Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШІРІК-РАБАТ АСТАНА БОЛМАҒАН БА?

ШІРІК-РАБАТ АСТАНА БОЛМАҒАН БА?


Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай бет алып, жүз шақырымдық жолды артқа тастасаңыз Сырдарияның көне арнасы Жаңадарияға барып тоқтайсыз. Мидай жазық далада көзіңізге төбе ұшырасар еді. Бұл – ежелгі сақтардың астанасы болған көне Шірік-Рабат қаласы. Тоқтаңыз. Осы уақытқа дейін біз Шірік-Рабатты сақтардың астанасы деп келдік. Енді олай емес, ежелгі қала сақтардың бас қаласы болмаған десек ше? Арзан сенсация қуып отырғанымыз жоқ. Көне қаланы зерттеген археологтар осылай дейді. Сөздерінде негіз бар ма? Дәлеліне табан тірей аламыз ба? Ендеше әңгімемізді ретімен баян етелік.
ҚОЛБАСШЫНЫҢ ҚАБІРІ
Шірік-Рабат мәдениетін зерттеу жұмыстары 1946 жылы басталды. Сырдарияның ежелгі арналары – Іңкәрдария және Жаңадария бойында орналасқан Шірік-Рабат мәдениетінің ескерткіштеріне Баланды және Бәбіш-мола қалаларының да жататынын айта кеткен абзал. Ал алғаш археологиялық барлау жүргізіліп, қазбалардың алына бастауы 1950-60 жылдарға сәйкес келеді.
Ескерткіш мықты қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Бүгінде оның тереңдігі бес метрге жуық, ені 40 метр шамасында. Одан шыққан топырақтан сыртқы дуал тұрғызылған. Сақталған биіктігі 3 метр, тарабындағы ені 8-10 метрді құрайды. Дуал қалашықты солтүстіктен және шығыстан қорғап тұрған. Бұл жерде қала жұртына қоныстанудың бірнеше кезеңі болғанын атап өткен жөн. Төбенің солтүстік беті, яғни биік жағы ең көне болып есептеледі. Онда екі үлкен оба мен үш биік қабырғалы, дөңгелек пішінді қоршаулар орналасқан.
«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірлесіп «Шірік-Рабат археологиялық экспедициясын» құрды. Жетекшісі – белгілі археолог Жолдасбек Құрманқұлов. Олар ескерткіштердегі әр кезеңді қамтитын бірнеше нысанға қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Бүгінде 30-ға жуық нысанда археологиялық зерттеулер жасалды. Олардың кейбірі толық зерттеліп бітсе, енді басқалары әлі қазылып жатыр. Қазіргі біз астана болған деп санайтын Шірік-Рабат қаласының елдің ордасы емес, үлкен қабірстан, яки пантеон болғанын да осы экспедиция мәлімдеп отыр.  
Қазба барысында бұған дейінгі қабірлердің ешбіріне ұқсамайтын күрделі қабір құрылысы шыққан. Пішіні төртбұрышты бұл қабірдің ішінен бір-біріне ұқсас батыс және шығыс лақаттар табылған. Лақаттардың арасы 3 метр шамасында. Екі лақаттың аузы да қам кесектермен жабылған. Айта кетерлігі, батыс лақат бөлігі ерте заманда тоналған. Оның аузына қаланған кірпіш қалдықтары, марқұммен бірге жерленген бұйымдар, адам сүйектері шашылып қалған. Ұрылар аса қымбат заттарды алғанымен, аса бұзылмағаны шығыс лақаты. Ұзындығы 2,85 метр, ені 1,75 метрді құрайтын шығыс лақаттың төбесі күмбез тәрізді. Оның аузын жапқан қабырғаның биіктігі еден деңгейінен 165 сантиметр болса, ені екі қам кесек қалыңдығындай. Лақат ішінен үш адамның мәйіті шықты. Бастарын оңтүстікке қаратып жерленген олардың шығыс іргедегі екеуі бірінің үстіне бірі қабаттастырылып қойылған. Сондай-ақ мәйіттермен қоса көмілген бұйымдар табылған. Атап айтқанда, батыс беттегі жеке жатқан мәйіттің сол жақ тұсынан ұзындығы 1 метрден асатын темір семсер мен белдіктің қоладан жасалған жапсырмалары мен тоғасы шыққан.
