Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН БОЛҒАН

ХАЛҚЫНА ҚОРҒАН БОЛҒАН


Мемлекет және қоғам қайраткері Қазақстанның білімі мен мәдениетінің, экономикасының өркендеп өсуіне өлшеусіз үлес қосқан, Орта Азия елдерінің дамып, қалыптасуына еңбек сіңірген Темірбек Жүргеновті танып-білуіміздің аясы жыл сайын кеңейіп келеді.
Ал сол бір зұлмат жылдары Қара әулетіне және олардың туыстарына басын бәйгеге тігіп қол ұшын берген, сол үшін де «халық жауы» атанып, жиырма жыл Сібірде өткізген Тереңөзек, Жалағаш аудандарының құрметті ақсақалы болып, өмірден өткен Сейіткерей Ұсабаев жайлы білеріміз тыс аз.
Сейіткерей Ұсабаев – Ақмешіт уездік комитетінің хатшысы, Қызылорда, Қармақшы, Шәуілдір, Ырғыз аудандары атқару комитеттерінің төрағасы болған азамат. 1984 жылдың маусым айы. Ол кезде мен «Аққұм» кеңшары партия комитетінің хатшысы болатынмын. Жаздың жадыраған бір күні, сәскеге таман кеңшар директоры Сейітнәби Мұқашев ауылға Сейіткерей ақсақалдың келе жатқанын айтты.
– Сен ол кісіні білесің бе? Өмірінен хабардарсың ба? – деп сұрай бастады. Мен де білемін деп жауап қайтармай, Сейіткерей әкемді алғаш көргенімді еске түсірдім.
Бала кезімізде қазіргі Бұқарбай батыр ауылы тайлы-таяғы қалмай көктемде дария бойындағы «Ақшығанақ» деген жерге жайлауға шығатын. Күріш отағынан оралған бір топ бала суға түсіп жатыр едік, ішіміздегі ересек біреуі бүгін ауылға ұзақ жылдарға сотталып кеткен бір кісі түрмеден босанып, елге сәлем беруге келе жатқанын айтты.
Оның сөзіне онша мән бере қоймаған мен үйге келсем, күн шықпай колхоздың жұмысына кететін әкем тойға баратындай барын киіп, бір жаққа жүретіндей дайындалып жатыр екен. Менің оқыс таң қалғанымды сезіп, әкем: «Сейіткерей деген әкең түрмеден босанып келе жатыр. Сол кісіні паромнан күтіп аламыз. Дүйсенбай әкеңнің үйінде қонақ болады», - деді.
Дүйсенбай – кезінде колхозда төраға, ферма меңгерушісі болған, әкемнің туған ағасы. Сонымен үлкен кісілердің соңына еріп, паромға бардық. Дарияның арғы бетінен бір топ аттылы-жаяулы кісілер бергі жағына өтті. Ішінде ұзын бойлы, ат жақты, ақсары, ақ китель, ақ шалбарлы, сұлу кісі басқалардан өзгеше болып, халықпен құшақтасып амандасып жатты. Сейіткерей Ұсабаев әкеміз осы кісі екен. Қасында елдің құрметті ағалары Сәдуан, Сейтен, Шоңбай, Абыт, тағы басқалары бар.
Кеңшар басшысы Сейітнәби Мұқашевтің сауалына орай көз алдымнан осы оқиға тағы бір көлбеп өтті.
Біздер қонақтарды күтіп алып, шақырған үйге бірге бардық. Дайындалған үйде Сейіткерейлермен бірге Тайман қари, Исахан Мұстаяпов, тағы басқа төрт-бес үлкен кісі болды.
Отырыс көңілді басталып, Сейітнәби ағамыз түрлі тақырыптардан әңгіме қозғады. Ол өзі тарихшы және әңгімешіл болғандықтан, әңгіменің төркіні Сейіткерейдің өмір жолы, сол жақтағы өмірінен деректерді білуге бағытталып, сұрақтар қойып отырды. Ол кісі маған қолпаштау мен мақтануды сүйе бермейтін, сөзге сараң, аз сөйлеп, сұраққа нақты жауап беретін, тұйық мінезді, сабырлы адам болып көрінді. Мен оған бұл қасиетті өмірдің өзі үйреткен-ау деген ойда болдым.
Кенет Сейітнәби аға: «Сейіткерей аға, жас кездеріңізде өңірде екі адамның қолы жете бермейтін ескіше де, жаңаша да мектептерде оқып, білім алып, жауапты қызмет атқардыңыздар. Білуімше, сіз 1934-1935 жылдары Алматыдағы марксизм-ленинизм курсында оқып жүргеніңізде Т.Жүргеновпен сыйластықта болыпсыз. Ол кісі ұсталып кеткенде де Ырғыз ауданындағы Қараның әулеттері мен туыстарының елге оралуына көмек беріпсіз. Бұл туралы ол кісінің ағайындары жақсы біледі», - деп қалды. Мұндайды күтпеген Сейіткерей ақсақал әлі де бұл тақырыптың жабық екенін ескерткендей, бойын тіктеп алды.
