ЖОҢҒАР ДУЛЫҒАСЫ СЫР ӨҢІРІНЕ ҚАЙДАН КЕЛГЕН?
Облыстық тарихи-өлкетану музейі – аймағымыздағы ірі мәдени, ғылыми-зерттеу орталықтардың бірі. Қазіргі таңда аталған музей қорында өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін сан ғасырлық тарихынан терең сыр шертетін 55 мыңнан астам экспонат сақталуда.
Музей мен көркемсурет галереясына барып тұруды әдетке айналдырғанмын. Бұл жолы ұлымды ертіп бардым. Сан мыңдаған экспонат ішінен көпшіліктің назарын бірден көз аударатын ерекше жәдігерге көзім түсті. Иә, бұл – жоңғар батырының дулығасы еді.
Жоңғар шапқыншылығы қазақтың қилы тағдырындағы ең ауыр кезеңнің бірі. Жүз жылға созылған соғыс туралы қаламгерлеріміз талай-талай көркем шығарма жазды, киногерлер кино түсірді. Жауыққан дұшпан ақыры жеңіліп тынды.
Музей қорындағы жәдігерлердің ең көнесі – осы жоңғар дулығасы екен.
Мамандардың айтуы бойынша, құнды жәдігер музей қорына осыдан тура жарты ғасыр бұрын, яғни 1968 жылы өткізіліпті. Алайда, бұл экспонатты кімнің және қайдан алып келгендігі белгісіз. Зерттеушілер бұл жәдігердің ХVІІІ ғасырға жататындығын, сондай-ақ оның жоңғарларға тән дүние екенін айтып отыр.
Бір ғажабы, бірнеше ғасырлық тарихы бар жоңғар дулығасы Қазақстандағы басқа бірде-бір музейде жоқ. Сондықтан жоңғар хандығының батырларына тиесілі болған осы бір бас киім ғалымдардың да қызығушылығын туғызып отыр.
– Ерекше əдіспен жасалған дулыға қалың матадан тігілген бас киім – күлəпара тəрізді. Дулығаның жалпы пішіні төртке бөлініп, алдыңғы екі жағына айдаһар, артқы екі бөлігіне феникс құсының бейнесі бедерленген. Маңдайында өсімдік тəрізді диадемамен бедерленген тілшесі бар, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Әйгерім Беккулиева.
Күйкі тіршіліктің күйбеңімен мәдени һәм рухани орындарды аралауға уақыт таппай жатамыз. Әйтсе де, музейге санаулы сағатқа ғана бас сұққан адамның елінің өткен тағылымды тарихтан кенде емес екеніне көзі жетеді.
Р.АРЫСТАНБАЙ,
Қызылорда қаласы