МЫРЗАБАЙ АХУН
Мырзабай ахун кім еді? ХІХ ғасырда Сыр бойында діни ілімді дәріптеп, философия құндылығын негізге алған, ілім құдіретін бойына жиған жан аз емес еді. Солардың бірі –Мырзабай ахун еді. Қазір Елбасының «Рухани жаңғыру» салаы бойынша берген тапсырмасы жедел орындалып жатыр. «қазақстанның киелі жерлерінің гоеграфиясы» атты жалпыұлттық және аймақтық маңызы бар киелі жерлердің тізімі екі бөлек кітап болып жарыққа шықты. Міне, осындай қасиетті жерлерді тізімге алып жатқанда төмендегідей деректерді назарға алуымыз керек деп есептеймін.
Сырдың төменгі жағын жайлаған қалың елдің арасында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жолын қуған Мырзабай ахун, Ораз ахун, Қалжан ахун, Дәулетназар ахун, Алдашбай ахун және т.б. ғұлама жандардың есімдері халық жадында әлі күнге дейін сақтаулы. Осындай есімі ұмтылмайтын асыл жандардың бірі – Мырзабай ахун Азаматұлы. Шежіре бойынша, Кіші жүздің Жетіру бірлестігіне жататын Керейт тайпасының Арбалы руының Абыз аталығынан шыққан Мырзабай ахунның өмірі жайлы деректер өкінішке қарай өте аз. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Мырзабай Азаматұлы шамамен 1833 жылы Сырдарияның сол жағалауында, яғни қазіргі Мырзабай ахун ауылы төңірегінде дүниеге келген. Ел аузында сақталған деректерге сүйенер болсақ, ахунның әкесі де қара жаяу жан болмаған. Әйтпесе, көзі көріп, құлағы естімеген Бұқара қаласына көзінің қарашығындай ұлын оқуға жіберу сол заманда кез-келген жанның қолынан келмес те еді.
Ауыл молдасынан мұсылманша оқып, сауытын ашқан Мырзабай 16 жасында Орта Азияның ежелгі қалаларының бірі – Бұқарадағы Көкілташ медресесіне оқуға түсіп, оны 1854 жылы бітіріп шығады. Аталған медреседе он жыл оқып, үздік бітіргеннен кейін оған «ахун» деген діни-ғылыми атақ беріледі. Ол діни оқулармен қатар астрономия, математика, медицина, философия ілімдерін де толық игерген. Бұл кісіге жоғарыда аталған ілімдермен қатар әулиешілік, емшілік, сақи-жомарттық қасиеттер де осы бір қастерлі оқу ордасынан қонған болуы керек. Мырзабай ахун аталған медресені бітіргеннен кейін сонда қалып, 4 жыл бойы шәкірттерге дәріс берген. Себебі, ол кезде Сыр бойындағы отырықшылыққа бейімделмеген, тек көшіп-қонумен жүрген елде мешіт салып, бала оқытуға мүмкіндік те жоқ еді. Сол себептен де, Мырзабай ахун Қарақалпақстандағы Бируни қаласының маңындағы Тақтакөпір деген жерге келіп, Табын Қалжан ахунның әкесі Бөлекбай батырдың ауылын сағалаған екен. Қалжан мен Мырзабайды осында жүрген жерінен Ораз ахун Сыр бойына шақыртып алады. Туған топырағына оралған ахунға жергілікті халық бірлесіп қаржы жинап, шамамен 1903-1905 жылдар аралығында туған ауылы маңынан халықтық әдіс – асар арқылы мешіт салып береді.
Мешіт ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың бас жағындағы орыс архитектурасының «кірпіш стилі» («кирпичный стиль») тәсілімен салынған. Өкінішке қарай, мешітті салған құрылысшылардың есімі бізге беймәлім. Көнекез қариялардың айтуы бойынша, мешіт үшін қолдан құйылған қам кесектер сол маңда сексеуіл мен шеңгелдің шоғына күйдірілген. Заманында мешіт еңселі, мұнаралы, күмбезді болған. Шағыл құм төбенің басына салынғандықтан жолаушыларға алыстан мұнартып көрініп тұрған. Сол ахун салдырған мешіт көненің көзіндей болып, Жалағаш ауданындағы Мәдениет және Мырзабай ахун ауылдарына барар тасжолдың жиегіне жақын жерде әлі күнге дейін тұр. Мешіт салынып біткеннен кейін онда үнемі намаз оқылып, үлкендер мен балаларға діни сауат беретін медресеге айналады. Онда Мырзабай ахунның өзі ауыл балаларының діни сауатын ашып, шәкірттерін қайырымдылыққа, адалдыққа баулыған. Сонымен қатар, ол кісіге қиянат жасамай, жетім-жесірлерге көмектесіп, халықтан түскен пітір-садақаларды жоқ-жітікке үлестіріп беріп отырған. Елдің басын құрап егін еккізген, халықты бірлікке шақырған. Мырзабай ахунды көптеген жергілікті ақын-термешілер де өз өлең-
жырларында атап өткен. Ақын Табын Шоңбай Жұбанұлы өзінің «Шежіре-дастанында»:
«...Мырзабай – Арбалыдан ахун шықты,
Әрі емес, күні кеше жақын шықты»...- деп Мырзабай Азаматұлын дәріптеген.
