Қалтай ағаға айтқан көп алдыңдағы уәжіне сүйенсек, оны дәлелдей түсетіндей кейбір пайымдаулар алдымызды кескестей береді. 1937 жылы ату жазасына кесілген, ол орындалған жағдайда соғыс жылдарында түрмеде отырған Қасым ағам мен Мұхамеджанның бірге отыруы уақыт жағынан алғанда, үлкен сәйкессіздік. Қара молданың үлкен ұлы Әбиболла мен кенже ұлы Ибрагимнің (Қырғызбек) айтуынша, Қара молда ағасы Әсетке жазған хатында өзінің «Троцкист», Тұрар Рысқұловтың құйыршығы деген жаламен ұсталып, теңіз Аралында жатқанын (Сахалин я Куриль) жағдайының жаман еместігін хабарлаған. Бұл мәліметті Әсет әкемізге келіні Шәрипаға өлер алдында тек 1943 жылы мойныма қарыз болмасын деп ағынан жарыла айтқан (Толығырақ. «Ақмешіт ақшамы» газеті, 05.05.2000 жыл). Мұхамеджан әкеміздің әлі ақталмаған кезі болғандықтан, кейінгі ұрпақтарына залалы тимесін деп бұл шерін өлер алдында ғана ақтарып салған. Қазіргі көзі тірі Мұхамеджан атамыздың кіші ұлы Ибрагимнің (Қырғызбек) жұбайы Кален жеңгеміз енесі Шәрипаның Әсет қайнағасынан алған Мұхамеджанның хатын қорыққанынан бір жерге тығып, таба алмағанын, жұбайы Қара молданың тірі екенін өле өлгенше айтып кеткенін егіле еске алады.
Тағы бір дерек. Белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері, Сыр елінің атпал азаматы Исатай Әбдікәрімов (1923-2001 жж.) ағамыздың Әбиболла ағаға айтқан мына бір әңгімесінің куәсі болғанмын. Онда Исекең аға: – «Өзгент» кеншарында тұратын нағашыларының бірінің үйінде түрі «Қара молдаға» келетін бір кісінің пайда болғанын, ем-дом жасайтынын, кейбір болжамдарының келетінін, бетінде білінер-білінбес шешек дағы барлығын, аяғын сәл сылтып басатының, сөз мәнерінің Қалтайға келетінін, радиодан Қалтайдың аты аталса, күрсініп үндемей тыңдап отыратынын айтқан болатын. Қалтай ағаның өмірбаянына сүйенсек, бұл өткен ғасырдың 50-ші жылдарының орта кезеңі. Себебі, Мәскеудің Луначарский атындағы ГИТИС-ті бітіріп, өнер жолындағы Қалағаңның Қазақстанға үлкен лауазымды қызметке келіп, елге таныла басталған жылдары. Исатай ағаның сөзін тағы да дәлелмен дәйектей түсетін фактінің бірі Мұхамеджан атамыздың 1926-1929 жылдары Жаңақорғандағы Айқожа ишанға салдырған «Ақтас» мешітінің бас имамы болғандығы, қазақтың Қалтайы атанған, биыл тірі болғанда, 90-ға келетін Қазақстанның Халық Жазушысының осы топырақта дүниеге келгендігі ойымызды дәлелдей түсетіндей. Кейбір мұрағат құжаттарынан көргеніміздей, өз ағайындарының сатқындығын білген, сезінген Мұхамеджан ағамыз кезінде ислам дінінің Сыр елінде ошағы болған қасиетті Жаңақорған топырағын паналағанда болар деген ой келеді. Қалтай аға өз қолымен жазған өмірбаяндарында туған жерін Жаңақорған деп көрсетпейді. Бұл бір жағынан, әкесі Мұхамеджан Қарамолданың ақталмаған кезіндегі саяси сақтығы болса, екінші жағынан тарихтың туралығына деген үлкен сенімі болса керек. Кіндігінің қаны тамған жер туралы екі ұшты пікірлерді Сыр елінің төл тумасы Алаштың айбарлы азаматы Темірбек Жүргеновтің де өз қолынан жазған өмірбаянынан кездестіруге болады.
Кез келген азаматтың жазықсыз жазаға ұшыраған адал арының ақталуына көп уақыт кетеді. Солардың бірі тағдыры қилы-қилы заманның тезінен өткен атамыз Мұхамеджан-Қара молданың РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11 баптары бойынша ату жазасына кесілген ісі 1956 жылы қайта қаралды. Бұл ретте мұрағатта сақталған тергеу амалдарының құжаттарын зерделеп, обьективті анықтама жазған Қызылорда облыстық Мемлекеттік Қауіпсіздік басқармасының тергеу бөлімінің бастығы майор Жетібаевтың елеулі еңбегі ерекше атауға тұрады. Мұхамеджан атамыздың жерлес інілері: Ержанов Құдайберген, Төреханов Сыйқым, Әбдіманов Алдаш, Жінайтов Камаладдиндердің Қара молданың жазықсыз жапа шеккендігін дәлелдегендерінің, оның ақталуына оң ықпал еткенін айту керек. Нәтижесінде Қызылорда облыстық соты (Төрағасы С.Елшібаев) президиумының 26 ақпан 1957 жылғы шешімі бойынша іс-әрекетіндегі қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты қысқартылған. Осы құжат негізінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының 25.03.1996 жылғы шешімімен Мұхамеджан Нүрекеев толық ақталған.
Иә, туған халқының жауы ретінде жазықсыз жазаға тартылған талай боздақтардың тағдыры тарих қойнауына кетіп барады. Қазақтың Халық Жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі Мұхамеджан атамыздың тағдыры арқылы, келешек ұрпақтарымызға ой тастасақ, мақаламыздың мақсатына жеткені деп білеміз. Халық жауының ұлдары мен қыздары атанып, өмірде талай қолдан жасалынған қиындықтарды, қыспақтарды, кемсітушіліктерді қайыспай көтерген алдымыздағы аға буын ұрпаққа айтар алғысымыз шексіз. Тәуелсіздік жағдайында өмір сүріп жатқан жастарымызға бұл бейбіт күннің оңай келмегендігін еске салуды да парызымыз деп білеміз.
Қазбай Құдайбергенов,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры