Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ ҚОЛБАСШЫСЫ

ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ ҚОЛБАСШЫСЫ


«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де,
болашақтың дидарын көзге елестету
үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы 1576 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы аумағында дүниеге келген. Тегі – Кіші жүз-Алшын-Қаракесек-Әлім-Төртқара (Қарамашақ) аталығынан.
Жалаңтөс баһадүрдің тегінен сыр шертсек, арғы атасы Ораз қажы (1299-1385) атақты Әмір Темірдің (Ақсақ Темір) бас уәзірі, әрі ақылшы-сәуегейі болған.
Ораз қажы ақыл-ойымен, білім-білігтілімен, өнегелі іс-қимылымен, әділдігімен, адалдығы арқасында қалын жұртты тәнті етіп, би атанған. Ораз қажы мұсылмандық жолын берік ұстанып, Меккеге үш рет барып қайтып, қажы атанған қасиетті кісі екен.
1931 жылы Ленинградта басылған «Темірланның ғұмырбаяны» атты кітапта Ақсақ Темір ол кісіні «ұлағатты ұстаз» деп құрмет тұтқаны айтылады. Енді сол Ақсақ Темірдің өзіне қадірменді бола білген данадан Тоқпан батыр дүниеге келеді. Оның жас шамасы Темірмен қарайлас, әкесінің ақылымен, өмір бойы жортуылшы әмірмен үзеңгілес серік болған деседі.
Осы Тоқпан батырдан Сейітқұл батыр дүниеге келген. Сейітқұл батырдан данқты қолбасшы, батыр, би, әмір, аталық, һәм Орталық Азия өңіріндегі атақты сәулет өнеріне дем беруші Жалантөс баһадүр 1576 жылы дүниеге келді.
1581 жылдың жазында Сырдарияның төмен жағында көшіп-қонып жүрген сексенге жасы жеткен Шығай хан ел-жұртқа төнген ауыр нәубет жұтқа ұшырап қатты күйзеледі де жаңа өріс іздеп, күнгей беттегі Нұрата, Қызбибі таулары төңірегіне барып, қоныс тебеді.
Енді бір деректерде ол жасы ұлғайғасын биліктен бас тартып, дін жолын қалап, әулиелі Бұқара-шәріп аясына барып, өз иелігіне берілген Ходжент қаласында Құдайға құлшылық етумен күн өткізеді. Ал Шығай ханның жақын серіктерінің бірі сырбойылық төртқара Сейітқұл батыр Тоқпанұлы еді.
Шығай ханмен бірге 40 мың үйлі алшындарын ілестіріп, Сейітқұл да көшеді. Сейітқұл батырдың соңына ерген алшындарды Нұрата, Қызбибі, Самарқан, Бұқара, Жызақ, Ақтау, Қызылқұм және Тамды төңіректеріне қоңыстандырады.
Сейітқұл батыр әрі би, әрі хан, әрі әулие болған. Сейітқұл батырдың қол астындағы парсы, түрік, өзбек, тәжік, қарақалпақ, қырғыз жұрттары оны «Синесоф буа» (парсыша көңіл-көкірегі ояу, пәк-жан) деп қатты құрметтеген.
ХVІІ ғасырда Орта Азия аймағындағы саяси ахуал шиеленісе түседі. Әсіресе, Қазақ хандары мен Бұхара хандары арасында бірде соғыс, бірде одақтасу да болып тұрды. Бұл қақтығыстар Ташкент қаласы үшін болған. Шығай хан және оның баласы Тәукел ханның соғыс жорықтарына Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл би өз жасақтарымен белсенді түрде қатысқан. Осы кезде Қызылқұм (Тамды, Кенимех) аумағындағы қазақтардың ханы Дінмұхаммед сұлтан Хакназарұлы болған.
Сейітқұл батыр өзіне қарасты алшындармен Нұрата өңіріндегі өзбек, қарақалпақтардың басын біріктіріп, хан болады. 5000 тұрақты жасақ құрып, жеке ел билейді. Нұрата тауы Тамды өнірімен шектеседі. Сейітқұл батыр Жалаңтөсті Дінмұхаммед сұлтанның қызметіне береді. Дінмұхаммед сұлтан Бұхара ханының ықпалында болған. Жалаңтөс Нұратадағы мешітте оқиды. Алғыр да зерек Жалаңтөс жастайынан батырлар жырын, атақты хандар туралы жылнамаларды көп оқып, өзін батырлыққа, ел басқару ісіне шындап, түрлі әскери өнерді де игере бастайды.