– Халқының жарық жұлдызындай болған Темірбекті нақақтан-нақақ «халық жауы» деп атса, елдегі мына Тайман қариды молдасың деп қудалады. Мені сонау Ырғыз аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенімде «халық жауы» Т.Жүргеновтің әулетіне көмектесті деп айыптап, жиырма жылға соттап, Сібірге айдады. Тұз-дәмім таусылмай елге оралдым. Сол кездері атылып кетпей, бүгін сіздердің орталарыңызда отырмын. Бұған тәубә деймін, жігіттер, – деді.
Әңгіме осымен бітті дегендей сыңай білдірді. Сәкең де ақсақалды мазалауын доғарды. Арада көп жылдар өткеннен кейін облысқа белгілі азамат, ауыл шаруашылығының ұтқыр ұйымдастырушысы болған Өмірзақ Тұңғышбаев ағаға Сейіткерей Ұсабаев туралы осы бір әңгімені айтқанымда, ол кісі ақсақалды жақсы білетінін жеткізді.
– Өзің білесің, Темірбектің әкесі Қара ауқатты адам болған. Ол кездері ауқатты адамның маңына ағайын-туыстары жиналып тіршілік жасайтын еді. Атақоныс Жаңадария бойында болғанымен, малдың жайылымына байланысты аталарымыз Қарақұм, Арал жағалауы, Ырғызға дейін көшіп-қонып жүрген. Кей жылдары сол жақта қыстап та қалған. Оның үстіне атышулы Қарақұм көтерілісінен кейін біздің әулеттің азаматтары да сол жақтағы ағайындарға барып, бой тасалаған сияқты. Сонымен Т.Жүргенов бауырымыз ұсталғаннан кейін НКВД тапсырмасымен оның туыстарын жазалау жүргізілген. Осы кездері Ырғыз аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, жерлесіміз Сейіткерей Ұсабаев болған, – деді Өмекең.
Осындай тықыр-таяң кезең сол кездегі сәби Өмірзақтың ата-анасына да жақын қалыпты. Шешесі сәбиін бауырына қысып, төраға Сейіткерейге жолығып, құтқаруды, елге кетуге көмектесуді сұрайды. Жағдайдың барлығына қанық төраға өзінің басын бәйгеге тігіп, Өмекеңдердің отбасына және туған-туыстарына «елдеріне кетіп бара жатқан босқындар, саяси қылмыстарға қатысы жоқ» деген анықтамаға өзі қол қойып, астыртын жолбасшы жіберіп, темір жол бекетіне дейін шығарып салуды тапсырады. Тапсырма төраға күткендей болып орындалады. Өмекеңдер аман-есен Сыр бойына, ата-қонысына келіп қауышады. Алайда арада аз уақыт өткенде төраға Сейіткерей Ұсабаев «Халық жауының құйыршығы» деп ұсталып кетеді.
Он сегіз жыл Сібірдің қақаған аязында ағаш кескен Сейіткерей ақталып, партиялығын қалпына келтіріп, Тереңөзек аудандық кеңес атқару комитетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, зейнетке шығады. Сыр ананы тең еміп жатқан Тереңөзек, Жалағаш аудандарының құрметті ақсақалы, елдің тілеуқоры болып жүрген шағында ақсақал «Ақсу» кеңшарына тойға келеді.
Сейіткерей бастаған кісілерді той иесі, көршісі, кеңшар директоры Өмірзақтың үйіне кіргізіпті. Сол жерде арада көп жылдар өтіп кетсе де Өмекеңнің анасы Сейіткерейді танып, құшақтасып көрісіпті. Сондағы құндақтағы бала деп, Өмекеңді де таныстырады. Той аяқталғаннан кейін Өмекең ауылдың үлкендерін үйіне шақырып, Сейіткерей ақсақалға қонақ асын беріп, сый-сыяпат көрсетіп қайтарады.
Жақсының аты өлмейді, халқына жасаған жақсылығы мен еңбегі өшпейді. Темірбек сияқты жарық жұлдыздай тұлғаның туыстарына шапағаты тиіп, бір әулетті зобалаңнан аман алып қалған қайраткердің есімі қай дәуірде де жаңғыра бермек.

Р.КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
07 тамыз 2018 ж. 758 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области