Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕЖЕЛГІ ЖАНКЕНТ – ҚОРҚЫТ ТУҒАН МЕКЕН

ЕЖЕЛГІ ЖАНКЕНТ – ҚОРҚЫТ ТУҒАН МЕКЕН


«Сыр – Алаштың анасы» деген сөз тіркесі тектен-текке айтылмаған. Сыр өңірі түбі бір түркі жұртының тамыр жайған, түп қазығы атанған ғажайып аймақ болғаны белгілі. Бұл өлкеде оған дәлел боларлық талай-талай қазына бар.
Иә, Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге, көне қалалар мен байырғы асар-қорғандарға өте бай. Қазақ халқының тарихында айрықша атауға тұратын қасиетті мекеннің бірі сан ғасырдың куәсі Жанкент шаһары.
Ортағасырлық оғыздардың астанасы болған шаһар жайында елдің аузында айтылып жүрген аңыздар мен әпсаналар аз емес. Бұл қалада түгел түркінің абызы атанған Қорқыт атаның кіндігі кесілген деген деректер кездеседі.
Жанкент шаһары – Сырдарияның Арал теңізіне құятын сағасына жақын Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ертедегі оғыз мемлекетінің астанасы. Ежелгі қалашық жайында айтқанда ойымызға талай тарихи оқиғалар оралады. Қорқыт атаның кіндігі кесілген шаһарда қазақ өнерінде орны бөлек музыкалық аспап – қобыз алғаш осы қалада жасалған деген дерек айтылады. Сондай-ақ, Жанкент дегенде адалдықтың символы - Бегім ана оқиғасы да елдің есіне түсер еді. Бүгінгі таңда аталған шаһар республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш санатына енгізілген. Бұған қоса, Жанкет Қызылорда облысы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген 12-нысанның бірі.
Біздің дәуіріміздің 7-ғасырынан бастап қазақ жерін араб ғалымдары мен саяхатшылары зерттеп, қағазға түсірген. Жалпы, Жанкент жайлы жазба деректер 9-10 ғасырдың үлесіне тиеді, ал 15 ғасырда қала туралы деректер жоғалады. Қорқыт баба дүниеге келген шаһар туралы аз жазылған жоқ. Енді мәңгілік өмір іздеген бабамызға келейік.
Мәселен, әйгілі орыс ғалымы В.Жирмунскийдің «Сырдария бойында Қорқытта қадірлеудің мың жылдық өнегесі бар» деген пікірінде үлкен шындық бар. Өйткені, бұл Қорқыт атаның кіндік қаны тамған жері, ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкентте дүниеге келген данагөй бабаның өмірге шыр етіп келген, ғұмыр кешіп, көз жұмған жері. Бабаның аңызы мен рухани-музыкалық мол мұрасы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен жер де – осы Сыр өңірі.
Осы киелі өлкеде туғандықтан ажалдан қашып, дүниенің төрт бұрышын кезген Қорқыт ата туралы аңыз-әңгімелерді жасымыздан құлаққа құйып өстік. Айтсаң аңыз да көп, әпсана да жетерлік. Оғыз заманындағы бағзыдағы бабалар ерлігі, батылдығы, даналығы, көрегендігі бүгінде аңыздан аңызға, жырдан  дастанға, күйден күй жырына ауысып жетті.
Ұлы жолдың бойындағы зәулім ескерткіш 1980 жылы салынды. Бұл кешен маған сол бабалар ерлігі мен кемеңгерлігін паш етіп тұрғандай көрінеді. Желмаясының жабуын Сырдың суына төсеп, кілемнің үстіне отырып алып зарлы күй тартып отырған ұлы күйші елес береді. Жалпы, адамзатқа өлмейтін өмір, жұмақ іздеп жер-көкті шарлаған Қорқыт бабаның тәңірмен тілдесу үшін «Жеркіндік»  ретінде осы топырақты таңдағаны да тегіннен-тегін болмаса керек. Қазір аймақ брендіне айналған Байқоңырдың Жердің кіндгік екендігін сәуегей баба ерте заманда-ақ білгендей.
Марқұм Ә.Қодардың пікірінше, Қорқыт Сырдария толқынының үстіне кілем төсеп, уақытты тоқтату үшін қобызын тартады. Демек, қобыздың магиалық аспап (инструмент) болғаны. Ары қарай белгілі мәдениеттанушы ойын былайша өрнектейді: «Ажалды музыкалық аспап арқылы жеңу ғажап аңыз! Бұл бізді қола дәуіріне еріксіз жетелеп апарады. Ол кезде ғұрып орындау құдайға сенуден де күштірек еді,» – деп жазады.
Енді өткен күннен бүгінгі күнге оралайық. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінен 18 шақырым жерде, Қорқыт бекетінің түбіндегі биік төбеге орналасқан кешен міне, 40 жылға жуық уақыттан бері қалың жұрт қастерлеп, тәу етер киелі орын, рухани дүниеміздің алтын діңгегі ретінде елге қызмет етіп келеді.
Тәуелсіздік алған алғашқы уақыттан бастап Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдардамасының аясында көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынғаны мәлім. Елімізде қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі шаһарларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері есепке алынып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.  