Мұны сол дәуірде хандар сарайында қызметші болған, өте білікті, дарынды ғалым, әрі ақын Махмуд ибн Валидің «Бахр ул-асрор» («Сырлар теңізі») атты кітабынан білеміз.
Кезінде жеті том болған бұл еңбектің екі томы (бірінші және алтыншы) ғана табылып, олар Өзбекстан Ғылым академиясының Бируни атындағы Шығыстану институты кітапханасында сақтаулы тұр.
Міне, осы кітаптың 6-томында аштархандықтар дәуірінде даңққа, атаққа ие болған тұлғалар туралы мәліметтер берілген. Солардың бірі Жалаңтөс турасында мынадай жолдарды оқимыз:
«Жалаңтөс би аталық, батыл ноян, істің көзің білген әмір, алшын қабиласының ұлысынан шыққан асыл есімді хатой баһадүр. Дінмұхаммед хан заманында ол Сығанақтың Азақ атты жерінен келіп, оның қызметіне кіріседі. Қажыр-қарекетінің арқасында оның жақын адамдарының бірі болып алды. Надыр Мұхаммед хан дәуірінде мәртебесі биіктеп, оның аталығы етіп тағайындалды. Дараи сув, Мулган, Коһмарт уәлаяттары, Толқыншы, Сайқаншы, Зереңгі, Қилағи, Хазарайы Некудари қабилаларының елдері, Ғазына, Қандағар, Заминдар, Ғұр, Қорасандағы елдердің жерлері оған меншік ретінде сыйға берілген еді. Қандағар, Сеистан және басқа уәлаяттардың әкімдері оның алдында дір-дір қағып тұрар еді. Көрген-білгендер оның байлығы мемлекет қазынасына (хазанойи омира) тең екендігін, дәрежесі патшалардан қалыспайтынын айтқан».[Өткелбаев.Н. Жалаңтөс баһадүр жаңа деректер. //Егеменді Қазақстан.-2005.-2 қыркүйек.5 б].
Тарихи деректерде Мұхаммед Шайбанилер Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан нәсілінен Мауераннахрда ХVІ ғасырда билік жүргізген. Соңғы Шайбани Абдумумин 1599 жылы дүниеден озады. Енді хандық Шайбанилермен біртектес Жошы хан әулеті аштархандықтарға өтеді. Осы аштархандықтардың шахзадаларына Жалаңтөс батыр тәлімгерлік қызметін атқарады. ( Өзбекстан халықтары тарихы, 2 т, 33 б).
1590 жылы Сейітқұл батыр Жалаңтөсті Бұқар ханы Абдулланың жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектебіне оқұға жібереді. Бұл мектепте Шыңғыс ханның қолбасшылық өнерінен дәріс беретін Бақимұхаммедтің баласы Имамқұл Жалаңтөстің ерекше қабілетің байқап, оны өзімен бірге хан ордасында өтетін әр түрлі кеңестерге, шет елдерден келген елшілерді қабылдайтын салтанатты рәсімдерге қатыстырып отырады. Шынғысхан ұрпағы Имамқұл мен Жалаңтөстің достығы осы кезеңнен басталады. Бұқараның әскери мектебінде үш жыл оқып, түменбасылық лауазым алып қайтады. 1593 жылы Жалаңтөс баһадур Булаңғар, Лайыш, Қаттықорған жерлеріндегі әлімұлы тайпасының бір бөліміне би болып сайланады. 1611 жылы Жалаңтөс баһадүр бастаған топ Уәлимұхаммед ханды тақтан түсіріп, орнына Имамқұлды отырғызады. Осы кезеңде Бұқар хандығының нығаюына Жалаңтөс баһадүр көп еңбек сіңіреді. Имамқұл хан 1626 жылы Бұқар хандығынан Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөс баһадүрді әмір етіп тағайындайды және бас қолбасшылықты Жалаңтөс баһадүрдің өзіне қалдырады. [4,245 б].