Семсердің ромб тәрізді болып келетін жетесі мен конус секілді балдағы қоладан құйылған. Мәйіттің оң жағынан темір қанжардың қалдығы алынған. Шығыс бетте екі мәйіт бір-бірінің үстінде жатыр дедік қой, шамасы олар киізге немесе кілемшеге оралып қойылған. Астындағы әйел адам, ал үстіндегі жасөспірім ер баланың мәйіті. Ғалымдардың пайымдауынша, ол жерленген батырдың күңі мен құлы болуы мүмкін. Астыңғы мәйіттің белінен қайыс белдіктің қалдықтары мен киімдерге жапсырып тігілген алтыннан, пастадан, інжуден және асыл тастардан жасалған моншақтар табылды. Мәйіттердің сол жағында құрбандық малының сүйектері, бас жағынан сыртында парфяндық жазу үлгісінде, сонымен қатар Есіктен табылған күміс тостағандағы таңбаларға да ұқсас жазуы бар қыш құмыра-көнек пен күміспен құрсауланған ағаш тостағанның қалдығы шықса, ал аяқ жағында қыштан жасалған шамдал жатқан. Сол сияқты мәйіт маңында алтын жіптермен әсемделген парша тәрізді мата, ағаш зембілдің қалдықтары болған. Табылған дүниелерге қарап бұл жерге сақ тайпаларының әлдебір қолбасшысы жерленген деп тұжырым жасауға болады.   
ҒИБАДАТХАНА ҒҰРЫПТАРЫ
Шірік-Рабатта төрт ғибадатханаға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның бірінде өлікті өртеу, екіншісінде жуып, бальзамдау, үшіншісінде әйел мүсініне табыну іздері анықталған. Соның ішінде мол жәдігерлер шыққан біреуі бар. Төрт бұрышты болып келген ғибадатхананың бүгінгі сақталған биіктігі 1,5 метр¬ге, көлемі 20х20 метрге жетеді. Қабырғасы тік бұрышты қам кесектермен тұрғызылған. Құрылыс керамикасының ішкі беті пахса блоктарынан өрілгені белгілі болған. Бұл қабырғаның үсті жұқа сылақпен сыланып, ақ түспен боялған. Сылақта қызыл және қара түсті бояулардың да іздері бар. Кезінде сурет салынған сияқты. Ғимарат тоналған. Соған қарамастан, одан бірқатар құнды заттар алынды. Атап айтқанда, б.д.д. ІІІ-ІІ ғасырлардағы Шірік-Рабат мәдениетінің ескерткіштеріне тән қыш ыдыстардың, темір жебенің сынықтары, алтын жапсырмалар, ағаш қалдықтары және эллинизм дәуіріне жататын екі ыдыс табылды. Гипстен жасалған мұндай ыдыстар Жерорта теңізінің бойындағы елдерде кең таралған. Сол жақтан әкелінген деуге болады. Өйткені екеуінің де иығында көне грек алфавитімен жазылған жазу сақталған.  
– Жазуды оқыған ресейлік ғалымдар оны осы ыдысқа құйылған бальзамның аты деп анықтады. Бальзам Африка құрлығында өсетін ағаштан жасалған. Негізінен мүрдені о дүниеге жөнелту кезінде пайдаланған. Ол, әсіресе көне Мысырда кең қолданылған, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев. Сонда Сырдың бойын мекен еткен сақтардың Африка елдерімен байланысы болғаны, мәйітті бальзамдау тәсілін меңгергені осыдан аңғарылмай ма? Ғажап, ә?!
