Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШИЕЛІ ТАРИХЫ ЖӨЛЕКТЕН БАСТАЛАДЫ

ШИЕЛІ ТАРИХЫ ЖӨЛЕКТЕН БАСТАЛАДЫ


Киелі мекен - Шиелім екен.
Жер бетінде бір мекен бар киелі,
Деп айтады: ән менен жыр, күй елі.
Сұлу сырдың бойындағы иран бақ,
Атың қандай сүйкімді еді, Шиелі!
Тарих көші талай шұбап өткен жер, 
Талай ұрпақ өсіп-өніп төккен тер, 
Талай дұшпан жеңбек болып өктеген, 
Қайыспаған қарашаңыз неткен ер!
(Оразбек Сәрсенбай, жазушы)

Тарих – халықтың ғасырлар қойнауында жатқан ғұмырнамасы, мәдениеті, өнері, салт-дәстүрі. Тарихта тіл жоқ. Оны қалай сөйлетсең, солай ойысып кете беретіні белгілі. Жүздеген жылдар бойы батыстың тарихына табынып, өз тарихымызды саралай алмадық. 
Орта ғасырларда қйта өрлеу дәуірінің Шығыста болғанын, әлемді таң қалдырған ғұламалардың Шығыстан шыққанын, білім мен ғылымның қайнар көзі Орта Азияда жатқанын білгеніміз жөн.
Тарих – ата-бабамыздың бізге қалдырған мәдени мұрасы. Оны білу – ұрпаққа парыз. Сыр елі жыр елі аталса, соның шырайлы бір өңірі – Шиелі жері де өзіндік тарихы бар, салт пен дәстүрге толы. 
Бұл өңірден де небір шайырлар мен шешендер, би мен болыстар, ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен ғұламалар, басқа да неше түрлі дарындар шыққан. Шиелі жерінің арғы тарихы – жалпы Сыр бойы тарихымен өзектес, бөле-жара қарауға болмайтын біртұтас тарих. 
Археологтар мен тарихшылардың пікіріне қарағанда Сыр бойы тарихы, оның ішінде Сыр өзенінің орта ағысында орналасқан Шиелі жері – қай жағынан болса да, жұрт назарын аударуға тұратын, тарихы арыда жатқан өлке.
Шиелі ауданының тарихы Жөлек бекетінен бастау алады. Табиғаты бай Сырдария өзенімен де, жермен де оңды-солды қатынас орнатуға қолайлы мекен болғандықтан бұл жерге Жөлек қорғаны соғылып, ең үлкен Хан базары осында болған. 
Мұнда қазақтың дана ханы Абылай әскері мен Кенесары қолы ат басын тіреген. Орыс пен Орта Азия, Қазақстан арасында үнемі қақтығыс болса, соның көп дүбірі осы Жөлектің үстінде өткен. Ал қазіргі аудан орталығы Шиелі кентінің негізі 1900-1906 жылдары «Орынбор-Ташкент» темір жолы салынған кезде қаланды.  Сол жылдары Шиелі, Бәйгеқұм, Тартоғай, Сұлутөбе станциялары салынып, тіршілік бар жерге халық жиналып, қоныстана бастайды.
Бұрын ата-атаға бөлініп, шағын ауыл болып отырған елдер топтаса бастайды. Елді бірлікке, бірігіп тірлік етуге, ынтымаққа шақыруда Қарасары Байсын деген кісінің үлкендігі мен көрегендігі көп пайда келтіреді. 1917 жылы желтоқсан айында Шиеліде кеңес өкіметі орнады. Шиелі большевиктерінің алғашқы отырысы өтіп, Шиелі Советі сайланды.  1991 жылы бұрынғы КСРО елдері сияқты Қазақстанға да ұлы өзгеріс келді. Ел егемендік алды, өз байлығы өзіне, өз билігі өзіне тиді.
Әрине, тосыннан келген жаңа қоғам – нарықтық бағыт біраз қиындықтар келтірді. Бар ауырлық халықтың мойынына түсті. Алайда, бұл қиындық бірте-бірте орынына келе бастады, ел есін тез жинап, жаңа бағытқа құлшына кірісе кетті. Шиелі ауданы да осы кезеңдердің қиыншылығын түгел бастан өткерді. 
1991 жылы басталған жаңа нарық қиындығын аудан 4-5 жылдың ішінде артқа салып, тек ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласында ғана емес, әлеуметтік, мәдени салада да ілгерілеу болды. Аудан орталығында күмбезі көкке бой созған мешіт үйі, орталық алаңда орнатылған Мұстафа Шоқай мүсіні, түрлі шаралар өткізілетін алаң, су атқылаған фонтандар мен алаңның екі жағындағы бас қақпа көше сәнін келтіріп тұр. Бұл әрине ұзақ жол, ауыр жол болғаны даусыз. Бірақ Шиелі халқының патриоттығы барлық уақытта да биік болды. Осының барлығы адамның қолымен жасалды, Уақыт керуені еш уақытта тоқтаған емес. 
Ғасырлар жүгін арқалаған әрбір ұрпақ та өзара сабақтасып, бар жақсыны келер ұрпаққа мұраға қалдырумен келеді. Өмірдің өлмейтіндігі де сонда, адамзат ақылының кеңідігі, адамзат тарихының тұңғиық тереңдігі де осында.  Оның даналығы, құдіреті – өмірді жақсарту, жалғастыру, кейінгіге мұра етіп қалдыру, жетілдіріп, зерделеп қалдыру – бүгінгі ұрпақтың міндеті. 


Аяжан СЕЙДАЗИМОВА,
№46 мектеп-лицейінің оқушысы
Шиелі ауданы

28 қыркүйек 2018 ж. 1 571 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области