Кейбір зерттеулерде, Имамқұл ханның Жалаңтөс батырды Самарқан қаласы мен уәлаятының әмірі етіп қою себебі, біріншіден, қазақ хандығымен достық қарым-қатынаста болу, екіншіден, саяси істерді шешу үшін, әсіресе сыртқы жаулардан қорғануда қалың әскері бар Жалаңтөс батырды пайдалану- деп көрсетеді. [ Көмеков. Б. Өтениязов.С. Жалаңтөс батыр. «Саясат».1997.№1. 100б.].
Имамқұл ханның інісі Надыр Мұхаммед хан (1642-1645 ж.ж.) дәуірінде Жалаңтөс баһадүрдің мәртебесі тағы да жоғарылап, аталық болады. (Б.Ахмедов, Тарихтан сабақтар, «Укитувчи», 228-б, 1994 ж).
Жалаңтөс баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білді. Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620-1636 жылдары «Ширдор» (Арыстан қақпа) медресесін салдырады. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медресесінің құрылысын бастайды.
Жалаңтөс баһадүрдің әскери қолбасшылық соғыс-жорықтары туралы деректер бізге толық жетпеген. Көпшілікке арналған әдебиеттерде, тарихи басылымдарда жеңіс-жорықтары туралы деректер бар.
Тарихи мәліметтер бойынша ойраттар ХV ғасырдан бастап батыс Алтай, батыс Қытай жерлерін иеленіп, соңынан Жетісу бағытына қарай шабуыл бастады. Жоңғар мемлекетінің қалын қолы 1643 жылдың қысында кезектен шабуылға шығады. Жоңғарлар 50 мың қолмен, қонтайшы Батурдың бастауымен қырғыздарды, қазақтарды қыруға, жерін, елін, мал-мүлкін жаулауға, талауға кірісті. Мұны естіген Жәңгір іле-шала асығыс 600-ақ жасақ топтады. Жорық кезінде таулы аймақтың сайлы-аңғарлы жерлерін тиімді пайдаланып, жаудың қолына тойтарыс берді. Осы шайқасқа Бұхара ханы Надыр Мұхаммед хан Жалаңтөс баһадүр басқарған 20 мың сарбаз жіберген. Жоңғарлар көптеген адам шығынына ұшырап, 10 мыңнан астам әскері қаза болып, кейін қайтуға мәжбүр болды. Бұл соғыста қазақтың Салқам Жәңгір атанған ханы мен ер жүрек батырлары айлакерлігімен, ақыл-парасатымен соғысуының арқасында жеңіске жетті.
Бұл оқиға жайында тарихшы И.Я.Златкин «Жоңғар хандығының құрылуы» атты кітабында былай дейді: «1643 жылдың қақтығысы мен оның салдары жайында орыс және моңғол жазбалары мол әрі кәдімгідей жан-жақты баяндайды. Ол жайында бірінші баяндаушы Батур қонтайшыға сапардан 1644 жылы ақпанда Тобылға оралған Г.Ильин болды. Г.Ильин жазбаша жасаған мәліметі мынаны хабарлайды: Батур қонтайшы Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөске қарсы аттанып, Алатау қырғыздарынан 10 мың тұтқын алып қайтады. Ол жөнінде хабар Жәңгірге жетеді. Жәңгір қонтайшыға қарсы қол жинайды, оның қолында 600 кісі болады. Жәңгір тастар арасынан оқпана қазып, оған 300 адамды орналастырады, 300 адамды өзі бастап тастың қалқасына тығылады. Қонтайшы өз әскерімен оқпанаға келеді, оқпанадағылар Қонтайшының көп адамын қырады. Ту сыртынан қотайшыға Жәңгірдің өзі тағы шабуылдайды. Сөйтіп осы екі ұрыста Жәңгір қонтайшының 10 мың қолын жойып жібереді. Сол соғыс кезінде Жәңгір сұлтанға көмекке Жалаңтөс келеді, онымен бірге 20 мың әскер болады. Қалың қолды көрген Қонтайшы кейін шегінеді. Қолға түсірген Жәңгірдің адамдарын Қонтайшы өзімен бірге әкетеді. Биыл көктемде қонтайшы Жіңгір мен Жалаңтөске тағы да аттанбақ»- деп жазады.[Златкин.И.Я. Жоңғар хандығының құрылуы.М.,1983.130 б].
Осы оқиға жөнінде «1643 жылы Шақпақ Кеңгір тауының арасында Батурдың елу мың қолын Жәңгір хан 600 жасақпен екі сай арасын ұтымды пайдаланып, оқ дәрі қару күшімен және Жалаңтөс батырдың жиырма мың қолының арқасында жеңген.» - деп жазады. [Левшин.А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» 1996.- с.160.].
