ЖАҢАҚОРҒАН БЕКІНІСІНЕ ҚАНША ЖЫЛ?
Бүгінде сәулеті мен дәулеті келіскен көркем шаһар – Қызылорданың екі ғасырлық тойы ұлан-асыр деңгейде атап өтілмек. Бұл қаланың тамыры тереңде жатқанын айғақтайды. Қатпар-қатпар құпияны қойнауына бүккен тарих атты әміршіге ол қас-қағым сәт секілді. Дегенмен, оның ішінде біздер үшін қаншама шежіре, сырға толы дүниелер бар екені белгілі. Түрте қалсаңыз, әрбір кезеңінен көп құпияның кілтін табуға әбден болады. Жасыратыны жоқ бекіністер мен қорғандар – ұлттың тарихи жадын қалпына келтіретін, санасын серпілтетін құдіретке ие. Сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» базалық жобасының мән-маңызы зор. Рухани жаңғыруға жол салатын бастама әділдікті ту еткен ата-бабаның бітім-болмысын, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған киелі мекендердің сырын танып-білуге көмектеседі.
Осы тұста, шежірелі тарихы бар Жаңақорғанды Қызылордамен замандас деп айтуға болады. Себебі екеуінің тарихы бір жерден бастау алады. ХІХ ғасырдың басында Қоқан ханы Омар Түркістанды жаулап алған соң, Сырдың төменгі жерлеріне бекініс қорғандар салдыруға бұйрық береді. Ақмешіт бекініс ретінде 1817 жылы іргесі қалана басталды. Міне, осы жылдары Ақмешітпен бірге Сыр бойында Жөлек, Шымқорған, Күмісқорған, Қосқорған бекіністері салынған.
Тарихтан белгілі, бекіністерді, Қоқан ханы әмірлігін жүргізу үшін және өз өкілдерін осы жерлерге салық жинау, бақылау жүргізу мақсатында салдырды. Мұнда арнайы әскери гарнизондар орналасқан. Бекіністердің ен үлкені Ақмешіт болатын. Солардын қатарында Жаңақорған бекінісі де болған.
Жаңақорған бекінісі, немесе қорғаны туралы деректер көп те емес, соған қарамастан біздің қолымызға тиген деректерде қорған жақсы суреттеліп жазылған. Қолда бар деректерді дәйектей отыра, төменде толығырақ жазуды жөн санадық.
1850 жылдары Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы авт.) территориясында Қоқан хандығының үстемділігін жою мақсатында Ресей империясы әскери қимылдар жүргізе бастайды, себебі бұл жерлер жоңғар шапқыншылығынан кейін Ресей империясының территориясына кірген болатын.
1853 жылы Ақмешіт және Жөлек бекіністерін генерал Перовский өз әскерімен жаулап алады. Бұдан кейін 1861 жылға дейін Ресей империясы әскери қимылдарын жалғастырмайды, бұған себеп жергілікті халықтың патша өкіметіне қарсы жасаған көтерілістері және қоқандықтардың Ақмешітті қайтарып алу мақсатында жүргізген соғыстары болды.
Ал 1858 жылы Ақмешітке сол кезге дейін зерттелмеген өсімдік пен жануарларға бай Сыр бойын зерттеу мақсатында орыс география ұйымының мүшесі, зоолог Николай Алексеевич Северцев келеді. Зерттеу жүргізу мақсатында Сырды жоғарылап, жиде талдарын шауып дайындауға шыққан казактармен бірге Жөлек маңында шағын қақтығыстан соң ол қоқандықтардың қолына тұтқынға түседі. «Қоқандықтардың тұтқынында бір ай» атты мақаласында ол өзінің тұтқында болған жайды толық суреттеп жазады. Мақалада Н.А.Северцев өзінің қақтығыс барысында ауыр жарақаттанып, жүзбасы Досжан батыр бастаған қоқандықтардың қолына түсіп Жаңақорғанға жеткізілгенін баяндайды. Мақаласында Северцов Жаңақорған туралы мынадай мәліметтер келтіреді: «Жаңақорған Өгіз мүйізден басталатын оңтүстік – батысқа қарай өзенге дейін созылған, аздап байқалатын биіктеу дөңестін үстінде, су алмайтындай, Сырдың нақ іргесінде тұрғызылған. Дөңестің төбесін оны көк шөппен басқандығы арқылы ажыратуға болады, ал шығыс пен батыс жағында, бекіністен алшақ емес жерде, дарияның бойында тек кейбір жерлерде аздап көк шөппен бөлінетін тікенек өсуде. Жаңақорған тұрғызылған жер өзеннен онша биік емес, ондағы бекіністі қоршаған ордағы өзеннен алынатын су бар-жоғы іргеден төрт аршын ғана төмен.