«Біз жүргізген зерттеу жұмыстары Аралдың шығыс бетін б.д.д. І мыңжылдықта мекен еткен қалың елдің тарихын әр кезеңмен анықтап, материалдық, рухани мәдениетінің деңгейін білуге мүмкіндік берері анық. Осы қазба жұмыстарының нәтижесінде адамдардың қалашықта бірнеше мәрте қоныстанғандығы анықталды. Екі бекініс қамалы мен қоршалған, аумағы 40 гектардан астам жерді алып жатқан ескерткіштің солтүстік бөлігіндегі құрылыстар б.д.д. ІV-II ғасырларда тұрғызылса, ал биіктігі 4 метрге, ені 4,5 метрге жететін мықты бекініспен қоршалған оңтүстік бөлігі моңғол шапқыншылығына дейінгі дамыған орта ғасырларда, яғни, Х-ХІІ ғасырларда пайда болған. Сонда оғыз тайпалары мың жылға жуық уақыт тыныш жатқан сақтардың пантеонына айналған Шірік-Рабаттың үстіне қала салған. Шірік-Рабаттың көлемі үлкен болғандықтан олар тек құрылыстың жартысын пайдаланған. Орта ғасырларда келген халық бекіністі қамал ішінде биіктігі 15-20 метрге жететін обалар мен ғибадатханаларды қарауыл төбелер немесе бекіністі мұнаралар ретінде пайдаланған», дейді экспедиция жетекшісі Жолдасбек Құрманқұлов.
Олай болса, бүгінде біз астана санап жүрген Шірік-Рабат пантеон болған деп тұжырым жасауға толық негіз бар сияқты. Арада мың жылға жуық уақыт өткенде оғыздар оның үстіне қала салған. Сол себепті де Шірік-Рабатты қала атап кеткен. Экспедиция мүшелерінің зерттеуі осылай деп отыр. Негізсіз емес тәрізді.
Жалпы алғанда, Шірік-Рабат қалашығының өңірдегі стратегиялық маңызы зор болған. Ол – Әмудария мен Сырдарияның аралығындағы керуен жолдарының түйіскен жерінде орналасқан. Қала Бактрия, Парфия, Қосөзен аралығындағы мемлекеттермен және Мысырмен саяси және сауда-саттық байланыста болған. Табылған жәдігерлер б.д.д. І мыңжылдықта өмір сүрген тайпалардың ірі рухани-әкімшілік орталықтары болғанын, беделді ру немесе мемлекет басшылары өмір сүргенін, сонымен қатар абыз, әскербасылар сияқты сатыларға бөлінгенін көрсетіп отыр. Көлемді де күрделі қала құрылысы оның төңірегінде қоныстанған елдің санының көп болғандығын айғақтайды. Және бұл жұмыстарға жаугершілікте қолға түскен тұтқындар мен жалдамалы жұмысшылар еңбегі пайдаланылғанынан хабар береді.  
 БӘБІШ-МОЛА АСТАНА МА?   
Шірік-Рабатты астана болмаған дедік. Сондай-ақ бұл жерде үлкен тайпалардың өмір сүргенін, олардың басшылары болғанын, әлді әскермен жасақталғанын айттық. Осындай құрылымның астанасы болмауы мүмкін емес қой енді. Онда олардың орталығы қай жер?  
Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 47 шақырым жерде Бәбіш-мола дейтін ескі қаланың орны бар. Ғалымдар Шірік-Рабат осы өлкені мекендеген сақ тайпаларының діни-рухани орталығы болса, онда Бәбіш-мола бірнеше мыңдаған адам қоныстанған ірі орталығы немесе астанасы болған деп болжам жасап отыр. Бәбіш-мола ескерткіштерінің өзі екі бөліктен тұрады. Жаңадария сағаларының арасында орналасқан қала мен ғибадатхананың көлемі ендік бағытта 40 шақырым және меридиандық бағытта 15-20 шақырымға дейін созылып жатыр.
