МУЗЕЙДЕГІ ДУЫЛҒА ТҮРЛЕРІ
Музей – тарих, музей – тағылым. Мұны Елбасы сөзімен байыптасақ: «Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді».
Ғасырлар бойы жиналған ұлт пен ел игілігі келешек ұрпаққа мұрты бұзылмай, жүйеленіп, айшықталған күйінде жетуге тиіс. Бүгінгі күніміз ертең-ақ тарихқа айналады. Ол тарихта жаңа заманды бастаған серпінді Қазақстанның мәдени талғамы мен парасаты биік көрінуі керек. Осылай деп сенеміз және осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициясындағы дулығаның тағы да бір түрі тұтастай темірден жасалған. Дулығаның төменгі жиегіне 3 см болатындай 10 дана темір жапсырмамен бекіткен. Екі шеке тұсынан бастап желкені бойлай жауып тұратын желкелік сымнан торлап өрілген. Торының ұзындығы – 17,5 см, ені - 40 см.
Екі құлақ тұсында темірден жасалған ені 10 см болатын құлақ қорғауға арналған құлақшасы бекітілген, құлақшаның бетіне 8 см болатындай сары металға сәндік үшін темірден соғылған жапсырмасы бар. Дулығаның ұзындығы – 27 см, диаметрі – 27 см, шашағы ұзындығы 30 см болатын жылқының қылынан жасалған.
Дулығаға шашақты темір арқылы шегемен бекіткен. Дулыға адамның мойны мен иығын тымақ тәрізді тұтас жауып, қылыштан, оқтан қорғайтын болған. Аталған дулыға 2015 жылы облыстық музейдің реставрациялық жұмысынан кейін ЖШС «Дара» фирмасы арқылы қолөнер шебері Естай Дәубаевтың жеке коллекциясынан музей экспозициясына алынып, музей қорына (түгендеу нөмірі КЗМ 7909 қабылдан Акт №57, түсім кітабы №26) тіркелген.
Облыстық музей қорындағы дулығаның келесі бір түрі - бетті қорғайтын “қару қағары”, төбесінде сары түсті айыру белгісі – “төбелдірігі” бар жауынгер дулығасы.
Ауқатты адамдар құрама дулығаларының төбесін алтын, күміс жалатылған ою-өрнекпен әшекейлеген. Қордағы аталмыш дулыға – Қызылорда қаласының қолөнер шебері Бекзат Жақыповтың қолынан шыққан туынды. Бұл дулыға тұтастай сары темірден өрнектеліп жасалған. Алдыңғы бөлігі ұзын темір - қару қағар және төбелдірігі дөңгелек темірмен қапталып бекітілген. Дулығаның төбе бөлігі және орта тұсындағы шығыңқы бөлігі қазақы нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген. Маңдай тұсын айналдыра жапырақ тәріздес ою-өрнек әсемдеген және безендірілуі оның иесінің әлеуметтік дәрежесі жоғары болғандығын көрсетеді. Жауынгердің желке тұсын қорғау үшін сым темірден өріліп бекітілген тоқыма желкелік дулығаға бекітілген. Жауынгерлік бас киім ретіндегі дулығаның қорғаныштық қызметімен қатар, дәстүрлі мәдениетте рәміздік (символдық) сипаты да бар.
Жалпы, дулығаларға құс қауырсынынан жыға, түсті матадан жалау және жібек жіптен немесе жылқы қылынан жасалған шашақ сияқты адамның әлеуметтік және әскери дәрежесін көрсететін түрлі айыру белгілері тағылып отырған (түгендеу нөмірі КЗМ 7905).
/жалғасы бар/
Г.ОРАЗАЛИЕАВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері