Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖЕТІ АТАСЫНАН ЖЫРАУ (МҰЗАРАП ЖҮСІПҰЛЫ)

ЖЕТІ АТАСЫНАН ЖЫРАУ (МҰЗАРАП ЖҮСІПҰЛЫ)


Дана халқымызда «Тегіне тартып ұл туар» деген аталы сөз бар. Бұл Сыр шайырларының абызы атанған Ешнияз сал Жөнелдікұлы, оның баласы Кете Жүсіппен жалғасқан ұлы жыраулық өнердің аса таяғын ұстаған Мұзарап ақынға қатысты айтылғандай.
Мұзарап – Кете Жүсіптің бел баласы. Ақын, композитор, әнші. Ауыз әдебиеті үлгілері мен халық музыкасын жинаушы. Қазіргі Қармақшы ауданы Тұрмағағамбет ауылында 1905 жылы дүниеге келді.
1915-1920 жылдары «Ақтайлақ кезең» деген жерде ашылған мектепте Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан оқып, білім алады. Еңбек жолын сол мектептен бастаған ақын 1926-1936 жылдары сол мектепте ұстаздық етеді.
Бала Мұзарап жас кезінен ән салу, өлең жазуға кұштар болып өсті. 1920-1970 жылдар аралығында өңірімізде ақындық, жыраулық, сазгерлік, күйшілік өнердің ұрпақтар сабақтастығын ұлықтап, өзінен кейінгілерге жыр керуенін аманаттап, өмірден өткен дарын иелерінің бірі – Мұзарап Жүсіпұлы.
Мұзарап сол кездері өздерінің шайырлық өнерімен елге танылған әкесі Кете Жүсіптің, ұстаздары Тұрмағамбет пен Омар Шораяқұлының және басқа да жыр дүлдүлдерінің жыр-термелерін жаттап, ел алдында жырлайды. Сондай-ақ, өзінің «Балымша», «Шынар-ай» өлеңдері халық ішіне кеңінен тарап, той-томалақтың сәніне айналды. Ауыл жастары арасында айтыс өнерін алғаш ұйымдастырған осы Мұзарап еді.
Оның түрлі тақырыптағы толғау мен арнауларын жұрт сүйіп тыңдайды. Мұнан басқа, ол Шығыс халқының аңыздары желісімен «Тайшы», «Үш насихат», «Үш жұмыртқа», «Бақытты бала» және «Самұрық» атты қисса-дастандар жазды. Бұған қоса, «Балымша», «Шынар-ай», «Жастармыз», «Тасқын», «Үш бөлім» сынды әндердің авторы.
Мұзарап ақынның алғашқы өлеңі 1933 жылы Қармақшы ауданында ашылғанына бір жыл болған «Екпінді» газетінде жарияланыпты. Кейіннен облыстық, республикалық басылымдарда бірнеше мәрте жарияланды.
Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық, зобалаң жылдар зұлматы қазақтың көптеген атпал азаматтары сияқты Мұзарап ақынның өміріне де кесірін тигізді.
Мешін жылғы ашаршылықта анасы мен қарындасы қайтыс болса, өзі бірнеше жыл күнкөрістің қамымен Өзбекстан жағында болып, жұмыс істеді. Осындай ауыр күндерді басынан өткерген ақын өзі жоқта өмірден өткен туысқандарын жоқтап өлең де жазады. Қаншама қиындықты басынан өткерген Мұзарап ақын Отан соғысына да қатысып, туған жеріне аман-есен оралды.
Майдангер-ақын ұрыс даласында өткен қанды шайқастар мен Кеңес әскері жаужүрек жауынгерлерінің ерлігі жайлы бірнеше жыр-дастан жазды. Елге оралған соң оның қаламынан «Тәйімбеттің ерлігі туралы жыр» атты баллада дүниеге келді.
Соғыстан оралысымен халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласады. Мұндай игілікті іске кірісіп кеткен Мұзарап Жүсіпұлы шаруашылықта есепші, колхозшы болып еңбек етеді.
