Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АТАНҒАН ЖАС КЕЗІНЕН «БАЛА ЖЫРАУ»

АТАНҒАН ЖАС КЕЗІНЕН «БАЛА ЖЫРАУ»


Тұрымбет жырау Салқынбайұлы 1868 жылы қазіргі Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында туған. 1946 жылы сонда қайтыс болған. Биыл оның туғанына 150 жыл толып отыр.
Ол Сыр бойы, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан жерін көп аралап, жыр айтқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында халық ақындарының аудандық, облыстық айтыстарына қатысқан сөз зергері.
Ақын Қуаныш Баймағамбетовтың «Сымбатты сырдың сүлейлері» атты толғауында: «... Кетеде Шораяқтың омары өтті, Өлгенше өлең-жырды жорға етті. Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау, Тұрымбет бес бозғұлдан бұлар да өтті», – деген қадірлі сөзінен Тұрымбет бабамыздың Сыр сүлейлерінің ірі тұлғаларымен қатар есімі аталатыны ақын-жыраудың биіктігін көрсетеді.
Ақын әрі композитор Тұрымбет жырауды көзі көрген замандастары мен ізбасар інілерінің жазбаша-ауызша естелік-әңгімелеріне сүйенер болсақ, оның Сыр сүлейлерінің тұлғалары Балқы Базар мен Дүр Оңғармен дәм-тұздас болып, ақындық, жыраулық өнердің қыр-сырын бірге танығанын, оларды ұстаз тұтқанын бағамдаймыз. Мұны Жиенбай жыраудың Тұрымбет айтысынан білеміз.
Т.Салқынбайұлы бала жасынан ойын-сауықтың ортасында жүріп, домбыра тартып, ән айтып, ел ішінде «бала жырау» атанған. Терме, тақпақ, тойбастардан бастап ірі толғаулар мен дастандар жазған оның қолжазбаларының бірсыпырасы М.Әуезов атындағы әдебиет, өнер институты мен «Ғылым Ордасы» кітапханасының сирек қорында сақталған.
Тұрымбет шығармаларын жарыққа шығаруда зерттеуші Мардан Байділдаевтың еңбегі зор. 1965 жылдан бастап бірсыпыра әдеби жинақтарға өлеңдері еніп, өмір жолдары жазылды. Бұл істе әрі қарай зерттеген бүгінгі күні арамызда жүрген республикамызға танымал ақын, журналист, Тұрымбет жыраудың ұрпағы – Ибрагим Бекмаханұлы.
Тұрымбет жырау өз кезеңінде Ырғыз бен Сыр бойына белгілі атақты Алмат Сардардың ұлдары Самырат пен Төремұратқа айтқаны, билер Ағытай мен Төребай алдында жыр айтып қана қоймай, өкпелескен ағайындарды бірлікке, татулыққа шақырған бітімгер ақын.
Бірде Төребай Пішанұлының алдында үш жырау өлең айтады.
... Сөйле, тілім, шалықтап,
Қолға алып сөзден алмасты.
Кесе бір сөз болмасын,
Қадамына алғашқы.
Әруақты тербесем,
Оятармын жан-жақты,
Сөзім жерде қалмас-ты.
Туысқандар бірлессе,
Демейді ешкім алжасты.
Бауырлары Тұрымбет,
Біршілік тілеп өмірлік,
Қолдарыңа жармасты, – дегенді араздалушы екі жақ бір-бірімен қалай құшақтасып кеткенін де білмей қалыпты. Өлең-жыр құдіреті деген осындай болар.
Тұрекең Сыр сүлейлердің дәстүрін жалғастырып қана қоймай, өзінше мақам, әуезінде жырлаған. Осы тұста оның ақын-жырау ғана емес, сазгерлік, сыншылдық, айтыскер ақындық қыры танылады.
Ол сонымен қатар саятшы, атбегі, тазы ұстап, ат баптап, құс жүгірткен «сегіз қырлы, бір сырлы» болған деседі көнекөз қарттар.
Ол елу жылға жуық кеңестік кезеңді, жаңа заманды жырға қосқан ақын. Сол тұстағы асыра сілтеу, колхоз басшыларының әрекеттерін сынау, кеңестік кезеңді мадақтау сияқты өлеңдер жазған.
1930-1931 жылдарда Өзбекстанның Тамды ауылында (Тауелібай) тұрған. Оның елді сағынған өлеңдері, ақынды туған жеріне шақырған Ыспан қаридың өлеңдері бір-бірімен хат алмасу арқылы орындалған.
Ақынның өлеңдері Қыр мен Сырға ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қарақалпақ халқына белгілі болған. Ол жыр жазумен ғана емес, өзіне дейін өткен жыраулардың сөздерін, жыр-термелерін, өлеңдерін ауыз-әдебиет мұраларын жинаушы, таратушы да болған.
Ол Кете Жүсіп, Жиенбай жыраулармен айтысқа түссе, кеңестік кезеңде аудандық, облыстық айтыстарды бастап беруші де болған. Бұл тұрысында көрнекті ақын Әбдікәрім Оңалбаев бір жылдары ақындар айтысын өлеңмен қорытындылағанда:
..Тұрекең тоқсандағы отыр төрде,
Арынымен ағызған өлеңді өрге, – десе, замандас інісі Балқашбай Жүсіпов:
... Тұрымбет ән атасы Кіші жүзде,
Тоғытқан әннің кесте көп өрнегін, – деп жыраудың ерекше өнерін атап өткен.
Тұрымбеттен туған Бекмахан Шымкент қаласында оқып, білім алған. Көп жылдар бойы ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Оның еңбек жолдары Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы аудандарында сайрап жатыр.
Облыс еңбеккерлері оны нағыз агроном деп білген. Майдангер Бекмахан соғыс кезінде де, бейбіт еңбек тұсында да өлеңдер жазып, оны домбырамен айтып отырады екен. Мүмкін ақын-жыраулардың өнерін мақсат тұтса, белгілі ақын болар ма еді. Дегенмен оның баласы Ибрагимге атасы Тұрымбеттің өнері қонды.
... Атандым жас күнімнен бала жырау,
Жиында талай топты, талайсын жан.
Талайды таңырқатқан жырауыңның,
Қарт болып отырғаны енді міне, – деп бала кезінен өмірінің соңына дейін жырлап өткен ақын-жырау жүрегі 1946 жылы тоқтап, туған ауылында жамбасы жерге тиді.

Т.ДАЙРАБАЙ,
Қармақшы ауданының «Құрметті» азаматы
18 қыркүйек 2018 ж. 1 209 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области