1649 жылы Бұхара ханы Абдулазиз бен Иран патшалығы арасындағы Қорасан және Балқ үшін болған соғыста Жалаңтөс баһадүр қалын әскерлерге қолбасшылық жасап, жауды жеңіп шықты. Жорықта олардың 200 мың әскері болған. Бұл ретте де одақ түзіліп, қазақ ханы Жәңгір соғысқа 100 мың қолмен қатысып, Иран шахын талқандап, Қорасан, Балқ, Герат және басқа жерлерін қорғап қалған. Жоғарыдағы деректер «Тарихи Қыпшақи» атты Қожамқұли Балқидың еңбегінде айтылған.
Тарихшы П.П.Иванов өзінің «Орта Азия тарихының очерктері» деген кітабында: «Абдулазиз ханның аталығы Ялантуш би ХVІІ ғасырдаҰлы Моғолдарға (Индия) қарасты болған Кабул қаласының төңірегіне және Иранның Хорасан аймағына жойқын шабуылдар жасады. Көптеген тұтқындар алып қайтты. Оның өзінің иелігінде 3000-дай құл болды. Сол құлдардың күшімен Самарқандта медреселер тұрғызды,» - деп жазады.
Осы ұрыс туралы академик М.Е.Массон: «Жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпат көлемі мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Ол осы қаражат байлыққа жасақ ұстаумен бірге Самарқандта сәулетті сарайлар мен медреселер жасатқан, ..» ,-деп жазса, академик Т.А.Пугаченкова: «бұл медреселер сәулет өнерінің інжу-маржаны» - деп айтқан
Жалаңтөс өзіне берілген лауазымды пайдалана отырып, Самарқанд шаһарының әкімі ретінде екі үлкен тарихи әрі сәулетті кешен тұрғызады.
Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан (1620-36ж.ж.) «Ширдор» (Арыстан қақпа) медресесін салдырды. 1646ж. екі медресесінің ортасынан «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медресесінің құрылысын бастайды, бірақ бұл медресенің құрылысы Жалаңтөс баһадүр қайтыс болған соң, 1660 ж. оның шәкірті алшын Бекқұлдың жалғастыруымен аяқталды.
Жалаңтөс баһадүр салдырған кешенді құрылыстар Самарқандағы Регистан алаңын қалыптастырды да, кейін қаланың салтанатты орталығына айналды.
Баһадүр салдырған «Ширдор» (1619-1636), «Тиллә-Қари» (1644-1666) медреселері қазірге дейін сақталып, сәулет өнерінің үлкен туындысы ретінде Самарқанд қаласының рәмізі іспетті жайға айналған.
А.П. Хорошкин «Жаулап алған Персиядағы «Машадь» (Мешхедь) қаласының ақшасы мен асыл қазыналарының есебінен бұл медреселерді салдыртты» - деп жазады. [12, 63 б].
Жалаңтөстің батырлығы, ерлігі жекпе-жек ұрыста ерекше көрінеді. Ол 42 рет жекпе-жек ұрыста жеңіп шыққан. Әсіресе, батырдың шаһ Жаһан әскеріндегі 14 сарбазымен соғысындағы соғыс өнерін шебер білетін, қайсар да қажырлы бейнесі тамаша берілген.
Жалаңтөс баһадүр 1656 жылы дүниеден озып, өзінің өсиеті бойынша Самарқандтың солтүстік батысына орналасқан «Даһбед» мазарына қойылған. Себебі, ол жерде Жалаңтөс баһадүрдің пірлері – Махдуми Ағзам және оның немересі Қожа Хашими Даһбеди жерленген еді.
Жалаңтөс баһадүр ұлттық батыр деген атаққа толығынан сай , сондықтан жас ұрпаққа оның тұлғасын батырлықтың эталоны, өлшемі, үлгісі тұрғысынан жан-жақты оқытып, үйретуіміз керек. Халқымыздың ұғымындағы батырлық тағлымы ұлттық батыр деген атаққа Жалаңтөстей тұлғаларды ғана өлшем ететінің кейінгі ұрпақтың біліп өскені ләзім.

Ахметбек Бақытжан,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың қызметкері
12 қыркүйек 2018 ж. 2 497 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области