Бекіністің өзі төрт бұрышты. Өзенге перпендикуляр тұрғызылған қабырғалары, оған паралель қабырғаларынан ұзынырақ, олардың ұзындығы екі жүз сажынға (400 м.)шамалас. Қабырғалары Мамасеит, Ақмешіттегідей, жалпы сол өңірдегі азияттықтардың бекіністерінің қабырғаларындай, ордан алынған ұрма саздан тұрғызылған. Бекіністің ішінде кибиткалар және саз балшықтан құрылыстар салынған. Бекіністе зеңбіректер жоқ, бірақ қабырғаның үстіне қойып атуға арналған пілтелі бекініс мылтықтары бар. Қақпасы ордың үстіне қойылған көпірдің алдында, шығыс бетінде, үсті жабық. Қақпаның ішкі ұзындығы, кейін Түркістанда көргенімдей, бекініс қабырғасының қалындығынан ұзынырақ. Қабырғалардың сыртқы беті тіктеу, ішкі, құрылыстар жабсырылып соғылмаған беттері шалқайыңқыраған, үстінде, арасына бекініс мылтықтарын қойып ату үшін пәстеу дөңгеленген тістерден қабырға тұрғызылған. Бекініс маңында бірнеше үйлерден тұратын ауыл орналасқан.» Бұл зоолог Николай Северцевтің естелігінен үзінді.
Орыс зоологы қоқандықтардың тұтқынында он бір ай шамасында болып, кейін Түркістаннан Ақмешітке қайтарылады.
1861 жылы әскери қимылдар қайтадан жүргізілуіне байланысты генерал- лейтенант Дебу бастаған әскер Жаңақорғанға сол жылдың 22-25 қыркүйек аралығында шабуыл жасап басып алады.
Генерал Безактың арнайыЖаңақорғанды алу туралы баяндама хатында генерал – лейтенант Дебудің қорғанды барлауға жіберілген штабс – капитан Мейердің жергілікті қырғыздардан сұрау барысында қорған туралы мынадай мәліметтер келтіреді: «Қорғанның көрінісі төрт бұрышты, 50 сажындық (100 метрге жуық) фастармен (қабырғалармен) бұрыштарында төрт мұнарасы және қақпаларының үстінде бесінші мұнарасы бар. Екі қабырғасының төменгі жағының қалындығы 4 сажын (6-7 м.) және биіктігі 10 аршын (7-8 м.), басқа екі қабырғасының биіктігі және қалындығы 3 сажыннан (6 м.) , ордың тереңдігі 8 фут (2,4 м.), ені 3 сажын (6 м.). қақпаның алдында кең берманың (қабырғаны судан қорғайтын құрылыс) қорашық секілді траверс (жаудан қорғану үшін жасалған төмпешік), фастарында (қабырғаларында) оқ ататын (мылтықтан, зеңбіректен), яғни бойницалардан кесілген тесіктері бар. Мұнараларда бойницалардан басқа, оларды фланкировка жасау үшін амбразуралар орнатылған», – делінген.
Осылайша бірнеше күн бойы зеңбіректермен атқылаудан соң бекіністе өрт тоқтамай, бірнеше рет қайталанған соң Жаңақорғанды қорғаушылар орыс әскеріне беруге келісіп қақпаны ашады. Қорғанушылардың бар – жоғы 160 адам, оның ішінде 40 шақты әйелдер мен балалар болады. 100 шақты қорғаушылар қорған берілер алдында түнде қорғаннан шығып кеткен. Қорғанушылар тарапынан 4 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алған. Адам шығынының аздығының себебі, зеңбірекпен атқылау барысында бекініс қорғаушылары бекіністің қалың қабырғаларының арасындағы қуыстарда атқылау біткенше ешбір зиян тимей отыра бергендігін көрсетеді. Қорған берілген соң орыс әскерлері бекіністің төрт бұрышына жарылғыш заттарды қойып 1861 жылдың 25 қыркүйегінде бекіністі жарып толығымен бұзады.
Мұнда бір айта кететін жайт бар, яғни Жаңақорған бекінісін қорғаушылардың басшылары қоқандықтар болғанымен, негізгі көп бөлігі жергілікті қазақтар болған, олардың ұрпақтары осы күнде Жаңақорғанда өмір сүруде.
Бұл екі деректерді салыстыратын болсақ, ондағы Жаңақорған бекінісі туралы мәліметтер бірдей суреттелген.
