СҰЛУ МАҚАМНЫҢ СҰҢҒЫЛАСЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы ұлттық құндылықтарымызды түгендеп жатырмыз. Осы рухани жаңғыру кезінде ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын сүйеген ақын-жырауларымызды, би-шешендеріміз бен батырларымызды кеңінен насихаттауға тиіспіз. Сонда ғана тарихи санамыз жаңғырады.
Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы елдің осы кең байтақ жерді қалай иеленгенін, азаттық аламын дегенше қаншама қиындық көргенін, мұндай ұланғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қалай күрескенін, жыршы-жырауларымыздың ерлік дастандарын жырлап, ұлттымыздың рухын көтергенін бүгінгі ұрпақ білуі керек.
Жыраулық поэзияның белді өкілінің бірі – Балқы базар. Ол Бұқар жыраудан кейінгі ақын деген бағасын алған сөз зергері. Даңқты шайыр «Сыр елі – жыр елі» атанған өлкеде, Сырдың күрең топырағында туған тума талант. Сыр сүлейлері арасында шоқтығы биік шайыр Балқы Базар десек, жыраулар қатар шапқанда өлең-жырды дестелей тастаған Кете Жүсіп, ойлы да кемел сөздің зергері дүр Оңғар, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған шайыр, даңғайыр ақын Тұрмағамбет болып жалғасып кете береді. Сырдағы жыр жампоздарын осылайша тізбектей беруге болады. Сұлу мақамның сұңғыласы атанған Сәрсенбай Бөртебайұлының есімі де қазақ даласын әз әуенге бөлеген осы жыр дүлдүлдерінің қатарында аталады.
Тағдырлы ақынның бірі Сәрсенбай Бөртебайұлы туралы әңгімелемекпіз. Ел арасында байлығы мен дәулеті бірдей тасыған Бөртебай бай мен ақын Шонақ анамыздан тараған үш ұлдың ішінде жыраулық өнер Дүйсенбай мен Сәрсенбайға қонған екен деген әңгіме бар. Ал, отбасының үлкені Ермахан жаратылысынан өте әңгімешіл, елге сыйлы болған.
Негізі, Бөртебайдың балаларына ақындық, жыраулық өнер анасы Шонақтан дарыған деседі. Шонақ бәйбіше үнемі астына сары атан мініп жүреді екен. Бірде ол көрші ауылға Тұрымбет ақын келді дегенді естиді.Бұрыннан ақынмен кездесуді армандап жүрген ол жақын маңда орналасқан ауылға аялдағанда бір үйден жыр жырлаған Тұрымбеттің дауысын естіп, сол үйдің есігіне жақындап келеді де:
Қай майдан, мына майдан, құба майдан,
Құба үйрек, алма мойын ұшар қайдан?
Алыстан іздегенім тап болды ма,
Дауысы Тұрымбеттің шықты қайдан? – деп әндете айқай салады.
Ел алдында еш қамсыз жыр жырлап отырған Тұрымбет мына сөзді ести сала домбырасын жанына қойып, «тағы не айтасың?» дегендей құлақ түреді. Сонда есік алдында тұрған Шонақ анамыз іштегі домбыраның дауысы шықпай қалған соң, қайта дауыстап:
Тұрымбет шіренесің неге мұнша,
Әдейі іздеп сені келіп тұрса.
Әйелмін, жолым нәзік құрмет сенен,
Атымды шөгерсеңші тым құрыса, – дейді.
Шонақ анамыздан осындай шымшыма сөзді естимін деп ойламаған Тұрымбет жырау дереу орнынан тұрып, оны аттан сүйеп түсіріп, құрмет көрсеткен екен.
Жоғарыда айтып кеткендей, Шонақ ана балаларын ақындыққа, жыраулыққа баулып, олардың өсе келе ел-жұртының қамын ойлаған ақындар арасынан табылуына тәрбиеледі.
«Алшынның Қаракесек Шөмені едім,
Сырбойлық Түркістаннан төмен едім.
Баласы Бөртебайдың мен Сәрсенбай,
Ел білсе есепке енер едім», – деп ана тәрбиесімен бала жасынан ақындық өнерді ұстанған Дүйсен мен Сәрсенбай тума таланттығығының арқасында халық жүрегінен орын алып, «Қос жырау» атанады.
Ағалы-інілі қос жырау жасында Өзбекстан, Қарақалпақстан, тіпті Қырғызстан асып, сол елде жыр жырлап, серілік еткен. Бірақ, И.Сталин басқарған коммунистік партия идеологиясы үстемдік етіп тұрған зұлмат жылдарда Бөртебайдың екі баласы Ермахан мен Дүйсенге, жалпы Бөртебай әулетіне күн көрсетпей, ақыры екеуі де сол қуғын-сүргіннің құрбаны болса, Сәрсенбай бас сауғалап қашады.