«Бәбіш-мола қалашығы – бекіністі дуалдармен қоршалған қоныс орны. Оның солтүстік бөлігінде пішіні шаршы цитадель орналасқан, қабырғалары пахсадан салынған, шығыс бөлігінің ортасында және бұрыштарында шағын шеңберлі мұнаралары бар. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша бекіністі қамал бірнеше құрылыс кезеңдерінен тұратындығы, олар б.д.д. ІV-ІІ ғасырларға сәйкес келетіні анықталған. Бәбіш-мола оазисіндегі елді мекендер де осы кезеңмен мерзімделеді», дейді Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев. Былайша айтқанда, Бәбіш-мола қаланың барлық өлшемдеріне сәйкес келетін ірі орталық. Онда адамдар өмір сүріп, шаруашылықпен айналысқан. Сонымен қатар қаланың жанында ғибадатхана да орналасқан. Ал Шірік-Рабатта пантеоннан басқа халық өмір сүрді дейтін дәлелдер жоқ.
Бәбіш-мола ғибадатханасы қаладан батысқа қарай 200 метр жерде орналасқан. Көлемі – 21х21 метр, биіктігі – 7 метр. Ғимараттың жоспары симметриялы. Дәл ортадан қиылысқан төбесі балқы етіп жабылған. Дәліз жерлеу камераларына бөліп тұр. Бөлмелердің ішкі қабырғалары алебастр аралас сылақпен сыланған. Жерлеу дәстүрі барысында өлік жай еденнің үстіне немесе суфаға қойылған, сонымен бірге байлар мүліктерімен қоса жерленген. Қанша жерден тоналса да алтын жапсырмалар, сырғалар, моншақтар және басқа да бұйымдар қалған. Ғибадатханадан табылған керамикалар қала құрылысына пайдаланған заттарға ұқсас келеді. Кесене б.д.д. ІV-ІІ ғасырларда салынған деген болжам бар. Бәбіш-моланы тексере келе, ғалымдар сақ тайпаларының астанасы осы ара деп топшылап отыр.  
Шірік-Рабат ескерткішінен шығысқа қарай 40 шақырым жерде Баланды қаласы орналасқан. Бұл қаланы 1959 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ашып, зерттеген. 2006 жылдан Шірік-Рабат архео¬логиялық экспедициясы қайта зерттеп, географиялық координаттарын анықтап, суретке түсірді. 2007 жылы қырық жылға жуық үзілістен соң Баланды ескерткішінде тұрақты археологиялық қазба жұмыстары басталды.
Баланды бекініс қонысы тікбұрыш пішінді, аумағының өлшемдері 80х130 метр, қам кесектерден тұрғызылған қабырғамен қоршалған. Бекініс қабырғаларында екі мұнара сақталған. Олардың биіктігі – 3 метр. Қабырғалар мен мұнараларда атыс ойығы салынған, қамалға кіретін қақпа солтүстік-батыс қабырғада орналасқан. Қамал жекелеген үйлерден тұратын қонысқа жалғасып кеткен, оның беткі қабатында қыш ыдыс фрагменттері мен кварцит сынықтары шашылып жатыр. Үйлердің арасынан қонысты солтүстік және солтүстік-батыстан суландырып жатқан кішігірім каналдан бастау алатын арықтардың қалдықтары анықталды. Каналдың ұзындығы 2,5 шақырым, ені 2,5 метрден аспайды. Баланды қамалы Арал маңының урбанизация процесі мен шаһар шаруашылығының қалыптасуынан мәлімет беретін антикалық мәдениеттің эталонды ескерткіші деп санайды ғалымдар.  
Баланды кесенесі бекіністен шығысқа қарай бір шақырым жерде жатыр. Күмбезді құрылыс осы уақытқа дейін Орта Азияның антикалық кезеңінің архитектурасында белгісіз болып келеді. Ал мұнда үлкен күмбезді ғимарат бар. Сол нысанға тағы жеті кішкене бөлмелер жапсарласа салынған. Олардың да төбесі күмбезделген. Ғалымдар бұл ғибадатхананы б.д.д. ІV ғасырға жатады деп топшылайды. Мұндай күмбезді ғимараттар Рим архитектурасында кездеседі. Олардың салынуын б.д.д І ғасыр деп белгілейді. Олай болса, Баландыдағы күмбезді құрылыс Рим империясынан бұрын пайда болған деуге әбден болады.  
