Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЗЕЙНУЛЛАМЕН СЫРЛАСУ

ЗЕЙНУЛЛАМЕН СЫРЛАСУ


Қазақтың көрнекті балалар жазушысы, КСРО және Қазақстан жазушылар одағңының мүшесі Зейнел-Ғаби Иманбаев Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі шал ақын (Сергеев) ауданына қарасты «Ортақкөл» ауылында 1924 жылы туып, 1987 жылы дүниеден өткен. Оның «құрыш қазақ» атанған Зейнулла Шүкіровке жазған хаты Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Музей – тарих, музей – тағылым. Мұны Елбасы сөзімен байыптасақ: «Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді».
Осы орайда музейдегі құнды жазбаларлың бірі – белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жерлесіміз З.Шүкіровке 1973 жылы жазған сырласу хатын ұсынамыз.
«Зейнолла! Аман-саумысың, ден-саулық қалай? Творчество ше? Семьяң аман-сау ма? Сенің талантыңа бас иіп, шексіз сүйетіндігімнен өзің мен хат жазысып, хабарласып тұруды борыш санаймын.
Мен сені анада көріп, кітабыңды алғаннан бері шын достық көңілмен әркез еске ала жүретін болдым. Бұрыннан творчествоңды қызыға оқитынмын. Сенің шексіз дарыныңа, мол мүмкіндігіңе қайран қалатынмын.
Біздің жақта кітапқұмар жұрт өзіңді соншалық жақын тартып, сүйсіне атап отырады. Жазушы бақыты деген сол. Өз оқушыларыңды қуанта білу деген талант.
Сонымен өз жағдайыма келсем еңбектеніп жатырмын. Он бірінші кітапшам жарық көрді. Бәрі де ұсақ, қауқарсыз дүниелер. Жартысы балаларға арналған. Жақында шағын екі повесть пен бірнеше әңгімелерді топтап (10 б/т) тапсырдым. Елу жасқа келу қарсаңында жарық көріп үлгерсе деп едім. Кім білсін, ол жақ асықпайды ғой.
Үлкен семьям бар. Балалардың алды врач, мұғалім, инженер, кейінгілері институтта, мектепте оқысып жатыр. Өзім туған ауылымда тұрам. Еңбек адамдарының арасындамын. Бірақ тындырып жатқаным шамалы. Біреу ғана болса да жақсы кітап жазсам деп арман етулімін.
Сенің «Тоғысқан тағдырларыңды» әлденеше оқып шықтым. Сондай кітап жаза алсам деп арман етем!
Ішім жанып барады, ішім жанып,
Ісім қалып қойыпты, ісім қалып.
Ақ қағаздың үстінде құр толғанып
Қыса түсем қаламды құшырланып, – деп, өзің айтқандай, қаламды қыса ұстап алабұртып отырған жайым бар.
Сонымен Зеке, бауырым, көп жазып жалықтырып жібергім келмейді. Аз жазсаң да, жағдайыңды хабарла, творчествоң қалай? Немен айналысып жүрсің, т.с.с. Сіздің «Ленин жолында» Тасекеев Досмағанбет деген досым бар еді. Хат жазбайды. Баспасөзде де көрінбейді. Ол екеуіміз тұңғыш жинақтарымызды бір алып едік. Жазушы болып туған жігіт еді. Жазбай кетті. Еш жерден кездестіре алмай жүрмін. Сәлем айтарсың, арнайы қолын ұстап. Хат жазуға адресі жоқ.
Денің сау, көңілің қош болсын, Зекем. Екі аяғыңа мініп аршындай басып кетуіңе көппен бірге мен де шексіз тілектеспін.
Семьяңа, достарыңа мыңдаған сәлеммен қаламдос досың Зейнел-Ғаби Иманбаев. 24/ІІ-1973».
Жазушылық еңбек пен оған берілген өнердің әр алуан талайы мен тағдыры бар. Жазушы Зейнел-Ғаби хатында өзіне лайықты, толық құлаш сермеп шығатын тақырыбын таппай жүргендігін, Зейнолланың талантына қызғана емес, қызыға қарап, «Тоғысқан тағдырлар» сынды еңбек жазғысы келетінін баян етеді. Зейнолланың алдында төмендедім деген ойдан аулақ, қайта мықтыны мойындау бар. Кең өмірде көлдей иен, тамаша тақырыптар арасында көп түртініп, өнімсіз жүріп қалғандығын айтып, налиды. Баспаға шыққалы тұрған кітабына көңілі толмайтыны айтылады.
Есімі онша шыға қоймаған, сол жылдары «Ленин жолы» (қазіргі облыстық «Сыр бойы» газетінде) қызмет еткен тілші Тасекеев Досмағанбетті жазушы ретінде бағалайтынын, қолын қыса отырып, сәлем айтуын сұрайды. Қазақ әдебиетінде сәтімен өз арнасын таба қоймаған майдангер жазушы, тағдыр тауқыметін көп көрген Сыр елінің тумасы Досмағанбет Тасекеев те З.Шүкіровпен хат жазысып тұрған.
Жазушының ең үлкен жұбанышы, оның шығармаларындағы кейіпкерлердің оқырманға соншалық етбауыр жақындай боп, таныса табысып кетуінде. З.Иманбаев Зейнолланың шығармаларын Алматының оқушы қауымының үлкен махаббатпен қабыл алғандығын баса айтып, шабытына шабыт қосты.
Осылайша, солтүстік қазақстандық жазушы Зейнел-Ғаби Сыр өңірінде жатқан Зейнолла інісінің шығармашылығына қажыр-қайрат берген. Туындылары халықтың ұдайы есінде жүретін жақынындай болса, қымбаты, қимасы боп кетсе, жазушыға одан үлкен мұрат, одан асқан мақтан жоқ.
Зейнел-Ғаби інісі Зейнолланың алшаң басып жүріп кетуіне тілекші жандардың бірі, айнымас досы. Хатта жігерлендіру, шын достық көңіл басым.

Зейнолла Шүкіров 1927 жылы 16 ақпанда Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген ауылында туған. Науқастығына қарамастан өз бетінше білімін көтеріп, жазушылықпен айналысты. «Құрыш қазақ» атанған қаламгер 1979 жылы 26 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүние салды.
ӘЙГЕРІМ БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі




11 қыркүйек 2018 ж. 869 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области