Атақты Сыр сүлейлерінің бірі Кете Жүсіп Ешниязұлы Данмұрынның өліміне қайғырып, Керейт еліне ахунның жары Бәйтенге арнап 1928 жылы жазған жырында:
«Қайғырып қайғы суын көп ішпесін,
Кітаптан, сауап істен білдір жөнін,
Ешім мен Мырзабайды мысал етіп.
Қам көңіл қайғырғанның алдыр демін»,- деген жолдар бар. Міне,атақты Сыр сүлейлері де Мырзабай ахунды пір тұтып, әулие санаған, есімін жырға қосқан.
Аңыз бойынша, көріпкел әулие бабамыз ХХ ғасырдың басында Сырдарияның теріскейінде салынып біткен теміржолға қарап, ойға батып тұрып: «Мағырып пен Машырық (батыс пен шығыс) байланысатын болды деп қуануға ертерек шығар, осы жолдармен бөтен түрлі зиянды әдеттер ел ішіне ендеп кіріп кете ме деп қорқып тұрмын»,– деген екен. Алдағы күндерді болжап айтқан мына бір сөздерін де ел әлі күнге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Бірде ахун таң намазын оқып болғаннан кейін шәкірттерін жинап алып: «Маған бүгін әулиелер аян берді. Патша да емес, хан да емес, заманның өзі үш қайтара өзгеріске ұшырайтын болды. Кейбір халықтарға ғылымнан, сезімнен, сергектіктен айрылар күн туады. Көздері кіреукеленіп, медресе үйлері мен аспанмен астасқан мешіт мұнараларын көрмей қалмаса болар еді. Мен бұл кезеңде бақилық дүниеде жүрермін, қиыншылыққа сендер душар болатын болдыңдар-ау», - деп мұңға батып тұрып қалыпты.
Мырзабай ахун ел ішінде беделді, сыйлы болғаны сонша алдынан ешкім кесе өтпейтін болған. Өте білімді Мырзабай ахунның алдында төселіп сөйлеп кету екінің бірінің қолынан келмесе керек. Осындай ел ішінде мысы артқан ахунның бір күні Бұхара қаласындағы медреседе оқып жатқан баласы туған елінен жырақта мезгілсіз дүние салады. Ескі қазақ салтында, яғни қазақ халқының дәстүрлі әдетінде кісі өлгенде, оның артында қалған ең жақын адамына жолдас-жораларының барып, жүз көрісіп, көңіл айту салты бар. Мұндайда көңіл айту, жұбату сөздерді елге беделді, сөзге шешен бір адам ғана бастап, басқалары соны қостап, көңіл айтады. Естіртуде қайғы үстіндегі кісіге сүйеу болатын, көңіл айтып кісіні жұбататын сөздер болуы тиіс. Оны көбіне тұспал сөздермен бастайтын болған. Әрине ахунға бұл қаралы хабарды жеткізу жай ғана жұмыс емес. Ақылдасып, кеңесіп, жан-жаққа адам жіберіп Мырзабай ахунға осы қайғылы қазаны естіртуге ағайынның жақсысы мен жайсаңынан – Тартулы Табын Қалжан ахун Бөлекбайұлы, Шөмішті Табын Қайқы батыр Ұзақұлы және Бұқарбай батырдың баласы Алданазар би секілді елге сыйлы азаматтар аттанады.
"Қол бастаудан топ алдында сөз бастау қиын" дегендей Мырзабай ахунға "Қазаны қайсысымыз естірткеніміз жөн?" - деп жолай кеңеседі. Соның ішіндегі Табын Қалжан ахун (Қалмұхамед) Бөлекбайұлы мұсылманша оқуы өте жоғары, ой-өрісі кең, ақыл-парасаты биік адам болған. Ол 27 жасында Бұхара-Шәріптегі әйгілі (Мир-Араб) Көгелташ медресесінің заң факультетін үздік бітіріп "ишан" және оған қосымша "ахун" атағын алып шыққан адам болатын. Сондықтан сапарлас серіктері оған: – Бұл шаруаны сіздің естірткеніңіз дұрыс болар еді, - дейді.