БАБАДАН ҚАЛҒАН БЕКІНІС
Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Баланды қоныстарының арасы егістік алқаптармен және ауылдармен жалғасып жатыр. Оларды батыстан, яғни Хорезм жақтан қорғайтын Шірік 3, Қарабас қала әскери бекіністері болған. Ал солтүстік тұсынан, яки  Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстан жерлерін мекен еткен көшпелі тайпалардан туындайтын қауіптен сақтану үшін Қабылдың қорғаны мен Алыптың қорғаны сияқты әскери қамалдар тұрғызылған. Бұл қалалардың әскери-инженерлік және архитектуралық-құрылыстық тәсілдерінде хорезмдік мәдениетінің әсері анық байқалады. Хорезмнің сақтар мәдениетіне ықпалы керамикалық өндіріс саласынан да көрінеді. Десек те, жергілікті дәстүр де басымдыққа ие.  
Ондағы әскери бекініс жүйелерін анықтау мақсатында Шірік-Рабат қаласының, Баланды бекінісінің және Қабылдың қорғанының дуалдарына қималық қазбалар салынған болатын. Нәтижесінде, қамалдардың салыну әдістері мен мерзімдері анықталды. Осы зерттеулерді жалғастыру мақсатында Шірік-Рабат қаласынан батысқа қарай 9,5 шақырым жерде Жаңадарияның оң жағалауында орналасқан Қарабас қала бекінісінде зерттеу жүргізілді. Ескерткішті 2006 жылы «Шірік-Рабат археологиялық эспедициясының» барлау отряды анықтап, өлшемдерінің жобасын, сипаттамасын және шамамен өмір сүрген кезеңін анықтады. Бекініс төртбұрышты, шығыс қабырғасының ұзындығы – 130 метр, батыс бөлігі – 105 метр, солтүстігі мен оңтүстігі 40 метрге тең. Қабырғасының қалыңдығы – 2-2,5 метр, биіктігі – 1,5-2 метр. Жеті бекіністі мұнаралары сақталған. Оңтүстік-шығысы мен оңтүстік-батыс бұрышында құрылыстың іздері анық байқалады. Осы екі құрылыстың ортасында бекіністің негізгі қақпасы болғанға ұқсайды. Шығыс қабырғасындағы екі мұнарада жебе атуға арналған ойықтары сақталған. Сыртқы көріністері бойынша Баланды бекінісіне ұқсайды.
Бұл әскери бекіністі Шірік-Рабат мәдениетінің өкілдері салған және олардың негізгі қызметі осы аймақты қорғау болған. Қамалдардың географиялық орналасуының өзінде мән жатыр, олар Шірік-Рабат оазисінің батыс және солтүстік шекараларында орналасқан.  
Шірік 3 және Қарабас қала бекіністерінің Шірік-Рабатқа қарама-қарсы, яғни Жаңадарияның оң жағалауында орналасуы олардың өзеннен өтетін порт қызметін де қоса атқаруы мүмкін деген ойға жетелейді. Бұл қамалдар Александр Македонскийдің Орта Азияға жорығымен байланысты болуы да мүмкін дейді экспедиция мүшелері.
Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Баланды қалалары мен қамалдар, олардың арасын жалғап жатқан ауылдар, ірі шаруашылықтардың іздері бұл арада үлкен мәдениеттің болғанын айғақтайды. Өркениетті өмірдің қалыптасқанын көрсетеді. Ал Шірік-Рабат пен Бәбіш-мола қалаларының қайсысы астана болғанын ғалымдар алдағы уақытта әлі де нақтылай түседі деген ойдамыз.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы






22 қараша 2017 ж. 1 508 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области