Ендігі жерде жыраудың өмірі қашумен өтеді. Мына жағы Қарақалпақ, мына жағы Атырау асып жүріп, «халық жауы» деген атақтан арылу мақсатында елді ұмытады. Бірақ, елім-жұртым деп соққан жүрегінің арқасында жүректен шыққан жауһар жырларымен халықтың зор ықыласына бөленеді.
Оның «Жүсіп-Ахмет», «Мақпал қыз», «Мұңсыз хан» атты дастандары, «Не көрсең еліңмен көр». «Алтын алма, алғыс ал», «Орнығар еді көңілім» , «Өзімшілдің мұңы көп», «Таныстыру» атты жыр-термелері мен қызықты қиссалары тыңдарман көңілінен шыққан шығармалар.
Сәрсенбай сал-серілік құрған жырау, сонымен қатар күйшілік өнерді де жете меңгерген. Ол халық күйшісі Құрақтың Досжанының, сонымен қатар «Нар идірген», «Бұқтым-бұқтым», «Желдірме» және басқа да халық күйлерін нақышына келтіре орындап, ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленген.
Сыр шайырларының да ән-жырын насихаттап жүріп, өзінің терме-жырлары да тыңдарманынан жоғары баға алады. Жыраудың тағы бір қасиетіне тоқталсақ, Сәрсенбай Бөртебайұлы ел жүрегінде тек жыраулық, ақындық өнермен ғана сақталған емес, діни сауатты тұлға болған.
Ислам дінін халыққа өлең-жырмен насихаттаушы, тіпті құралайды көзге атқан мерген де болған, Сонымен қатар ұсталық-зергерлікпен де айналысқан. Жырау өз қолымен жасаған домбырасымен өлең-жыр айтып, елге қызмет еткен.
Сондай-ақ, Дүр Оңғар, Жиенбай, Тұрымбет, Молдахмет сынды жыр дүлдүлдерінің мақамдарын дамытушы ретінде халыққа танылған жырау. Сәрсенбай жыраудың көзін көрген көнекөз қариялардың айтуынша, ол терме-жырларды 25 мақаммен жырлаған екен.
Сәрсенбай Бөртебайұлы халық өзіндік орындау шеберлігімен, жыр қорларының көптігімен танылған ақын. Оның «Арыстан мен адам», «Өмір өткелдері» және басқа да термелерінде халықты бірлікке, адамгершілікке, татулыққа шақырса, өз кезегінде Сыр бойының көптеген шайырлары да Сәрсенбай жыраудың шығармаларын насихаттап, оның өнегелі өмір жолын жырлары арқылы жеткізген.
Ақын Қуаныш Баймағамбетов «Сымбатты сұлу Сырдың сүлейлері» атты толғауында:
–Асықпай жыр мәнерін салған тезге,
Әрі ақын, жаңылмайтын айтар сөзге.
Баптайтын домбырасын өзі жасап,
Сәрсенбай Шөмекейде жырау өзге, – деп ақынның бар бітім-болмысын осы бір төрт шумаққа кіргізсе, шежіреші Үбісұлтан Аяпов, Сыр шайырларының өмірі мен мұраларын жинақтаушы Әлқуат Қайнарбаев, ғалым-зерттеуші Мардан Байділдаев ақын мұрасын ұрпаққа жеткізуде көп еңбек сіңірді.
Сәрсенбай жырау замандастары арасында көптеген ақын-жыраулармен де достық қатынаста болған. Оның ішінде, Алаштың біртуар азаматы, елім, жерім деп өмірін құрбан еткен Мұстафа Шоқаймен де дос болған.
Сөйтіп, туған елден қашып, жырақта өмір кешкен Сәрсенбай жырау Тереңөзекте Жамал анамызбен отау құрады. Одан Бегалы, Алшынбек, Үнамза, Жарқынбек, Рабат және Бердібек атты ұл-қыз өсіп-өнеді.
–Тұңғиық теңіз үстінде,
Тәуекел мінген кемеде.
Бөртебайдың баласы
Өзімнің атым Сәрсенбай
Шөмекей едім төменгі, – деп өзінің соңғы жырында жырлағандай, сөз маржанын тізбектей төгіп отырып, бір ырғақты екінші бір ырғақпен сұлуландырып, қайырмасын он бес мақамнан қайырған, өнерді құлай сүйген дархан талант иесі, көркем сөздің хас шебері Сәрсенбай жырау 1970 жылы 70 жасқа толған шағында дүниеден озды.
Бүгінгі таңда Сәрсенбай жыраудың өнерін ұрпақтары – Алшынбек, Жарқынбек, Бердібек, немерелері Майра және Жауһарға жалғастыруда.