РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕ – ШИЕЛІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының алтын арқауы ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу болып отыр. Әрі бұл тарихи бастама өткенді ұлықтауға шақырып, ұлт рухын өсіре түседі.
Шиелі өңірі - ежелгі Сырдария өзенінің орта ағысынан орын тепкен киелі мекен, талай тарихи оқиғаның куәсі болған байырғы өлке. Шығысында алты алашқа белгілі Сығанақ, Бестам шаһары, теріскейінде Оңтүстік өңірге етене сұғына жатқан қарт Қаратау жатыр. Одан әрі Арқадан бастау алып Шиелі жеріне келіп тірелетін Сарысу өзені, «Таңбалы тас» тұр. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған атақты «Телікөл» де осы өңірде. Батысы облыс орталығының шекарасына иек артқан, түстігінде байырғы сары жел өлке - Қызылқұм.
Шиелі ауданында Қаратау тау сілемдеріндегі «Сауысқандық» шатқалындағы жақпар тастарға қашалып салынған суреттер, яғни, петроглифтер біздің эрамызға дейінгі екі мыңыншы жылдарға жатады. "Сауысқандық" шатқалы 500 гектар аумақты алып жатыр. Шатқалдағы тастарға 12 мыңдай суреттер салынған. Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден басталады. Ғасырлардан ғасырға жеткен мәдени мұрамыз – асыл қазынамыз.
Аттары аңызға айналған жеті әулие – Оқшы ата, Асан ата, Есабыз әулие, Ғайып әулие, Бала би, Досбол би, Қыш ата осы өңірдің киелі топырағында дүние есігін ашып, өмір сүріп, еліне адал қызмет етіп, осында мәңгіге байыз тауып жатыр. Халқына Жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыздың бейіті де осы өлкеде.
Осы қазыналарымызды қадірлеп, тарихымызды тани түсуде рухани жаңғыру бастамасының мәні зор болмақ.