Ақындық, жыраулық, әншілік қасиетті бойында шалқытқан талант иесі шаруашылықта еңбек ете жүріп, Алматы қаласындағы Әдебиет және өнер академиясының тілшісі ретінде Сыр бойы өңірі ақын-жырауларының шығармаларын ел арасынан жинақтап, академияның қолжазба қорына тапсырған.
Мұзарап Жүсіпұлы ақын ретінде өңірімізде айтыс өнерін жандандыруда да көп еңбек етті. Тіпті, өзі де көптеген айтыс ақындарымен сөз сайысына түседі. Ол әр жылдары М.Құлмырзаев, Ә.Тұрмағамбетов, Ә.Оңалбаев, Ш.Шегебаев, Н.Молыбаев, Б. Өтепов, Н. Айтураұлы және Ә.Әлиасқаровпен айтысып, сол жылдарда ел мүддесі үшін атқарылып жатқан игі істер мен қоғамда орын алған кемшіліктерді сынаған.
Республикалық Әдебиет және өнер академиясының ғылыми қызметкері, ел жанашыры Мардан Байділдаевтың арқасында Мұзарап ақынның айтуымен өлеңдер таспаға түсіріліп, 20 мың жолдан астам ауыз әдебиеті үлгісін жиналды. Бұған қоса, 1962 жылы Мұзараптың орындауында 34 ән дыбыс таспасына жазылып алынған.
Жоғарыда айтып өткендей, Мұзарап Жүсіпұлы ұстаз ретінде өзі туып-өскен ауыл маңындағы «Күйеу асардағы» мектепте шәкірт тәрбиелейді. Сол жылдары аталмыш мектепті ақын Әбзәли Егізбаев басқарған болса, өзі Рүстембек Жиенбаев, Тілеген Әбдікешов, Қасым Ерлібеков, Алтынбек Ешов сияқты білікті ұстаздармен қоян-қолтық еңбек етіп, есімі елге танымал болған геолог Далабай Ешпанов, Қасым Жүсіпов, Әбжан Айсауытов сынды азаматтарды білім нәрімен сусындатты.
Ақын, жырау, күйші, сазгер, ұстаз Мұзарап Жүсіпұлы халық ақыны деген атақты да иеленді. Оның түрлі тақырыпта жазған өлеңдері мен дастандары, сонымен қатар сықақ, әзілдері ел арасына кеңінен тараған. Ол «Тәнтен қыз», «Көркем» және «Мұңлы қыз» , «Қаз даусы», «Шаттық» секілді күйлер шығарған. Бұл шығармалары да ел-жұртқа кеңінен танылып, халық сүйіп тыңдайтын болды.
Ақынның шығармалары негізінен тәрбиелік мәні зор танымдық, махаббат, достық пен зорлық, ерлік пен патриотизмге бақытталған.
Мұзарап ақынның өнегелі өмір жолы жайлы Шәймерден Шегебаев, Әлімбаев Әлиасқаров, Әбілахат Жанәділов, Тоқболат Еңсегенов сынды ақындар-жазушылар өлең-жыр, мақала-очерктер жазды. Радиожурналистика саласының бүгінгі ардагері Ахат Жанаев ағамыз халық шығармашылығының үлгілерін дыбыс таспасына түсіріп алды.
Бар саналы ғұмырын жыршылық, әншілік, сазгерлік пен күйшілік өнерге арнап, қазақ халқының қастерлі жыр керуенін ұрпақтан ұрпаққа жеткізген Мұзарап Жүсіпұлы 2 ұл, 5 қыз өсірді.
«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деп қазақ данагөйлері айтқандай, ақын отбасында дүниеге келген ұл-қыздар ішінде Сабыт ата-баба жолын жалғастырып, ол да ақындық-жыраулық өнерді өміріне серік етті. Бірақ, шабыты шалқыған жасында өмірден озды.
Сыр шайырларының алтын көпірі атанған сөз зергері, ақтангер айтыскер Мұзарап Жүсіпұлы 1972 жылы өзі туып-өскен қазіргі Тұрмағамбет ауылында (Ленин атындағы совхоз) дүниеден озды.

Қармақшы ауданы
19 қыркүйек 2018 ж. 1 241 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области