Атадан балаға айтылып келе жатқан ауыз-әңгімелерде орыс әскерлерімен соғысу барысында қорғанушылар түнгі мезгілде бекіністен арнайы арқанмен түсіп, Сыр-Борықты көлін жүзіп өтіп дарияның жағасында орналасқан «Қырықкепе» деп аталатын жерде оқ-дәрілерді дайындап, таңертең бекініске оралып соғысты жалғастырған деседі. Қалай болғанымен де бекіністі қорғаушылар беруге мәжбүр болған, бұған себеп Түркістан мен Ташкенттен уақтысында көмектің келмеуі, орыс әскерінің санының көптігі және олардың қаруларының күштілігі болатын.
Көп ұзамай жергілікті халық Жаңақорғанға жақын жерде орналасқан, кезінде қоқандықтармен қиратылған Дінқорған бекінісін қайта тұрғызу әрекетін жасайды. Мұны білген орыс әскерлері 1862 жылдың қаңтар айында тағы әскер жіберіп Діңқорған бекінісін шабуылдап талқандайды. Бұл шабуы¬л барысында Жаңақорғанмен салыстырғанда адам шығыны көп болады.
Кейін, Қазақстанның оңтүстік өңірі Қоқан хандығының билігінен түгелімен Ресей империясына өтуіне байланысты бекіністерді тұрғызудың ешбір керектігі болмады. Алайда, жергілікті халық, өмір сүруге қолайлы жерді қайтадан қоныстанып сол Жаңақорғанның маңында тіршілігін жалғастырады.
1866 жылы Орынбордан Ташкентке П. И. Пашино саяхат жасайды. Саяхат барысында ол көргенінің барлығын қағазға түсіріп отырады. Кейін «Түркістан өлкесі» атты кітап шығарады. Осы еңбекте ол Жаңақорған туралы да мынадай мәліметтер келтірген: «Келесі станция Төмен-Арық, ал одан кейін Жаңақорған, бұған біз келесі күннің таңертеңінде келдік. Бекіністің қақпасының іргесінде шатыр орнатылған, онда казак ұйықтап жатыр. Біз шай талап еттік, ол Сырдарияға суға сол мезетте барып келіп, от жағып мыс шәйнегін қайнатты. Сол арада біз бекіністі толығымен қарап шықтық. Ол онша үлкен емес аумақты алып жатыр, және толығымен бұзылып қиратылған, көшелерді біз көре алмадық. Балшықтан дұрыс емес қаланған үйлердің барлығының төбелері ашық. Көп жерлерде жылқының қиы шашылып жатыр, бұл жерде жақында ғана жылқылар тұрған секілді. Бекіністің қабырғасы өте биік, жоғарыға қарай 10 аршын және төмеңгі жағының қалындығы 4, ал жоғарғы жағы 2 аршын. Жоғарғы жағында бойницалар жасалған, қақпаға кірер жол түзу емес сызық боп жүргізілген. Жаңақорғанның орналасқан жері өте әсем. Қаратаудың таулары мұнда бекініске жақын орналасқандай, Сырдария оң жақтан өз суын Жаңақорғанға жақынырақ алып өтеді, айналада жануарлар өте көп, олар гүлденген көктің арасына тығылады. Жаңақорғанның бізге бір маңызы бар, бұл бекіністе тұтқында мырза Северцев болған, бірақ бұл қирандылардың арасында Северцев мырзаның жатқан жерін табу қиын, мүмкін оның өзі де оны көрсете алмайтын шығар, өйткені Жаңақорғанда басына жарақат алған, ол ешқандай медициналық көмексіз жатқан болатын.
Бүгінгі күні бұл бекініс туралы тек аңыз – әңгімелер және осы бірнеше деректер арқылы ғана біле аламыз. Кент орталығында аудан әкімдігінің ғимаратының артқы бетінде «Қорған» көшесінің орнында, Сыр-Борықты көлінің іргесінде кезінде сол бекініс орналасқан еді. Орыс зерттеушілері мен саяхатшылары өз деректерінде Сырдан бөлініп шығып қорғанның маңынан өткен көлді «Сырдария өзені» деп қателесіп айтқан. Өкінішке орай, қорғанның қалдықтары кезінде басқа бір құрылыстарға пайдаланып оның орны жермен жексен етілді. Оны айқындайтын тек осы көше және кенттің атауы ғана.
Әлімжан ЕРЖАНОВ,
Н.Илялетдинов атындағы №169 жалпы орта мектебінің
тарих пәні мұғалімі.