ҚАЛЖАН АХУН БӨЛЕКБАЙҰЛЫ
Сырдың күрең топырағынан ақын-шайырлар мен жыршы-жыраулар да, баһадүр батырлар мен би-шешендер де, елі имандылыққа ұйытқан ишандар мен ахундар да шықты. Солардың қатарында әсіресе ағартушылық және ғылым мен білім ісінде ерен еңбек жасаған оқымысты молдалардың ролі жоғары болды. Осы өңірден 30-дан астам ахундар шыққан. Сыр өңірі жұртшылығын мұсылман дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеп, мешіт-медреселер ашқан ахундардың бірі – Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1862 - 1916) еді.
ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресей империясының отаршыл саясаты Арал аймағы арқылы бүкіл Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға қарай ауысты. Осындай алмағайып кезеңде ағартушылар мен қайраткерлердің ұлтымызды ұйыстырудағы рөлі орасан болды. Сыр бойынан шыққан ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т. б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд және т. б. мәдениет орталықтарында оқыған. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өздерінің дербес мешіт -медресесін ашқан ағартушы - ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірегейі ахун, дін қайраткері, ғұлама ұстаз - Қалжан ахун болатын. Қалжан ахунның арғы тегі Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жердегі табын руынан шыққан. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп сол жерде үйленіп қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанының бір ғана көрінісі Қалжан ахун, діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге "Қалмұхаммед" - деп ат қойған ата - анасы кейін оны еркелетіп "Қалжан " атап кетеді. Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын аша бастаған.
Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қарған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде, артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен.
Ерінің бұл өсиетін құп алған анасы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды."Білім инемен құдық қазғандай " демекші Қалжан ахун Хиуа, Бұқарадағы діни медреселерде тағы төрт жыл білімін шыңдап он жеті жасында айтулы Көкілташ медресесіне оқуға қабылданады..
Көкілташ медресесінде он жыл, яғни жиырма жеті жасына дейін тапжылмастан білім алған Қалжан ахун негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмәмдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шығады. Араб, парсы, шағатай тілдерің еркін меңгерген Қалжан атамыз сол медреседен "Ахун " атағын иемденеді. "Ахун " мұсылмандық діни лауазым - баулушы ұстаз деген мағына береді. Қалжан атамыз поэзия саласының тұнығынан тұшына сусындағаны да көп айтылады.
Сыр бойы ахундарының қазақ халқының рухани, мәдени болмысын, Ресей отаршылдығы жағдайында қорғауға бағытталған әректеттері жемісті болғанын, солардың жанқиярлық еңбегі арқасында қазақ халқының рухани дүниесі қорғалып қана қоймай, оны одан ары дамып, байи түскенін көреміз.
Ораз ахун, оның сырлас досы болған Қалжан ахун секілді рухани жетекшілердің ықпалының арқасында Сыр сүлейлері деген атқа ие болған ақын жыраулар шоғыры шықты. Олардың соңында өлшеусіз рухани мұра қалды. Бұл Сыр бойы ахундарының қазақ халқының руханиятынан алар орны жоғары болғанын білдірсе керек. Осындай рухани тұлғалардың арасында Қалжан ахунның да үлесі болғандығына дау жоқ.