Сонда Қалжан ахун «Жүйрікті жүйрік көргенде аяғы тыпырлайды» деген бар. Осы жолы менің ретім емес»,- деп қазаны естіртуден бас тартады. Қалжан ахун енді жанындағы Қайқы батырға сұраулы жүзбен қарайды. Сонда Қайқы батыр «Мені қаптаған қалың жауға қарсы жұмса, бірақ естіртуді атай көрме», - деп кесіп айтады. Сөйтіп үшеуі өзара ақылдаса келіп, бұл шаруаны Алданазар би өз мойнына алыпты. Бұлар Мырзабай ахунның ауылына келіп, ауыл-аймақ, мал - жанның амандығын қысқаша сұрасқаннан кейін ахунның үйіне кіреді де, жайғасып отырған соң Алданазар би әңгімені бастайды:
- Тақсыр, Алланың ісіне шүкіршілік қай пайғамбардан қалып еді?-дейді? Сонда Мырзабай ахун:
- Шүкіршілік Дәуіт пайғамбардан қалған.
- Сабырлылық қай пайғамбардан қалып еді?
- Сабырлылық Аюп пайғамбарымыздан қалып еді.
- Тақсыр, енді сізге қояр соңғы сауалым бар. "Шейіт" деген сөздің мағынасын түсіндіріп беріңізші?, – дейді ақыл-парасаты мол Алданазар би.
- "Шейіт" деп Алланың бұйрығымен туған елі туған халқы үшін ақ өлімге басын тіккен немесе тосыннан келген апаттан ел-жұртын қорғауда қаза болғандарды айтады. Сондай-ақ осы топқа білім жолында туған жерінен жырақта жүріп, мерт болғандар да жатады,– депті Мырзабай ахун.
- Төрелегіңізге құлдық, тақсыр. Білім жолында жүрген ұлыңыз Бұхара-Шәрип қаласында мезгілсіз қаза болды. Алла ақырын берсін,– деген Алданазар би көпшілік атынан Мырзабай ахунға көңіл айтып, орнынан тұрып құшақтасып көрісіпті.
Үлкен үміт күткен ұлының дүниеден жастай кетуі әке үшін орны толмас қайғы. Суық хабар төбесінен жай түскендей әсер еткен Мырзабай ахун ұзақ уақыт үнсіз отырып қалыпты. Екі көзінен еріксіз сорғалап аққан қайғы жасы ахунның бетін жуып кетсе керек. Сонда ағайынның атынан көңіл айтушыларды бастап келген Алданазар би:
- Уа, тақсыр, Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан бір сәтте айрылғанда Аллаға шүкіршілік етіп, сабыр ойлағанын өзіңіз жаңа ғана айтып едіңіз ғой. Сабыр етіңіз, – дегенде:
- Уа, елдің игі жақсылары! Кешірім өтінемін. Адамның тәні топырақтан жаралмап па еді? Сол топырақты топан су бұзып, еркімнен айрылып қалып отырғаным ғой, – деп жауап берген екен ахун.
Осы жалғыз ауыз жауаптың өзінен-ақ ел арасында биік беделге ие болған Мырзабай ахунның сабыр иесі ғана емес, ахун деген атына лайық сөзге шебер, адамгершілігі жоғары, биік парасат иесі екені көрініп тұр.
Бұрындары жергілікті баспасөз беттерінде Мырзабай ахун 1918 жылы дүние салған деп жазылып жүрді. Бірақ, бұл нақты дәленденбеген дерек. Себебі, ахунның бел баласының бірі Мапаш (Мағыпура) Мырзабайқызы көзі тірісінде: «Әкем мен дүниеге келген 1916 жылы қайтыс болыпты»,- дейді екен.
Сонда ахунның қайтыс болған жылы 1916 жыл болса керек.
Мырзабай ахунның мүрдесі өз мешітінің маңындағы ескі қорымға, өзінің жазғы медресесінің ішіне жерленген. Қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң балалары мен туған-туысқандары жиналып, ахун аруағына арнап үлкен ас береді.
Кейіннен, қасына тұңғыш баласы Әбдісадық пен қызы Мағыпураның мүрделері қойылған.
Қазіргі таңда ахунның өз кіндігінен тараған ұрпақтары Қызылорда қаласы, Жалағаш кенті мен Мырзабай ахун ауылында тұрып жатыр.
Еркебулан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау
мекемесінің қызметкері