Сондай қолға алынған игі шаралардың бірі – Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту жобасы болды. Ескерткіш жаңғыртудан өткелі мұнда тәу етіп келушілер қатары еселеп артты. Қайта жаңғыртудан соң ескерткіштің биіктігі 12 метрге, ал ескерткіш тұрған жердің өзі (тұғыры) 2,5 метрге биіктеді. Бұған қоса, амфитеатрды жағалай бауырлас түркі елдерінің туы немесе ұлттық символдары орналастырылды.
Оған 4 жылда бір мәрте өткізілетін «Қорқыт және ұлы дала сазы» өнер  фестивалі кезінде тутұғыр орнатылады. Бұрынғы ескі темір бетон матриалдарды мрамор мен ұлутас тастары ауыстырды. Ал, «Бастыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан арғы бетіндегі «Қорқыт ата зиярат ету орталығынан» осы ескерткіш кешенге дейінгі, онан «Ақсақ қыз» кесенесіне дейінгі аралыққа жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылып, аумақ түгел абаттандырылды.
    Бастысы, аталған кешен  «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесінің нысандарының бірі ретінде танылып, өткен жылы бұл жерге сан мыңдаған туристер келді. Бүгінгі таңда мемориалдық кешенді ЮНЕСКО-ның  Дүниежүзілік  Мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, алдағы уақытта «Қорқыт ата» кешені басында түбі бір, тілі бір туыстас халықтардың халықаралық іс-шараларын өткізуді дәстүрге айналдыратын боламыз. Өйткені, түркі мәдениетінің негізі  Елбасының өзі «Алаштың анасы» атаған осы қасиетті өлкеде қаланды. Сыр елін түркі жұртының ортақ отаны десек, мұндағы Қорқыт Ата құрметіне қойылған мемориалды кешен күллі түркі әлемінің тәу етер орталығы атануға әбден лайықты орын.
Сөз соңында төрткүл әлемдегі түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған бұл ескерткіштің бітімі бөлек, тағылымы зор дер едік.
Ал Қорқыт ата туған Жанкент қаласы Ұлы жібек жолының бойында ортағасырларда дамыған қала ретінде, әрі Түркі ұлыстарының орталығы ретінде Қазақстанның киелі жерлері қатарына кіреді. Нақты кезеңде Жанкент қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Бастысы, таяу болашақта осы жерде аспан асты мұражайы ашылады. Бұл туристердің қызығушылығын арттыра түсетіні анық.
Дәуіржан АЙБОЛАТҰЛЫ,
«Кызылорда-ньюс»
06 тамыз 2018 ж. 979 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области