АЙМАҚТАҒЫ МҰНАРАЛАРДЫ ЗЕРТТЕУ ІСІ ҚОЛҒА АЛЫНСА
Біз оқырмандарымызға жергілікті өлкетанушы Айдынбек Айтбайұлының «Мұнаралардың тарихы мен маңызы» мақаласынанан «Еламан мұнарасы», «Өтеген мұнарасы» және «Мұнаралы мұнарасы» атты мақаласын ұсынған болатынбыз. Енді аталған мұнаралардың зерттелуі тарихы мен этногенездік тегіне тоқталамыз.
Орта Азияның жазық далаларында сирек кездесетін «мұнаралы» деп аталатын ескерткіштер еліміз бойынша Сыр өңірінде ғана жиі кезедеседі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысының тарихи мәдени ескерткіштер тізімінде барлығы 20 мұнаралы ескерткіш есепке алынған.
Мақала барысында айтылғандай, зерттелген мұнара сәулет ескерткіштерінен біршама ойлар түйіндеуге болады. Олардың қазірге дейін сақталғанының дені – Жоңғар, Хиуа, Қоқан шапқыншылығы мен батырлықтың белгісін дәйектейтін заттай тарихи деректер. Бастапқы салыну мақсаты мен тарихы кейінгі уақыттарда ұмтыла бастап және тұрғындардың жады өзгеріп, жерлеу құрылыстарына айналғанын байқатады.
Ал мұнаралардың этногенездік тегі – ежелгі дәуірлердегі бейіт сағаналарынан басталып, дің (дөң, төбе) болып байырғы малшыларға жол көрсететін белгі ретінде қызмет еткен. Олар жергілікті құм, саз, тас шөптердің қойыртпағынан иленіп дің шағын мұнаралы сопақ түрінде тұрғызылған. Әдетте алыстан көрінетіндей қылып биік үстірт төбе басына орналастырылған. Оған қайтыс болған адам жерленбейді.
Қорыта келгенде мұнараларды салыстырмалы этнологиялық, фольклорлық және лингвистикалық және т.б. жан-жақты зерттеу қажет. Көбісінің бұрынғы деректері мардымсыз және болғанның өзінде ізденістердің мақсаттарына байланысты ескеріле бермейді. Содан болу керек ежелгі жәдігерлерді қалпына келтірушілер оларды жаңғырту барысында құлап қалған қорғаныстық құрылыстары мен бастапқы тұрқына кейде мән бермей кетеді.
Сыр өңіріндегі мәдени мұралар: жер, су атаулары мен аңыздар т.б. еліміздің тарихына дәйек болатын деректер, оның ішінде мұнаралар сияқты тарих, сәулет ескерткіштері жыл санап сиреп бара жатқандықтан арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу, олардың өлке және Қазақстан тарихында алатын орнын анықтау кейінге қалдырылмайтын мәселелердің бірі.
Айдынбек АЙТБАЙҰЛЫ,
Қармақшы ауданы